Воскресенье, 15 июня

ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА ЗАМАНАУИ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ ҚАТАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ 

0
15

Түлкібас ауданы Түркістан облысының оңтүстігінде орналасқан, экономикалық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Ауданда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және қызмет көрсету салалары қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда аймақта 10600-ге жуық орта және шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп отыр. Соның бірі «ЖК Баракат мебель» цехі де бар. Түркістан облысы тұрғындарының назарына облыс көлеміндегі кәсіпорындар туралы мәлімет ұсынамыз. Түлкібастық жеке кәсіпкер аудан орталығана қарасты 1-ші мөлтек ауданынан жалға ғимарат алып, онда Қытай елінен алғызған заманауи құрылғыларды орнатып, бүгінгі таңда тапсырыс негізінде заман талабына сай түрлі жиһаздар шығаруды қолға алған. Цехта қазіргі таңда 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта кәсіпкер «Отандық өнім» сертификатын алып, жұмыс ауқымын арттыруды жоспарлауда.

Жалпы аудандағы негізгі өндірістік кәсіпорындардың бірі — «Azia Food Company» ЖШС. Бұл кәсіпорын ұн тарту және тамақ өнімдерін өндірумен айналысады. Жылдық өндірістік қуаты 36 мың тоннаны құрайды. Кәсіпорын түрік инвесторларының қолдауымен қайта іске қосылған. Оның мақсаты — өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру. Сонымен қатар ауданда «GRAND FLOUR INDUSTRY» ЖШС жұмыс істейді. Бұл кәсіпорын да ұн және ұн өнімдерін өндірумен айналысады. Ол шикізатты негізінен «Azia Food Company» ЖШС-нан алады. Бұл кәсіпорындардың өзара серіктестігі ұн тарту саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр. Алдағы уақытта іске қосылатын ірі жобалардың бірі — «Састөбе инновациялық кешені» ЖШС. Бұл жоба аясында жылына 1 миллион тонна цемент, 400 мың тонна әк және басқа да құрылыс материалдары өндірілетін болады. Жалпы жоба құны 299 миллиард теңгені құрайды. Кешен толық іске қосылғанда 1200-ге жуық адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылатын болады. Кәсіпорынды 2026 жылы іске қосу жоспарланған.

Түлкібас ауданында құрылыс материалдарын өндіретін бірнеше кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында ұн комбинаты, екі консерві зауыты және әк зауыты бар. Жергілікті кәсіпкерлер бизнесін кеңейту мақсатында жеңілдетілген несиелер алып, жаңа жобаларды іске асыруда. Жаңадан ашылған кәсіпорындар мен жобалар есебінен ауданда 12 720 жұмыс орны құрылды. Ауыл шаруашылығы мен агробизнес саласында да айтарлықтай өсім байқалады. Жыл басынан бері 66 азамат қайтарымсыз грантқа қол жеткізген, оның ішінде 29-ы жастар, 37-сі осал топтағы кәсіпкерлер. Мысалы, бес баланың анасы Камила Қарашаева шағын медициналық қызмет көрсету орталығын ашып, қосымша төрт адамды жұмыспен қамтып отыр.

Денсаулық сақтау және сауықтыру саласында да жаңа жобалар қолға алынған. «Түлкібас саясы» атты емдеу-сауықтыру орталығының құрылысы 75 пайызға аяқталған. Бұл кешен омыртқа және буын ауруларын емдеуге мамандандырылған. Орталықтың ашылуы 2025 жылдың сәуір айына жоспарланған. Мұнда 50 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны қаржыландыру үшін «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 420 миллион теңге бөлінген. Түлкібас ауданында кәсіпкерлікті қолдау бағытында мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржылай қолдау көрсетілуде. Жергілікті әкімдік пен аудандық кәсіпкерлік бөлімі кәсіпкерлерге кеңес беріп, қажетті құжаттарды рәсімдеуге жәрдемдесуде. Сондай-ақ, облыс бойынша өнім көлемі 540 млрд. теңгеге жетті. Өндірілген өнеркәсіп өнім көлемінің 48,2% үлесін құрайтын өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 585,4 млрд. теңгені құрады. Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы құны 24 957 млн. теңгені құрайтын және 528 жұмыс орны ашылған 13 инвестициялық жоба іске асырылды.

Атап айтсақ, «Ideal Turkistan» ЖШС-нің жиһаз фабрикасы (25 жұмыс орны), «AsiaBrand» ЖК-нің жиһаз фабрикасы (25 жұмыс орны), «Қарқын-2030» ЖШС-нің «Ет өнімдерін қайта өңдеу» жобасы (30 жұмыс орны), «СП ТУРАН-МЕБЕЛЬ» ЖШС-нің жиһаз фабрикасы (40 жұмыс орны), «Қазақстан Нұр 001» ЖШС-нің шұлық өндірісі (30 жұмыс орны), «GRAND STROY KAZ» ЖШС-нің «Темірбетон бұйымдарын өндіру» жобасы (30 жұмыс орны), «Akniet Holding» жиһаз фабрикасы (80 жұмыс орны), «BNK Group Ltd» ЖШС-нің «Жаңбырлатып суғару құрылғыларын өндіру» жобасы (20 жұмыс орны), «Бөрте Милка» «Сүт өңдеу зауытын кеңейту» жобасы (18 жұмыс орны) ашылды. Сонымен бірге «JNRAY Group» ЖШС-нің тігін фабрикасы (50 жұмыс орны), «KazPlast» ЖШС-нің тігін фабрикасы (150 жұмыс орны), «BASPOLYMER» ЖШС-нің «Полимерлі құбырларды, пластмассадан жасалған бұйымдарды, тамшы таспаларды шығару бойынша ірі-тораптық зауыт салу» жобасы 15 жұмыс орны, «CaPable Group» МҚБ» «Қолданыстағы қуатты кеңейту. Итальяндық технология бойынша жөргектердің жаңа түрін өндіру жобасы іске қосылған.

Leave a reply