Пятница, 13 июня

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚ АУДАНЫНДА СПОРТ КЕШЕНДЕРІНІҢ ҚАТАРЫ АРТУДА

0
16

Аудан орталығында салынып жатқан 200 орындық заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүруде. Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков нысанның құрылыс барысын бақылауына алып, сапасына назар аударды. Аралау кезінде мердігер мекеме өкілдері мен тиісті сала мамандары да болды. Аудан басшысы нысан басында бірқатар нақты тапсырмалар беріп, жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қадағалауды жүктеді. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарын жеделдетуді және белгіленген мерзімде аяқтауды міндеттеді. Жалпы аумағы 3 гектарды құрайтын бұл кешен ішкі және сыртқы құрылыс жұмыстарымен қатар, инженерлік инфрақұрылыммен қамтылуда. Нысан болашақта түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Еске сала кетейік, екі қабатты кешеннің ішінде:волейбол және баскетбол алаңдары, күрес пен бокс залдары, жүзу бассейні, футбол алаңы орналаспақ. Кешен оқу-жаттығу базасымен толық жабдықталып, аудан жастарының дене шынықтырумен айналысуына және спорттық әлеуетін арттыруға кең мүмкіндік береді.

«Қазіргі таңда Созақ ауданына қарасты 33 елді мекеннің 29-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Оның 21-і 24 сағат бойы тоқтаусыз ауыз суға қосылса, 5 елді мекенге кесте бойынша беріледі. Сондай-ақ, табиғи газға қосылу бойынша да біршама тындырымды істер қолға алынған. 2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылған жағдайда Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекенінің тұрғындары табиғи газбен қамтылады. Ал «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 2022 жылы ұлттық қордан Созақ ауылындағы спорт алаңы құрылысы жобасына қаржы бөлініп, 2023 жылы пайдалануға берілген. Сондай-ақ, аудан орталығы Шолаққорғаннан Түркістан қаласына қарай бағыттағы жол бойында республикалық бюджет есебінен заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталып, 2024 жылдың соңына дейін ел игілігіне беріледі.

Спорттық нысандар саны: Созақ ауданында 198 спорттық нысан жұмыс істейді. Оның ішінде: 2 стадион, 1 ипподром, 34 кіші футбол алаңшасы, 33 балалар ойын алаңшасы, 9 стрит воркаут алаңы, 8 спорттық мәндегі спорт зал, 2 жүзу бассейні, 41 спорт кешені, 103 спорт манежі (102 футбол манежі, 1 ат манежі), 1 шаңғы базасы, 135 атқыштар тирі, 22 жүзу бассейні (50 метрлік – екеу, 25 метрлік – 20, 25 метрден аз – 7), 998 спорт зал. Жазықтықты құрылғылар 3256 (6 спорттық ядролар, 2350 спорттық алаң, 900 алаң). Жақында пайдалануға берілген нысандар: Қаратау ауылында: Жабық кіші футбол алаңының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Созақ ауылында: 1000 орындық жаңа стадионның құрылысы аяқталып, ел игілігіне ұсынылды. Шолаққорған ауылында: С.Әбуов және А.Спатаев көшелерінде балалар ойын алаңшалары мен кіші футбол алаңы пайдалануға берілді. Шу ауылында: Баскетбол, волейбол алаңшасы мен «Street workout», балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Саржаз елді мекенінде:Кіші футбол алаңшасы пайдалануға берілді.

Сонымен қатар Тасты ауылында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған тағы бір игі іс жүзеге асты. Ауыл азаматы, белгілі кәсіпкер Махат Төрәлінің демеушілігімен салынған «BELES» спорт кешені ел игілігіне берілді. Жаңа спорт нысанында бокс залы, күрес залы және шынығу залдары қарастырылған. Бұл ауыл жастарының спортқа ден қойып, салауатты өмір салтын ұстануына үлкен мүмкіндік туғызбақ.

Спорт кешенінің салтанатты ашылуына аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысының бастамасымен ауданда спорт саласы бойынша атқарылып жатқан жобалар жайлы айтып, кешеннің жастар үшін маңыздылығына тоқталды. Жиын барысында ауыл ақсақалдары «BELES» спорт кешені – биік белестерге бастар нысан болсын,-деп ақ баталарын беріп, ризашылықтарын білдірді.

Жалпы аумағы 3500, ғимараттың өзі 416 шаршы метрді құрайтын кешен – ауылдағы дене шынықтыру мен спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды бастама. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай Жартытөбе ауылында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Атап айтқанда, баскетбол алаңы, балалар ойын алаңшасы және «Street workout» спорттық жаттығу алаңы ел игілігіне ұсынылды.

Аталған нысандар өткен жылы облыс көлемінде өткізілген «Үлгілі ауыл» байқауы нәтижесінде Жартытөбе ауылының жүлделі орынға ие болуына байланысты облыстық бюджет есебінен салынды. Бұл бастама ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ауыл тұрғындарын мерекемен және жаңа нысандардың іске қосылуымен құттықтады. Сондай-ақ ауданда спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен айтып өтті. Шара барысында ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Әшімхан Тәпі сөз сөйлеп, ел игілігі жолындағы бастамаларға ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірсе, ауыл қариясы Балтабай Аймұрзаев ақ батасын беріп, сәттілік тіледі. Жаңа нысандар балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына зор мүмкіндік берері сөзсіз.

 

Leave a reply