ТҮРКІСТАН: СОЗАҚ АУЫЛЫНДА ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Бүгінде ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға тұрақты қолдау көрсетіліп, кісіпкерлік нысандардың саны күн сайын арта түсуде. Аудан көлемінде жыл басынан бері 75 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, жалпы саны 4 593-ке жетті. 6853 адам шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылған.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жергілікті кәсіпкелермен жиі кездесіп, пікір алмасып тұрады. Осы мақсатта, бүгін Созақ ауылына барып, онда өз жұмысын жаңадан бастаған «ИП Әлібеков» жиһаз шығаратын цехтың жұмыс барысымен танысты.
Айта кететіні, бұл жобаны жеке кәсіпкер Әлібеков Жәдігер аудан басшысымен бірге Қытай Халық Республикасына жасаған сапарында қолға алып, жаңа технологияларды игеруде тәжірибе жинақтаған. Бүгінде Қытай Халық Республикасынан жұмысқа қажетті станоктардың бірнеше түрін алдырып, өз кәсібін бастады. Жергілікті 5 азамат жұмыспен қамтылып, алдағы уақытта сұранысқа сай жұмысшылар санын артыру көзделуде.
Сонымен қатар, аудан басшысы “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша несие алып, кәсібін жандандырып отырған «Елжан» тігін цехында болды. Созақ ауылының тұрғыны Джамила Айдарбекқызы жеке кәсіпкерлігі атынан «Ауыл аманаты» бағдарламасының 6-шы бағыты негізінде үй іргесінен жүн, мақта өнімдерін қайта өңдеп, қолданысқа дайындау және тігін саласын жандандыруға 5 200 000 теңге 2,5% несиеге қол жеткізген. Кәсіпкер қол жеткізген несиеге заманауй үлгідегі тігін құралдарын алып, нәсібін ұлғайтуда. Тігін цехында 2 адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі уақытта сұраныстың артқанын айтып, жұмысшылар санын 10-ға дейін жеткізетінін алға тартты.
Кәсіпкерлермен ашық әңгімелескен аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы кәсіпке кедергі келтіретін факторларды талқылады. Талқылау барысында көтерілген мәселелер бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.