ТҮРКІСТАН ТУРИЗМІ ҚАЛАЙ ДАМЫП КЕЛЕДІ?

0
127

Дүниежүзілік туристік ұйымның дерегі бойынша, әлемдік жалпы өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестицияның 10 пайызын туризм қамтамасыз етеді екен. Тіпті әлемдік тәжірибеде туризмнен түскен табыспен ғана күн көріп отырған елдер бар. Жаһандық өндірістегі әрбір тоғызыншы жұмыс орны да осы саланың үлесіне тиесілі. Сондықтан дамыған елдердің қатарына енуге талаптанып отырған Қазақстан үшін туризмді дамытудың маңызы зор. Оның ішінде, Түркістан өңірінде туризмді дамытудың мүмкіндігі мол.

Осы тұрғыда, Түркістан қаласы әкімдігінің бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Талғат Қыдырбаев Алпысбайұлымен сұқбаттасып, киелі шаһар тарихы тағы қандай жаңашыл бағытпен толығатынына қанық болдық.

– Талғат Алпысбайұлы, қала әлеуетін арттыру мақсатында туризмді дамыту жұмыстары қай деңгейде өрбуде? Нақты атқарылып жатқан жұмыстарға толық тоқталсаңыз?

– Туризм қай салаға болмасын әсерін тигізетін өтімді бағыт деп санаймын. Ал Түркістан қаласындағы туризм саласын дамыту Мемлекет басшысы белгілеген басты міндеттердің бірі болып табылады. Бүгінде бұл салада айтарлықтай тың өзгерістер орын алды. Мәселен, Түркістан республикалық деңгейдегі топ-10 негізгі дестинациялардың қатарына қосылды. Осы тұрғыда, туристік инфрақұрылымды жақсартуға, соның ішінде қонақ үйлер мен туристік кешендер салуға ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы 2022 жылы туристер саны 1451,5 мың адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,4%-ға артты. Ішкі туристердің саны 2022 жылы ІІІ тоқсан бойынша 95 509 адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 43,3%-ға ұлғайды. Сондықтан, күн өткен сайын қаламыздың туристік әлеуеті артып, үлкен сұранысқа ие болып келеді.

– Эко және этнотуризм бойынша тоқталып өтсеңіз. Түркістанда бұл бағыт қалай жүзеге асып жатыр?

– Эко туризм бағыты бізде салыстырмалы түрде жақсы дамымаған. Алайда оны тек табиғат аясындағы туризмдік бағытпен шектеп қарауымызға болмайды. Мәселен қала тазалығы, қоқыстарды оңды-солды шашпай, табиғи өнімдерді жиі тұтыну көрсеткішінің өзі эко туризмнің алғышартына сыйып кетеді. Ал қалаға келетін әрбір туристің айтатыны қаланың тазалығы жайлы. Яғни шаһар тазалығына ең бірінші алғыстарын айтады. Ал этнотуризмге келер болсақ, қалада арнайы этноауыл кешені іске қосылған. Этноауыл аймағында қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттайтын іс-шаралар тұрақты түрде өтіп тұрады. Сондай-ақ, Түркістан-Отырар тас жолында тағы да этноауылдың құрылысы аяқталып тұр. Енді оны жүйелі жүргізу үшін сенімгерлік басқаруға беруге әзірлеп жатырмыз. Этнотуризмнің тағы бір бағыты ретінде қазір қолөнершілердің туындыларын танытуға да көңіл бөлініп жатыр. Қалада қазіргі таңда, қолөнершілердің көрмесін ұйымдастыру да дәстүрге айналып келеді. Себебі қолөнер креативті индустрияның ажырамас бөлігі саналады. Сондай-ақ ағымдағы жылы Өзбекстан мемлекетіне қолөнер саласы бойынша қолөнершілер мен туризм саласының мамандарынан тұратын арнайы іс-сапар ұйымдастырылған болатын. Сондай-ақ, 2024 жылға қарай мәдени-рухани орталық аумағынан «Қолөнершілер» қалашығын салу жоспарлануда. Аталған кешен этнотуризм саласын жандандыруға өз септігін тигізеді.

– «Қолөнершілер» қалашығы деп қалдыңыз. «Керуен сарай» кешенінің алғашқы жобалық нұсқасында қолөнершілерге арналған орын болған. Кешен қолданысқа берілгеннен кейін аталған нысан сауда орталықтарына жалға берілді. Жалпы түпнұсқалық бағыттың өзгеруіне не себеп?

