ТҮРКІСТАН: ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ ӘДІСІ АРҚЫЛЫ МАҚТА ӨНДІРІСІ ЖАНДАНҒАН

0
29

Түркістан облысында тамшылатып суару әдісімен егілген мақта алқабы жайқалып тұр. Алдағы уақытта 133 гектар алқаптан 10 мың тонна мақта алу жоспарланып отыр.

Агроөнеркәсіптік кешенінің алдына қойған міндеттерді орындау – ағын суды тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Су тапшылығы бүкіл әлемде өсіп келе жатқан алаңдаушылық тудырады. Жаһандық жылыну процесі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы, су ресурстарының дұрыс бөлінбеуі, ысырапшылдық сияқты факторлар алдағы уақытта мәселені еселеп арттыруы мүмкін. Осыған орайда, ауыл шаруашылығында су үнемдеу әдістері мен технологияларына кешенді көшу шаралары қабылдануда.

Түркістан облысында да ауылшаруашылығы саласы бойынша бірқатар жұмыстар атқаралып жатыр. Мәселен, биыл Түркістан облысы өнім көлемі бойынша республикада алғашқылардың қатарында. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Тұжырымдамаға сәйкес елімізде ылғал үнемдеу технологияларын 1,4 млн. гектарға ендіру қарастырылған. Оның ішінде Түркістан облысы үлесі 16 % немесе 216,3 мың гектарды құрайтын болады. Қазіргі таңда, Түркістан облысында ылғал үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға орналастырылған.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына жұмыс сапары барысында Ескі Иқан ауылдық округіндегі “ДАТҚА” жеке кәсіпкерлігінің тамшылатып суару әдісі арқылы егілген мақта алқабында болды. Жобаның жетекшілерімен кездесіп, пікір алмасты. Жоба бастамашысы Қанат Көшербаевтың айтуынша, мақта кештеу егілгеніне қарамастан, өнімділігі өте жоғары. Бұл нәтижеге тамшылатып суару тәсілі арқылы қол жеткізіліп отыр. Қытайлық инвестормен бірлесе атқарылып жатқан жобаның құны – 100,0 млн теңге. 133 гектар алқапқа жаңа тәсілмен мақта егілген. Жобаның қуаттылығы жылына 10 мың тонна болады деп күтіліп отыр.

Аталған мақта алқабының жұмысын жүргізу үшін құрал-жабдық сатып алуға Қытаймен келісімшарт жасалған. Ауыл шаруашылығы техникалары, дән сепкіш құралы, тамшылатып суару технологиясының кешені жеткізілген. 5 тік дренажды ұңғыма қазылып, электр бағаналары орнатылған. Алдағы уақытта осы тәсілмен мақта егу көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.

Leave a reply