ТҮРКІСТАН ТАТУЛЫҒЫ ЖАРАСҚАН ЭТНОСТАРДЫҢ МЕКЕНІ

0
103

Қазіргі таңда 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында 50-ден аса этнос өкілдері бір-бірімен жарасып, бейбітшілік пен ынтымақта өмір кешіп, түрлі салада еңбек етіп, кәсіптерін жүргізіп жатқандары белгілі. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің мәліметінше, облыстық ассамблея құрамында облыстық, аудандық деңгейдегі 34 этномәдени бірлестік пен Ассамблея жанындағы құрылымдардың – «Қоғамдық келісім кеңесі», «Аналар кеңесі», «Ғылыми-сарапшылық топ», «Медиация» кабинеті және «Журналистер мен блогерлер клубы» ел бірлігін нығайту, бірлесіп жұмыс жасау жолында атқарып жатқан шаруалары орасан.

Арамызда татулығы мен ауызбіршілігі жарасқан бірнеше жандарды үлгі етіп жариялауды жөн көрдік. Бұл ретте отыздан астам ұлт өкілдерін біріктірген оқу ордасы – Халықаралық қазақ-түрік университеті жайлы айтпай кетпеуге болмас. Түрлі ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақ астына жиған киелі оқу орны қаламыздың, облысымыздың, республикамыздың зор мақтанышы. Мұнда қазіргі таңда түркі тілдес 29 елден, атап айтсақ Түркиядан, Монғолиядан, Өзбекстаннан, Болгариядан, Ауғанстаннан, Түркменстаннан, Қырғызстаннан, Әзербайжаннан, Тәжікстаннан, Сахадан (Якутия), Татарстаннан, Тывадан т.б. көптеген мемлекеттерден 1300-ге жуық шетелдік жастар білім алуда және шетелдік оқытушы-профессорлар қызмет атқаруда. Осыншама елдердің басын қосқан университетте мыңдаған студент білім алды, бірнеше тіл үйренді, бір-бірінің мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен танысты, шаңырақ құрды. Мұнан бөлек, сонау іргетасы қаланған жылдардан бері қаншама жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтамасыз етілді.

Әсіресе, баршаның бірге жиналып, шат-шадыман көңіл-күйлері Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде байқалады. Университет қалашығында әр ұлт өзінің ұлттық киімдерін киіп, ұлттық тағамдарын жасап, өнерлерін паш еткенде – мейрамның нағыз қызған тұсына, халықаралық жәрмеңкесіне тап боласың. Бұл көңілге шуақ сыйлайтын мәңгі есте қалар күндер деп айтуға болады.

«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» деп Абай атамыз жырлағандай, тілі басқа болса да, бір-бірін жүрегімен түсініп, отау құрған жастар да жетерлік. Олардың бірі Вахдет пен Елена. Түрік және орыс ұлтының азаматтары. Вахдет осы университетте білім алып, қызмет етіп жатса, Елена медицина маманы. Бүгінде екеуі екі баланың ата-анасы. Олардың үш тілде өткен бақытты тойына, әр тараптың өзінің көрсеткен салт-дәстүріне қаншама ұлт өкілдері тәнті. Орыс қызы Еленаның да, күйеу бала Вахдеттің де достарының көпшілігі қазақ ұлтынан, екеуі де қазақша жақсы сөйлейді.

Университетіміздің келесі қызметкері, философия ғылымдарының кандидаты Алена Юлдашқызы үлкен оқу орнының ғылыми ісін жүйелі жолға қойып, докторанттар мен магистранттар даярлауда, ғылыми зерттеулер, тың жобалар жүргізіп, ғылым көкжиегінің кеңеюіне сүбелі үлес қосып жүрген тұлға. Тірлігіне ұқыпты, ісіне жауапты, тек қазақ тілінде сөйлейтін Алена апайды жанындағы әріптестері оның ерекше коммуникациялық қарым-қатынасын үлгі тұтады, ұжымның ұйымшылдығы топ басшысының адамгершілік мінезі мен басқарушылық қабілетіне байланысты деп түсінеді.

Отбасында ардақты ана, аяулы жар Алена жолдасы Валихан екеуі 3 бала тәрбиелеп отыр. Қаламызда 40 жылдан астам медицина саласында еңбек еткен әжелерімен бірге балаларды өнерге, еңбексүйгіштікке баулиды, олардың түрлі үйірмелерге, музыкалық мектептерге баруын қадағалайды. Шаттығы мол шаңырақтың қазақ тілі мен қазақтың ақын-жазушыларына деген ерекше құрметін балаларының қазақтың ақын-жазушыларының өлеңдерін жатқа айтуларынан білуге болады.

Қаламызда тұратын сондай үлгілі отбасылардың бірі – Давронбековтерді айтуға болады. 2007 жылы Түркістан қаласына қоныс аударған өзбек отбасы жаңа жерді жатсынбай, өз кәсіптерін дөңгелетсе, балалары мектепте озат оқушы атанды. Олардың қызы Нафосат 2016 жылы мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгерген жастарды анықтау мақсатында ұйымдастырылған «Тіл парасат» атты байқауда бас жүлде иегері атанып, Нұр-Сұлтандағы жоғары оқу орнына түседі, онда қазақ тілін меңгерудің көпшілік алдында сөйлеу дағдысы бойынша С2 деңгейіне көтеріледі. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ тілі пәні бойынша студенттер арасында өткен республикалық пәндік олимпиадада 2 орынды иеленіп, ары қарай тілге деген сүйіспеншілігінің арқасында Назарбаев университетінде өткен «Жас ғалым» атты студенттердің ғылыми көрмесінде «Қазақ тілі білімі» бағыты бойынша 1 орынды қанжығасына байлайды. Қаршадай қыздың қазақ тіліне деген құрметі қалайша сүйсіндірмейді?!

Айта берсек, арамызда тірлігіне тәнті ететін тамаша жандар жетерлік. Солардың бірі Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясының білікті ұстазы Байметова Гавхар. Ол бес тілде, атап айтар болсақ қазақ, өзбек, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін полиглот ұстаз. Аталмыш мектепте 15 жылдан бері ағылшын тілінен сабақ беруде. Бүгінде қоғамда объективті әрекет пен шығармашыл тұлғаға сұраныс мол, сол себепті қазіргі таңда білім беру мекемелері мен ұстаздарға үлкен талап қойып жатқанын білеміз. Ағылшын тілін оқытудың негізгі мақсаты – күнделікті өмірде оқушылардың ағылшын тілінде қарым-қатынас орната алу негіздерін қалыптастыру екенін айқын түсінетін мұғалімнің ағылшын тілін үйретуінің де өзіндік тәсілі бар. Халықаралық Кембридж университетінің ТКТ Module 1, ТКТ: CLIL емтихандарының Band 3 иегері Гавхар Айдаралиқызының оқушыларды жан-жақты дамуы, заманауи және сапалы білім алуы үшін ағылшын тілін үйрету тәсілі көпке үлгі.

Міне, арамыздағы еңбекқор, тіл жанашыры, елінің патриоты саналатын бірнеше жандарды атап өттік. Олардың арамызда аз емес екені қуантады. Туған жеріне, тіліне, айналасына деген жанашырлықтың арқасында еңбектің еш кетпейтіні аян. Баршаңызды мерекемен құттықтаймыз! Елімізде тыныштық, бейбітшілік болсын!

Leave a reply