ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИЛДЕ БИЫЛ СУ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ

0
90

Төлеби ауданында биыл жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайтын су электр станциясының құрылысы басталады. Қуаттылығы 3,2 мВт/сағ өндіретін станция 24 адамды жұмыспен қамтымақ. Ауқымды жоба 2025 жылы пайдалануға беріледі. Бұл жайында Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев брифингте мәлімдеді.
Жалпы ауданның былтыр өнеркәсіп саласында 45 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Қазіргі таңда осы бағытта екі ауқымды жоба жүзеге асуда. Олардың бірі жоғарыда айтылған су электр станциясы болса, екіншісі Ленгір қаласындағы «KAZPLAST» ЖШС-ң киім тігу цехы. Жоба құны – 1 млрд 551 млн теңге.

«Төлеби ауданында былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі 145 млрд теңгеге жетті. Биылғы жылы бұл көрсеткішті 147 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, ауданда 2023 жылы 70,4 млрд теңге көлемінде ауылшаруашылығы өнімі өндірілді. Биыл бұл көрсеткішті 77,5 млрд теңгеге көтеру көзделіп отыр. 2024 жылы өңірде бірнеше инвестициялық жобалар іске асады. Олардың қатарында «Аймар» ЖШС-і құны 4 млрд теңгені құрайтын жобаны жүзеге асырып, 440 мың дана құс өсіруді көздеп отыр. Онда 24 жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ, «Шымкент Балық» ЖШС-і жылына 300 тонна балық өндірісін іске қоспақ. Ал Бірінші Мамыр ауылдық округінде ЖК «Е.Қайым» 300 тоннаға дейін форель балығын өсіруді жоспарлауда. Жоба құны – 600 млн теңге. Жалпы кәсіпкерлік саласында 10 655 шағын және орта бизнес субъектілері тіркеліп, 16 702 адам жұмыспен қамтылған, – деді аудан басшысы.

Бұдан бөлек, Төлеби ауданында өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 1 млрд 124 млн теңгеге 193 жоба қаржыландырылған. Ал биыл 1 млрд 714 млн теңгеге 279 жобаға жеңілдетілген несие беру жоспарлануда. Ауданды инфрақұрылыммен қамту бойынша аймақтағы 55 елді мекеннің 54-і, яғни 98,2 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Айта кетерлігі, аудан 100% табиғи газбен қамтылған

Leave a reply