Четверг, 12 июня

ТҮРКІСТАН: СПОРТ САЛАСЫНДА АУҚЫМДЫ ШАРАЛАР АТҚАРЫЛУДА

0
18

Өңірде жоспарға сәйкес 2025-2027 жылдар аралығында 30 мәдениет нысанының құрылысы жүргізіледі деп күтілуде. Мәдениет нысандарына мониторинг жүргізіліп, тиісті ұсыныстар енгізілген. Облыстағы кәсіби 3 театрда биылғы жылы 15 жаңа қойылым қойылмақ. Облыс аумағында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын байқаулар мен фестивальдердің өту форматтары жаңаша бағытта жоспарлануда. Республикалық «Түркістан дауысы» байқауы, халықаралық «Voice of Turan» фестивалі, «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауы, термешілердің «Түркістан мақамдары» республикалық байқауы, «Turkistar» балалар шығармашылық фестивалі және өзге де маңызды мәдени-рухани іс-шаралар өтеді. Өңірде спорт және мәдениет саласында ауқымды шаралар атқарылуда. Облыс тұрғындарының назарына жоспарлы мәлімет ұсынамыз.

Түркістан облысының спортшылары өткен айда өте жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтсақ, Шри-Ланканың Коломбо қаласында жастар арасында өткен Азия чемпионатында 8 алтын медаль еншіледі. Ал ескек есуден Қытайда өткен Азия чемпионатында 3 алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Астана қаласында пара дзюдодан ұйымдастырылған әлем чемпионатында 2 спортшы алтыннан алқа тағынды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстанның Әнұранын шарықтатқан осы спортшыларды қабылдап, құрмет көрсетті.

– Сіздер халықаралық деңгейде ел намысын лайықты қорғап, Қазақстанның көк байрағын биікте желбіретіп, Түркістанның абыройын көтердіңіздер. Осы жетістіктеріңіз – Президент тапсырмасының нақты орындалып жатқанынның айқын дәлелі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында «Спорт – ұлт денсаулығы мен жас ұрпақтың болашағына салынған инвестиция. Біз жас таланттарды қолдауға және спорт инфрақұрылымын дамытуға баса мән беруіміз керек» деп атап өткен болатын. Облыста осы бағытта тиісті жұмыстар жүруде. Жыл сайын жаңа спорт нысандары салынып жатыр. 2024 жылы 73 спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. 2025 жылы тағы 51 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Біз, облыс басшылығы, спортшыларға және олардың бапкерлеріне барынша қолдау көрсетіп келеміз және бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Алдағы жарыстарда да жеңісті жолдарыңыз жалғаса берсін. Түркістаннан әлі талай чемпиондар шығады деп сенеміз! – деген Нұралхан Көшеров спортшыларды арнайы марапаттап, қаржылай сыйақы тапсырды.

Кездесуде даңқты бокс бапкері Мырзағали Айтжанов, бокстан Азия чемпионы Шұғыла Нәлібай мен ескек есуден Азия чемпионы Артём Терещенко сөз сөйлеп, спорт саласына қолдау көрсеткен облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді. Алдағы байрақты бәсекелерде жеңісті жолды жалғастыруға күш салатындарын жеткізді.

Айта кетейік, Түркістан облысында спорт саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Өңірде спорт нысандарының саны артуда. Қазір Түркістанда халықаралық талапқа сай атшабар мен ескек есу каналының құрылысы жүріп жатыр.

Осы тұста Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде мәдениет және спорт салаларын дамыту жолдары, өзекті мәселелері талқыланды. Өңір басшысы аталған басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты жүйелеуді және жандандыруды тапсырды.

– Мәдениет және спорт – елдің еңсесін көтеріп, сана-сезімін өзгертіп, қоғамға әсер ететін салалар. Мәдениет мекемелерінің жұмысын жандандырып, қазақтың өнерін, мәдениетін, салт-дәстүрін жас өскіннің бойына сіңіру керек. Облыс аумағындағы мәдениет және спорт нысандарының бірінші кезекте қажеттілігін анықтау бойынша бекітілген критерийге сәйкес 3 жылдық кешенді жоспарды қайта бекітуді тапсырамын. Облыстағы білім, мәдениет, денсаулық сақтау және тағы басқа әлеуметтік нысандарға типтік жобалау-сметалық құжаттамасы қажет. Аймақта өтетін концерттік бағдарламаларды облыстың имиджін көтеретін креативті идеялармен толықтырып, алдағы Наурыз мерекесін Түркістан қаласында және аудан, қалаларда жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет. Өңірдегі спорт мекемелерінің ғимараттарының мәселесін шешу үшін нақты ұсыныс енгізіп, жұмысты жүйелеңіздер, – деген Нұралхан Көшеров аталған сала басшыларына сын-ескертпе айтып, нақты міндеттер жүктеді.

Облыс әкімінің тапсырмасымен аймақта спорт нысандарының қажеттілігіне мониторинг жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 108 спорт кешенін салу және 48 ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екені анықталды. Бүгінгі таңда облыс аумағында 3540 спорт нысаны тіркелген. Оның 2577-сі білім беру мекемелерінде болса, әкімдік теңгерімінде 543 нысан бар. 270 нысан жеке меншікте, ал 150 нысан спорт мекемелерінің меншігінде. Басқармаға бағынысты және қала, аудан әкімдіктеріне қарасты 100 спорттық ұйым қызмет атқаруда. Жөндеуді қажет ететін спорт нысандарына да жыл сайын кезең-кезеңімен қаржы бөлінуде. Дәлірек айтқанда, биыл 14 ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Спорт нысандарына қажеттілікті азайту мақсатында 2025 жылы 51 спорт нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

 

Leave a reply