ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА СПОРТ НЫСАНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Төлеби ауданында жалпы саны 400 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 2 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құрылған спорт клубы және су спорты түрлерінен олимпиадалық спорт мектебі бар. Төлеби ауданы, Бірінші Мамыр ауылдық округі, Алғабас елді мекенінде «Шымкентцемент» ЖШС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында спорт кешенінің құрылысын аяқтап, ел игілігіне пайдалануға ұсынды. Құрылысы 2023 жылдың қазан айында басталған спорт кешеніне 88 млн теңге инвестиция тартылған.
Мерекелік жиынға арнайы қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің төртінші шақырылымдағы депутаты Сәуірбай Есжанов, аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, «Шымкентцемент» ЖШС директоры Иван Пак округ халқының қуанышына ортақтасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл заң мемлекеттің дене шынықтыру және спорт саласын дамыту саясатын жетілдіруге бағытталған.
Сондай-ақ, Президент өз сөзінде: «Қазір саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту айрықша маңызды. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет. Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Мемлекет спорт инфрақұрылымын жетілдіруге көп көңіл бөледі», – деді. Спорт саласын өркендетуге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілін кеңінен қолдану бағытында жұмыстар атқарылуда. Кәсіпкерлеріміз де бұндай бастамаларды бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде табысты жүзеге асырып, жер-жерлерде жаңа спорт кешендерін салып, спорттық ұйымдардың инфрақұрылымын дамытуда.
«Ел мерейін – ер арттырады, ер мерейін – ел арттырады» деген қанатты сөз бар халқымызда. Елімізде соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктеріміз бен шыққан асуларымыз да аз емес. Соның ішінде спорт саласында да елеулі жетістіктерге қол жеткізудеміз, – деді құттықтау сөзінде аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы. Аудан тұрғындарының спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау және ұлтаралық қатынастарды нығайту мақсатында қазіргі таңда 371 спорттық нысан жұмыс істейді. Соның ішінде: «Жастық» стадионы – 1, тау шаңғы базасы – 1, жүзу бассейні – 2, спорт кешені – 3, «Бәйшешек» оқу-жаттығу орталығы – 1, спорт залдар – 55, мектептік ашық спорттық комплекс – 1, мылтық ату тирі – 8, спорттық манеж – 5, жазықтық алаңшалар – 282, бейімделген спорт залдар – 13.
Төлеби ауданында спорт саласы жан-жақты қолдауға ие болып келеді. Ауданда 400-ге жуық спорт нысаны бар. Оның ішінде 3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 2 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істейтін клуб және олимпиадалық резервтегі су спорты мектебі бар. Аудан бойынша спортпен шұғылданушылар саны 47 мыңға жуықтап, жалпы халықтың 39 пайызына жетті.
Жыл сайын аудан аумағында республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылады. 2025 жылдың басында Тасарық ауылында құсбегіліктен жасөспірімдер мен жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты өтті. Чемпионатқа еліміздің 10 өңірінен 100-ден астам спортшы қатысты. Сонымен қатар, Зағамбар ауылында этнос жастары арасында ұлттық спорт түрлерінен «Ұлттық ойын – қазына» атты сайыс өтті. Жарыста тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту, қошқар көтеру, ләңгі тебу, қол күресі сияқты ұлттық ойындар қамтылды.
Төлеби ауданында қазақ күресінен де жарыстар жиі ұйымдастырылады. Облыстық ашық біріншіліктерге Түркістан өңірінің түрлі аудандарынан 150-ге жуық жас спортшы қатысты. Жетістіктердің бірі ретінде Төлеби ауданының «Тұран тұғыры» іс-шарасында «Жылдың үздік ауданы» номинациясын жеңіп алғанын атап өтуге болады. Бұл марапат ауданның ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесінің нәтижесі.
Спорт инфрақұрылымы да жылдан жылға кеңейіп келеді. Бірінші Мамыр елді мекенінде футбол алаңы мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Көксәйек ауылында жекеменшік инвестиция есебінен талапқа сай спорт кешені бой көтеруде. Зертас ауылында 500 миллион теңгеден асатын спорт кешенінің жобасы дайындалды.
Сонымен қатар, Ленгір қаласында жеке кәсіпкердің қолдауымен «Жақсылық» спорт кешені ашылып, қазақ күресі, самбо, дзюдо және джиу-джитсу секілді спорт түрлері оқытылуда. Ұзынарық ауылында ауыл азаматтарының демеушілігімен жабық спорт алаңы салынды. Зертас ауылында бюджет есебінен спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді. Шахта-Тоғыс елді мекенінде 2021 жылы ашық футбол және баскетбол алаңшалары салынды. Сұлтан Рабат ауылында 14 миллион теңгеге заманауи спорт алаңы ашылып, «Бірлік» атауын алды. Ашылу салтанатында жасөспірімдер арасында футболдан турнир өтті. Төлеби ауданы әкімдігі алдағы уақытта бұқаралық спортты дамытуды жалғастыра отырып, жаңа спорт нысандарын салуға және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық беретін болады.