ТҮРКІСТАН: «ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ» ӨНІМДІЛІКТІ АРТТЫРУДЫҢ – БАСТЫ ДРАЙВЕРІ

Түркістан облысы тұрғындарының назарына өңірде атқарылып жатқан жаңа жобалар жайында мәлімет ұсынамыз. Түркістан облысы ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуде, оның ішінде тамшылатып суару әдісі ерекше атап қтуге болады. Бұл әдіс су тапшылығы жағдайында өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді және өңірдің аграрлық секторын дамытуда маңызды рөл атқарады. 2025 жылы Түркістан облысында тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерімен қамтылған алқап көлемі 82 мың гектарға жетеді деп жоспарлануда. Бұл көрсеткішті арттыру үшін мемлекет шаруаларға қажетті жабдықтарды сатып алуға кеткен шығынның 80%-ін субсидиялайды. Мысалы, Шардара ауданында «ИІРЖАРАГРО» ЖШС шаруа қожалығы 370 гектар аумақта күнбағыс өсіруде, бұл жерде тамшылатып суару әдісі қолданылады. Кәсіпорын өнімін Қытай, Түркия, Әзербайжан елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр.
Жетісайда мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тәуекелділігі жоғары ағын су тапшылығының алдын алып, өнімділікті арттыру мақсатында тамшылатып суғару әдісін енгізу жұмыстары қызу жүргізілуде. Отандық агроөнеркәсіптік кешенінің алдына қойған міндеттерінің бірі саналатын ағын суды үнемдеу технологиясы бүгінде 5041 гектарға енгізілген ауданда жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 8000 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл облыс көлеміндегі жоғарғы көрсеткіштердің бірі.
«Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында елімізде ылғал үнемдеу технологиясын 1,4 млн гектарға ендіру қарастырылса, оның ішінде Түркістан облысының үлесі 16% немесе 216,3 мың гектарды құрайтын болады. Бұл жаһандық жылыну процесі мен жауын-шашын мөлшерінің азаюы, су ресурстарының дұрыс бөлінбеуі мен ысырапшылдық сияқты келеңсіздіктердің алдын алуда оң ықпал етері сөзсіз.
Айта кетейік, егістікке қажетті ағын су тапшылығын жоюға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде Жетісай ауданында өткен жылы 23 гектар жерде жылыжай шаруашылықтары орналастырылған болса, биылғы жылы тағы 5 гектар жерге жылыжай салынуда. Ал, өнім көлемін арттыру мақсатында 1158 гектар жерден жылына 2-3 өнім алынуда. Түркістан облысында мақта сапасын арттыру мақсатында биыл жаңа тәсілмен 2,5 мың гектар алқапқа мақта егілді. Шетелдік тәжірибе негізінде қолға алынған жаңа су үнемдеу технологиясы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Шаруалардың айтуынша, алғашқы нәтижесі таңқаларлық жетістік беріп отыр. Жаңа су үнемдеу технологиялары суды, электр қуатын, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары.
Қазақстандық мақта талшығы сапасының төмендігінен әлемдік нарықта сұраныс болмауда. Жаңа технологияны ендіру есебінен өнімділікпен қатар, мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаяды. Жалпы өңірде мақта шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше мақта – тоқыма кластері құрылады. Жобаны толық іске асыру нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік толығымен жойылады. Жаңа технологиялық әдіс арқылы дәлдікпен егілген шит тұқымы тез өсіп, жетіледі. Тамшылатып суарудың нәтижесінде қоза көсегі түгелдей ашылып, өнім көрсеткіші кемінде 2 есе артады. Тиімді тұқым себу тәсілін бастаған шаруалар, өзгелерге үлгі көрсетті. Жаңа инновациялық тәсілдің тиімділігіне көзі жеткен диқандар осы әдіске өтпекші. Бұл агросалаға серпін беріп, өнім көлемін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында жыл сайын облыста 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Облыста егістікті әртараптандыруда өнімділікті жаңа технологиялар есебінен ұлғайтуға басымдылық берілуде. Сонымен қатар көрші ауданда шетелдік инвестор мақтаны терең өңдеу көпсалалы кешені кәсіпорындарын құрып, дайын өнімді экспортқа шығаруды жоспарлауда. Жоғары сапалы шикізатты өсіруден бастап, жұқа матадан жасалған киімдер мен жоғары сапалы үй тоқыма бұйымдарын өңдеу мен өндіруге дейін өндірістің толық циклін құруды қамтамасыз етеді. Кәсіпорын облыста алғаш рет тамшылатып суару жүйелерін орнатып, 1 мың гектардан астам аумаққа мақтаның элиталық сорттарының тұқымын екті. Егістікте жергілікті тұрғындар жұмыс істеп жатыр. Кезең-кезеңмен пластикалық құбырлар, тамшылатып суару жүйелері, мақта өңдеу бойынша екі зауыт, иіру, тоқу фабрикалары және кластердің басқа да жоспарланған объектілерін өндіретін зауыттарды пайдалануға бере отырып, кәсіпорын 4 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, ал қазақстандықтарды – жоғары сапалы маталармен және тоқыма өнімдерімен қамтамасыз етеді. Түркістан облысында мақта-тоқыма кластері аясында жалпы құны 197 млрд теңге болатын 5 жобаны іске асыру көзделіп отыр. 7 мың жұмыс орны ашылады. Жоба шеңберінде мақта өңдеудің толық циклін қамтитын, құны 147 млрд теңге болатын 10 ірі зауыттың құрылысы басталды (4 мақта өңдеу зауыты, 4 тоқыма фабрикасы, 2 тамшылатып суғару өндірісі).
Бүгінгі таңда тамшылатын суғарудың ПВХ құбырын шығаратын 1 зауыттың құрылысы бітіп, жұмыс істеп жатыр. Биыл 3 зауытты (Отырарда 2 мақта өңдеу зауыты, 1 тамшылатып суғару ленталар өндірісі) және 2 тоқыма фабрикасын (Түркістан қаласындағы жіп иіру және тоқыма емес материалдар өндірісі) іске қосу жоспарланған. Жобаларды толық іске асыру нәтижесінде суды 3-4 есе үнемдеп, мақта өнімділігін 2 есе арттыруға және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға мүмкіндік туады.
Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын өндіретін бірнеше кәсіпорын жұмыс істейді. Мысалы, Кентау қаласында орналасқан «BNK Group LTD» ЖШС жаңбырлатып суару машиналарын шығарады. Жоба құны 1,2 млрд теңге, жылына 400 дана техника шығаруға қауқарлы. Бұл кәсіпорынның іске қосылуы ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологияларды енгізуге ықпал етеді. Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын 216 мың гектарға дейін ұлғайту міндеті қойылған. Осы мақсатта облыс әкімдігі мен ауыл шаруашылығы басқармасы шаруалармен бірлесіп, жаңа технологияларды енгізу жұмыстарын жалғастыруда. Тамшылатып суару әдісінің енгізілуі Түркістан облысының ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалануға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл шаралар өңірдің аграрлық секторын дамытуда маңызды қадам болып табылады.