ТҮРКІСТАН: ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫ – ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА

0
118

Бүгінде ұлттық құндылығымыз – баға жетпес адам өмірін сақтауда, олардың толыққанды күшпен еңбек етіп, шығармашылықпен айналысуында, сондай-ақ қоғамның белсенді мүшесі болып табыла білуінде медицина қызметкерлерінің атқаратын істерінің маңызы зор деп білеміз. Осы орайда, Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Райымбек Тасырбаевқа арнайы барып, жолығып атқарып жатқан жұмыстарына қанықтық.

Бас дәрігер Райымбек Берікұлының мәлімдеуінше ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №982 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, жоспарлы түрде жұмыстар жүргізілуде. Ақ халатты жандардың негізгі мақсаты халықтың медициналық көмекке қол жетімділігін арттыру бағытында жұмыстар атқарып келеді.

Бүгінгі күнде емханаға қарасты 8 отбасылық дәрігерлік орталық бар. Сонымен қатар, консультативтік диагностикалық, жедел жәрдем бөлімшелері қызмет атқарады. Емханада қосымша жастар орталығы және қайта оңалту бөлімшелері ашылған. Қала көлемінде емхана қаланың 94322, соның ішінде 35266 бала, 54652 ересектер мен 20319 туу жасындағы әйелдерге қызмет көрсетеді. Емханада жалпы саны 73 аймақ, оның 15 педиатриялық болса, 58 аймағы жалпы тәжірибелі дәрігерлік аймақтар екен. Қазіргі таңда негізгі принцип бұл халыққа қол жетімді медициналық көмекті ұйымдастыру. Соған сәйкес, барлық бөлімшелерді мамандармен және медициналық құрал жабдықтармен қамтамасыз ету қолға алынғанын атап өтті.

Емхана 2018 жылдан бастап, толық цифрлық жүйеге көшкен. Сол жүйені дамыту мақсатында, емхананың «өз-өзіне қызмет көрсету» бұрышында сенсорлы экран қойылған. Ол арқылы емханаға келген азаматтар дәрігер қабылдауына жазыла алады, «egov.kz» электронды порталы арқылы мемлекеттік қызметтер алуға мүмкіндік алады. Дәрігерінің жұмыс кестесін көре алады және бірінші рет келіп тұрған болса, дәрігерінің келбетін, оған қалай баруға болатынын көруге мүмкіндік бар. Яғни бару жолы видео арқылы көрсетіледі.

Қазіргі таңда әлемде өлім көрсеткіші бойынша екінші орынды алатын онкология ауруының алдын алу мақсатында, емханада «жасыл дәліз» жұмысы іске қосылған. Оның негізгі мақсаты онкология ауруына күдік туындаған науқастарға кезексіз тексерулер жүргізу арқылы бір күннің ішінде анықтауды көздейді. Мәселен, онколог дәрігері науқасты күдікті деп таныса онда қолына «жасыл білезік» тағылады. Жасыл білезік тағылған азаматтар кезексіз толық тексеруден өтеді. Қосымша емханада «аналитикалық орталық» ашылуда. Ол жерде емханаға қарасты барлық мекемелердің жұмысын айына екі рет саралау жұмыстары жүргізіліп отырады екен. Ол арқылы емхананың халыққа қызмет көрсету жұмысын толық деңгейде жүргізілуін бақылай алады.

Медициналық қызмет көрсету сапасын басқару жүйесін жетілдіру мақсатында және емделушінің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін барлық медициналық ұйымдарда емделушіні қолдау және ішкі аудит қызмет-тері ұйымдастырылған және арнайы сенім телефоны құрылған. Олар шағымдарды дереу тексеру және кемшіліктердің алдын алу ұстанымы бойынша жұмыс істейді. Емхананың арнайы сайты да бар, егер медициналық қызметкерлердің қызмет көрсетуіне көңілі толмаған емделушілер сол жерде шағымдарын қалдырса, мүмкіндігінше қысқа мерзім ішінде кемшіліктерді жойып, жұмыс сапасын арттыру жолында қызмет жасайды. Сонымен қатар, емхананың барлық бөлімшелерінде жұмыс сапасына, оның ішінде бөлімшенің және әрбір дәрігердің жұмысына баға беруге мүмкіндік беретін QR код жүйесі жұмыс жасайды.

Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілгеннен бері медициналық көмектің қолжетімділігі жақсарды. Атап айтар болсақ, емдеу мекемелеріндегі барлық көмектер және қызметтер электронды түрде жүргізіліп, есепке алынуына байланысты қазіргі таңда «бармақ басты көз қысты» әрекеттер жасалмайтындығына көзіміз жетті. Барлығы айқын, ашық емделушілердің көз алдында жүргізіледі. Қазіргі таңда барлық емдеу мекемелерінде емдеуге жатқызу бюросы құрылған. Ауруханаға жатып емделу электронды түрде жату күні автоматты түрде белгіленеді. Ауруханалардың бос орындарына сай «стационарды еркін таңдау» принципі бойынша емдеуге жатқызу бюросы қызметкерлері бос орындарды ұсынады. Соған сәйкес, жатар күнді және емделетін мекемеңізді таңдауға мүмкіндік береді. Еліміздің барлық азаматтары басқа аймақтарға емделуге, соның ішінде ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтарға баруға, жоғары мамандандырылған көмек алуға, оның ішінде мамандандырылған медициналық көмек алуға мүмкіндік алды.

Халықтың қала көлемінде медициналық көмекке жүгіну барысын оңтайландыру мақсатында емханада қазіргі күнде электронды құжат айналымға ауыстырылған. Бұл өз кезегінде науқастардың үйден шықпай дәрігер қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру секілді қызметтерді алуына мүмкіндік беріп отыр. Қалада тұратын халықтың 100 пайызы электронды денсаулық паспорты жасақталған, яғни науқас бұрынғыдай медициналық құжаттамалар алып жүру қажеттілігі жоқ, тек жеке басын куәландыратын құжаты болса жеткілікті екен. Сонымен қатар, электронды түрде жазылуға мүмкіндік беретін «ДамуМед» мобилды қосымшасы пайдаланылуда. Қазіргі таңда емханаға тіркелген жалпы халықтың 20-60 жас арасындағы ересектердің 20081, яғни 47,4 пайызы, 5 жасқа дейінгі баласы бар 8986, яғни 77 пайызы емханаға тіркелген, 1500-ге жуық жүкті әйелдерз аталмыш мобилды қосымшаны пайдаланып келеді.

Қалада қазіргі таңда емханадан бөлек, қосымша 6 жекеменшік емханалар халыққа қызмет көрсетеді. Бұл дегеніміз емханалар арасында бәсекелестікті арттырып, сапаның жақсаруына әкеледі. Осы орайда, барлық емханалар өз емханасының материалдық техникалық базасын жақсартуға барынша тырысады. Осы орайда, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің үлесі өте көп болуда. Атап айтқанда, осыған дейін көптеген медициналық қызметтердің ақысын қарапайым халық өз қалтасынан төлеген болатын. 2020 жылдан бастап МӘМС жүйесінің енгізілуінен бастап, бұл шығындардың барлығын қор өз мойнына алған, яғни ендігі кезекте медициналық көмектің қолжетімділігі арта түседі деген сөз.

ҚР 2015 жылғы 16 қарашадағы №405-V міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы Заңына сәйкес, МӘМС жүйесі іске қосылғалы қазіргі таңда ол екі пакет бойынша жұмыс жасауда. Бірінші ол кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі, оған жедел жәрдем, санитарлық авиация, емханалық алғашқы көмек, әлеуметтік маңызды аурулар топтамасына берілетін 25 сырқат түріне көрсетілетін көмек, профилактикалық екпелер жатады. Екіншісі міндетті әлеуметтік сақтандыру пакеті, оған емханалық көмектің барлық түрі, стационарлық көмектің барлық түрі, күндізгі бөлім, қымбат медициналық тексерулердің барлық түрі, амбулаторлық деңгейдегі дәрі дәрмектер жатады. Демек, сақтандырылған азаматтар барлық медициналық көмекті тегін ала алады деген сөз. Осы жерде атап өту керек, 086-у және 083-у анықтамалары МӘМС пакетіне кірмейді. Аталған мемлекеттік қызметті ақылы негізде медициналық ұйымдар көрсетеді. Жеке меншік медициналық ұйымдарға келетін болсақ, егерде ол мекемелер МӘМС жүйесі бойынша мемлекет пен шарт түзген болса, онда азаматтар ол мекемеден жоғарыда атап өткен медициналық көмектерді заң аясында ала алады.

