Thursday, November 21

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА 24 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛЕДІ

0
28

Созақ ауданында өткен жылы «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен ұзындығы 30,5 шақырымды құрайтын 19 көшеге, жергілікті бюджеттен ұзындығы 3,6 шақырымды құрайтын 4 көшеге, яғни жалпы 23 көшенің 34,1 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Нәтижесінде аудан бойынша 403 шақырымды құрайтын елдімекеннің ішкі көшелерінің 239 шақырымы (59%) асфальт болса, 2023 жылдың қорытындысымен 266 шақырымға (66%) жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 2022 жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 152 шақырымына асфальт жабындысын төсеу жұмыстары басталған болатын.

Тарқата айтсақ, «КХ-2 Уланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының Шолаққорғаннан Ыбырайға дейін 83 шақырым, «КХ-57 Созақ-Қарағұр-Бақырлы» автомобиль жолының Созақтан Қарағұрға дейінгі 30 шақырым, «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі автомобиль жолының 39 шақырымы асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетсек, ауданда 917 шақырым автомобиль жолы бар. Оның ішінде 435 шақырымы облыстық маңызы бар жол болса, 79 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар, ал 403 шақырымы елдімекендердің ішкі жолдары. Бүгінде бұл бағытта аудандағы елдімекендердің ішкі 24 көшесіне асфальт жабындысы төселмек. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша 15,6 шақырымды құрайтын 13 көшеге, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін қаржы қаралып, мердігерді анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Leave a reply