ТҮРКІСТАН: ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕРДІ САҚТАУ БАҒЫТЫНДА ТҮРЛІ ШАРАЛАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУДА

Жалпы Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау және қорғау үшін әрбір объектіге тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамаға сәйкес олардың қорғау аймақтары белгіленеді. Бұдан бөлек, қаланың бас жоспарына енгізілетін тарихи-сәулет тірек жоспарлары мен тарихи-мәдени мұра объектілерінің тиісті жергілікті жердің карта-схемалары жасалады. Аталған тақырып аясында өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы тұрғындар назарына ақпарат ұсынамыз.
Осы тұста Түркістанда «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» атты ІІ Халықаралық симпозиум өтіп жатыр. Жиын аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде қос бірдей тағылымды іс-шара өтті. Соның бірі – «Тіл – ізгіліктің бастауы» көрмесінің ашылуы. Түркі әлемінің ортақ мұрасы – Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің 950 жылдығына арналған көрменің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, еліміздің және шетелдің ғалымдары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Түркі тілінің байлығын, тарихи сабақтастығын және мәдени мұрасын тереңінен сипаттаған көрмеде аталған оқу ордасының ректор Жанар Темірбекова бұл шараның рухани-тарихи маңызға ие ие екенін жеткізді. Сондай-ақ бауырлас елдің өкілдеріне алғысын жеткізді. Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Илкер Пак, Түрік мәдениеті мен мұрасы қорының басшысы Ақтоты Райымқұлова да пікір білдірді. Қатысушылар бұл жиынның жастарымыз бен болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге, оларды тарихпен таныстыруға, түркі тілдес мемлекеттердің мәдениеті қаншалықты бай болғанын көрсететін қазына екендігін айтты.
Көрермен назарына көрмеден соң «Мың заман – бір Түркістан» спектаклі ұсынылды. «Өнер, медиа және дизайн» факультеті мен «OzgeEpic» креатив хабының бірлескен музыкалық драма қойылымының қоюшы режиссері – Шырын Мұстафина. Көрермен қойылымнан қазақ халқының тау тұлғасына айналған, ұлт жанашырлары мен білім адамдарының жарқын бейнесін тамашалады. Сонымен қатар Қорқыт ата, Томирис патшайым, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абайдан бастап, Алаш зиялыларының қазақ халқы үшін жүріп өткен тарихи жолы көрсетілді. Қиын күндерге қарамастан, татулығын сақтаған түркі халықтарының мызғымас бірлігі, қайсар мінезі сомдалды.
Жиын соңында спектакль жоғары бағаланып, қонақтар алған әсерлерімен бөлісті. Түркі халықтарының даналары, ойшылдары мен қоғам қайраткерлері арқылы рухани және тарихи мұраны арқау еткен музыкалық қойылым соңында көрермен тік тұрып, қошемет көрсетті.
Осыған дейін Түркістан облысында бой көтеретін әрбір құрылыс нысаны мен ғимараттардың сәулеттік жобасын тұрақты түрде арнайы кеңес отырысында талқылау дәстүрге айналған. Түркістан қаласында 500 орындық мектеп пен 250 орындық балабақша салуға ниетті. Жобасы, сыртқы сәулеті де әзірленген. Өңір басшысы егер нысанды уақтылы салуға кепілдік берілсе, қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ал жерді алып, жұмысты созбалаңға салатындарға тиісті шара көрілетінін, жер қайтарылатынын ескертті.
Сәулеттік кеңесте медициналық орталық, көлік орталығы, галерея, емхана, көрме орталығы жобалары да талқылауға ұсынылды. Сонымен бірге Түркістандағы атшабарды халықаралық талапқа сай ету мәселесі де сөз болды. Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай аудандарындағы ғимараттардың сыртқы сәулеті де сараланып, тиісті тапсырмалар берілді.
Түркістан қаласында 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жалпы аумағы 9, 58 гектарды қамтитын нысан, «Отырар» мөлтек ауданында орналасқан. Аталған нысанда 800 пәтер бар. Әр тұрғын үйде 40 пәтерден орналасады деп жоспарлануда. Тұрғын үйдің құрылысы келер жылы аяқталып, ел игілігіне берілмек. Сонымен қатар облыс орталығында мәдениет саласына қатысты жаңалықтар легі жетерлік. Оған дәлел қалада аумағы 1,13 гектарды құрайтын 500 орынға шақталған мәдениет үйінің құрылысы басталды. Айта кетейік, нысанда өнерпаздарға арнап, ашық алаңнан сахна, саябақ, автотұрақ және балалар ойын алаңшасын салу да назарға алынған. Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталып, қолданысқа беру жоспарлануда.
Киелі өңірде ел игіліне үшін түрлі нысандар қатары бой көтеруде. Соның бірі қолөнершілер орталығы болмақ. Аталған орталықтың ішінде арнайы көрме залы, шоурум бөлмелері салынады. Нысан алдағы уақытта саялы бақ, базар, ресторан, қонақ үй, автотұрағы бар алып орталыққа айналады деп күтілуде. Айта кетейік орталық 20 қолөнершіге шақталған.