Аурулардың жыл сайынға дәрімен қамтамасыз етілуі артқан. Осы мақсатта емхананың ішінен аталмыш тегін берілетін дәрілерді таратуға аптека ашылған. Жоғарыда атап өткендей, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін кепілдендірілген медициналық көмектің бірқатарын Қазақстан азаматтары тегін ала алады. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек тізіміне енетін қызметтерді тіпті, жеке меншік клиникалар да тегін көрсетеді. Алайда, жеке меншік клиникада тегін емделудің де өзіндік тәртібі бар екен. Ол үшін сіз сол клиникаға тіркелген болуыңыз керек. Кей жағдайда жеке меншік клиникалар аталған көмекті толық көрсете алмауы мүмкін. Ол клиниканың техникалық мүмкіндіктеріне байланысты. Мұндай жағдайда олар аталған қызметті қосымша атқаратын медицина ұйымдарына жолдама беруі тиіс. Дәл сол секілді мемлекеттік емханаларда өздерінде жоқ тексеру түрлерін (мысалы МРТ, КТ секілді) жеке клиникалармен шарт түзіп, жолдама беру арқылы қызмет көрсете алады.

Кез келген емхана ең алдымен кадрлық ресурсты реттемесе онда медициналық көмек сапасы толық болмайтыны жасырын емес. Бұл тұрғыда емхана Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-қүрік университетімен тығыз жұмыс жасап келеді екен. Бүгінгі таңға аталмыш университеттің түлектеріне кепілдік хат беріліп, 4 хирург және 1 гинеколог маманын жұмысқа қабылдау бойынша жұмыстар жасалуда. Сонымен қатар, келер жаңа оқу жылынан бастап, аталмыш университетке клиникалық база есебінде тіркелуді жоспарлап, студенттерді клиникалық базасында оқытуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде тәжірибеден өту барысында білікті мамандарды іріктеп алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде емхана білікті де білімді жастармен толығатын болады деген жоспарлары бар.

Қазір әлемді шарлаған індет бүкіл әлемді әуреге салуда. Ол тажал біздің елімізді де айналып өтпеді. Аурумен күресуде медицина қызметкерлерінің қызметі орасан зор деуге болады. Індет басталғаннан бастап, барлық медициналық қызметкерлер көше аралауды күшейтіп, адамдарды үй жағдайында көруге жұмыс жасады. Сол арқылы адамдардың себепсіз сыртта жүрмеуіне және сырқаттанғандардың қарым қатынасын болдырмауға жұмыс жасап келді. Қазіргі таңда вакцинация мәселесі күн тәртібінде қатаң бақылауда тұрғаны белгілі. Емхана басшылығының мәліметі бойынша 1 – компонентпен 105702 адам егілсе, 2 – компонентпен де толық қамтылған. Ал, ревакцинация бойынша бүгінгі күнге 14060 адамға салынған. Сонымен қатар, «Pfizer» вакцинасының 1 – компонентімен 12321 адам қамтылса, 2 – компонентпен 8648 адам егілген.

Бұл қатерлі індеттің жаппай алдын алудың басты мақсаты вакцинация болып отыр. Сондықтан барша түркістандық жерлестерімді екпе егуге асығуға шақырамын. Бұл әлемді шарпыған індетті тек қана вакцинация арқылы ауыздықтай алатын боламыз. Ендеше, сақтық саулықта екенін ұмытпауымыз керек ағайын!

Leave a reply