– «Керуен сарай» кешенінің жобалық нұсқасында ондай орынның болғаны рас. Бастапқыда ол орындарда қолөнер бұйымдары қойылды. Яғни алып-сату кәсібімен айналысатын тұлғалар сол орындарда өз кәсіптерін сынап көрді. Алайда, нәтижесі көңіл көншітпеген болар, кәсіпкерлер ары қарай бизнестерін жалғастырудан бас тартқан. Тиісінше, сол арнайы орындарды бүгінде өзге сауда орталықтары жалға алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Ал менің сізге жоғарыда айтқан «қолөнершілер» қалашығы мүлдем бөлек жоба. Оның ауқымдылығы, бір ғана орталықта қолөнер бұйымдарын шебер сол жерде дайындап, тұтынушыға оңай ұсына алады. Яғни орталықтың ішіне шебермен қоса оның ұстаханасы да болады. Ал тұтынушы шебердің бұйымын ғана емес, оның шеберханасы мен жұмыс процессін де тамашалай алады. Меніңше, бұл өте үлкен жоба. Оның үстіне, қолөнершілерге берілетін үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кететін мәселе, орталыққа қоныстанған қолөнерші нысанды тегін пайдалана алады. Яғни ешқандай ақы төлемейді.

– Халықаралық туризм және меймандостық университетіне қарама-қарсы орналасқан ерекше дизайндағы бір ғимарат бар. Сыртынан қарасаң, ғимараттың толық құрылысы біткен секілді. Алайда қолданысқа берілмей тұрғанына біраз жыл толды. Ол қандай ғимарат? Осы уақытқа дейін қолданысқа берілмей тұруының нақты себебі қандай?

– Сіздің айтып отырғаныңыз Қожа Ахмет Яссауи музейі. Ия, ол ғимараттың құрылысы 2020 жылы біткен. Қолданысқа берілмеу себебі сол жылы бүкіләлемдік пандемия басталып кетті. Одан кейін, ол ғимарат музей болғандықтан ішіндегі қойылатын экспонаттар түгел болмады. Бірақ, осы бір-екі айдың көлемінде ғимарат қолданысқа беріледі.

-Соңғы жылда, қала ішіндегі қай нысанға көбірек туристер келген?

-Түркістан қаласында қазіргі таңда сұранысқа ие діни, танымдық және рекреациялық туристік бағыттар бірінші кезекте. Бұл әрине қаладағы тарихи ескерткіштердің көп шоғырлануы және «Керуен-сарай» туристік кешенімен байланысты. Сондай-ақ қазіргі таңда этнотуризм, іскерлік туризм, спорттық туризм салалары дамып келе жатыр. Туристерді тартудың магниті – Қ.А.Ясауи кесенесі. Кесенеге 2022 жылы 566 457 адам келсе, жалпы қала бойынша басқада туристік бағыттарға 1,5 млн. жуық туристер келген.

– Туризм инфрақұрылымы жайлы толық тарқатсаңыз. Қандай жаңалықтар бар?

– Түркістан қаласы тарихи ескерткіштерге бай өлке. Облыс орталығы болғалы өңірде мәдени-рухани орталықтар, рекреациялық орталықтар, парктер салынуда. Қалада тарихи ресурстарға  тоқталатын болсақ, «Қ.А.Ясауи» кесенесі, «Сұлтан Бегім» кесенесі, «Есiм – Хан» кесенесі, «Тәуке хан» кесенесі, «Шілдехана», Ортағасырлық шығыс моншасы Цитадель қамал қабырғасы, «Хан» ордасы, «Хан» мешіті, «Дарбаза» қақпасы, «Мүсәллә» қақпасы, «Такия» қақпасы, «Жеті ата» қақпасы, «Құмшық ата» жерасты мешіті, «Жұма» мешіті, археологиялык қазбалар, ежелгі «Күлтөбе» қалашығының павильоны, казарма ғимараты, «Әлқожа ата» кесенесі және т.б. тарихи ескерткіштердің қазіргі таңда, рестоврациялық яғни қайта қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен тұрақты түрде жүргізілуде. Мысалы ретінде 2021-2022 жылдары Қ.А.Ясауи кесенесінің күмбезі, «Сұлтан Бегім» кесенесінің сыртқы және ішкі бөліктері, «Жұма» мешіті туристік нысандарына рестоврациялық жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, 2023 жылға Ортағасырлық «Жеті ата» көшесін қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Туристік орындарға апаратын барлық автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өткізіліп, арнайы автотұрақтармен қамтамасыз етілген. Қалада 20 бағытта 220 автобустар қызмет көрсетуде. Автобустарда цифрландыру мақсатында «Alempay» электронды билеттеу жүйесі енгізілді. Темір жол көлігін дамыту мақсатында, 2024-2026 жылдарға Ташкент-Шымкент-Түркістан бағытында жоғары жылдамдықты темір жолы жобасын іске асыру жоспарлануда.

 – Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рақмет!

Сұхбаттасқан:

Ғалия БИСЕЙІТ.

Leave a reply