ТҮРКІСТАН – ТАЗА ҚАЛА
Түркістан қаласында қала әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, Сауран тұрғындар алқабының сектор мамандарының бастамасымен, 1 және 15 наурыз аралығында өтетін «Менің таңдауым – таза қала!» атты эко-акциясы басталып кетті. Әрбір ауланың тазалығы үшін «Бұл менің қоқысым емес, бірақ бұл – МЕНІҢ ҚАЛАМ» деген ұстаныммен рухани астана тұрғындары тазалығымен өзге өңірлерге үлгі болу мақсатында сектор мамандары халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, 1 және 2 мөлтек аудандарына тазалық акциясына қатысты.
«Біздер Сауран тұрғындар алқабының мамандары мен қоғамдық жұмыспен айналысатын белсенділері жиналып, 1 және 2 мөлтек аудандары мен ТГЖД аумақтарында сенбілік ұйымдастырдық. Демалыс күнімізді қоқыстарды жинауға арнадық. Сол жерде мамандар бөлініп үйлердің айналасындағы қоқыстарды жинады. Айта кетерлік, 1 мөлтек ауданындағы №30 үйдің артындағы қоқыстар адам көргісіз, халық сол жерге қоқыстарды тастай берген. Ендігі кезекте, Түркістан халқына айтарым, жиналған қоқыстарыңызды алып барып, арнайы қоқыс жәшіктеріне тастасаңыздар екен. Себебі, тазалық адам денсаулығының кепілі.1 және 15 наурыз аралығында бір кісідей жиналып, үйлеріңізбен аулаларыңызды тазалап жақсылық жасайық», – деді Сауран тұрғындар секторының атаулы әлеуметтік көмек көрсету маманы Диляра Батырова.
Сауран тұрғындар алқабының сектор мамандары Түркістан халқына, әсіресе №30 үйдің тұрғындарына «Менің таңдауым – таза қала!» атты эко-акциясына қатысып, қаланы таза ұстауға, айналаны тазалауға шақырды. Әрқашан бұлай қоқыстарыңызды жинап бере бермейтіндігін, алдағы уақытта қоқысты арнайы жәшікке тастамағандарға айыппұл салынатындығын жеткізді.