Түркістан туризмді дамытуға ат салысуда

0
120

Бұған дейін Шошқакөл атанып келген су жүйесі енді басқаша атауға ие болды. Ресми түрде Жетікөл көлдер жүйесі атанды. Себебі, облыс мәртебесін алған Түркістанда туризмді дамытуға арналған бір бағдар болғандықтан оның атауын қорсылдаққа телу мұсылман елі үшін қисынсыз. Енді осы Жетікөл көлдер жүйесінің болашағына тоқталалық.

Кезінде атақты Асанбай Асқаров ҚК ОК-нің 1-ші хатшысы Дінмұхамед Қонаевты күтетін саяжай жасап, балығы тайдай тулаған, қысы жазы құс базары болып шулап жататын өңірге демалыс аймағын ұйымдастыруы тегіннен-тегін емес. Соңғы жылы ғана Бөгеннен су көбірек келіп, сексенге жуық көлі мен көлшіктердің бәрі суға лықа толды.

Жыланбалық, дөңмаңдай, беламур, сазан, карась, лақа балықтары алыс жақыннан ынтызар балықшыларды ынтықтыра түссе, жағалаулардағы мыңдаған құстар айдынның сәнін келтіріп, балапан басып шығарып, құс базарына айналдырып жіберген.

Жақында ғана осында ат басын тіреген франсуздың орнитолог ғалымдары төрт бірдей әлемнің Қызыл кітабына енген құстарды көріп, суретке, бейнетаспаға түсіріп, қойын дәптерлеріне жазып алып кетіпті. Бұған өз ғалымдарымыз бейжай қарап отыр. Себебі, Құмкөлден көз салып қарасаңыз қол созым жерде көрініп тұрған Түркістан қаласынан (Шошқакөл) Жетікөл көлдер жүйесіне жету үшін Шәуілдір арқылы айналма жолмен 110 шақырымдай жүріп өту керек. Ол жолдың жартысына жуығы әлі асфальтталмаған.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамашылығымен қолға алынған Түркістан – Жетікөл көлдер жүйесіне бағытталған елу шақырымдық дамба құрылысы әлі аяқталған жоқ. 48 шақырымы салынғанымен соңғы екі шақырымға келгенде, яғни судың далаға кетпей нағыз тоспаға айналатын тұсында дамба көтеру жайы тоқталған. «Отырар балық» ЖШС орманшылық қызметі бастығының орынбасары Владимир Бородин мұнда көбіне балық аулауға Төрткүл, Шымкент, Жамбыл қалаларынан балықшылар қона жатып, балық аулап кететінін айтады. Қазіргі кезде Бөген су қоймасынан келіп жатқан судың жартысы дамбаның жұмысы аяғына дейін жетпегендіктен далаға кетіп жатқанына қынжылады. «Бір эксковатор мен бір бульдозер берсе, өзіміз ақ бөгет жасап алар едік», – дейді күйініп.

Бұл маңда Владимир Бородиннің саусақпен санап берген көлдерінің өзі 15-ке жетті. Оның барлығындағы суды ұқсата пайдаланып, тауарлы балықтарды да, үйрек-қаздарды да көптеп өсіруге болады.

Кезінде Асанбай Асқаров Қонаевты күтіп алатын саяжайындағы қонақүйге, бау-бақшасына, шаруашылығына Түркістан облыстық «Жасыл Аймақ» мемлекеттік мекемесінің орман күзетшісі Талғат Әбілда бас көз болып отыр екен. Ол жиырма орындық қонақүйде қашанда туристерді күтіп алуына жағдай бар екендігін айтады. Туристердің балық, аң, құс аулауына жағдай жасалған. Бірақ заңды түрде өлшемімен ғана жасалуы тиіс. Ал, шектен шыққандарға қашанда тоқтау салатын құзырлы органдар бар.

«Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ғылыми қызметкері Ғани Назарбектің айтуынша, мұнда төрт жүздей құстар мекен етеді. Аққудың екі түрі бар. Қызыл кітапқа енген жалбағай, қарабай құстары кездеседі. Тырнаның бірнеше түрі, шағала, бірқазан, балықшы, үйректің бірнеше түрі, қасқалдақ, шүрегей, қызғыш құс сонымен қатар нешетүрлі сайрауық кішкене құстар мекен етеді. 200-дей құс түрі жұмыртқа басып, балапан өрбітеді.

Бір қиыны, кешегі жаппай жекешелендіру кезін пайдаланып, көлдердің маңын иемденіп алған 40-тан аса жер пайдаланушылар бар. Олар өңірдің флора мен фаунасына, экологиясына орасан зиян келтіруде. Жерді тиімсіз пайдаланып жатқандарға шара қолданып, бірқатарын мемлекет иелігіне қайтарып алып, өзен көлдердің аумағын кеңейтуге әбден болады. Ол аумақта тораңғыл, жиде, қарағаш түрлерін өсірсе, құстардың алуан түрі одан да тез көбейер еді.

– Әсіресе, шағын көлдердің маңындағы қамыстарды өртейтін жайылым иелерінің ісін тоқтата алмай келеміз. Қау қамыстардың арасында сан мыңдаған құстардың ұялары бар. Олардың жұмыртқаларымен қосылып өртеніп кетсе, табиғатқа орасан зор шығын әкеледі. Бұл жүздеген браконьердің жасаған әрекетінен де сорақы қылмыс. Осыны тоқтата алмай келеміз, – дейді Ғани Назарбек.

Оның сыртында қысы жазы бір тынбайтын браконьерлер жетіп артылады. Соңғы жылдары балықтарды электрмен аулаушылардың қатары сирей бастады. Бірақ, әлі күнге дейін «крышасы» барлар жаман әдеттерінен тыйылар емес. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы «рейдерлік» әрекеттер мен «крышалық» қылмыстардың тамырына балта шабу туралы мәселе көтерді. Бұлар қоғамның асқынған аурулары.

– Шетелдерде жастарға мектеп оқушыларына, студенттерге арналған арнайы экологиялық мәдениетті қалыптастыратын бағдарламалар бар. Біз де мектеп жасынан балалардың табиғатты сүюі, оны аялауы үшін бағдарламалар түзіп, осы Жетікөл маңындағы 400-ге жуық құстар түрін зерттеуге қатысуына жағдай жасасақ жөн болар еді, – дейді Ғани Назарбек.

Міне, осы өзекті жайларының барлығы өз ретімен шешіліп, Жетікөл көлдер жүйесі Түркістан өңірінің бірегей туристік бағдарына айналса, онда кешенді қызмет түрлерін сапалы атқаруға әбден болады. Оған балықшылар, аңшылар, құс түрлерін зерттеуші орнитологтар, суға түсіп, жағажайда күнге қақталғысы келгендер, табиғатты сүйетін оқушылар ағылар еді. Енді тек Түркістан – Жетікөл көлдер жүйесі арасындағы елу шақырымдық дамбаны тезірек сапалы етіп іске қосу ғана қалып тұр.

Ескендір ЕРТАЙ.

Leave a reply