Thursday, November 21

ТҮРКІСТАН: ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІНЕ ҚОЛДАУ БАР

0
24

Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуға тиіс екендігін атап өткені белгілі. Осы орайда облыста қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 5 жылда олардың саны 184 мыңға жетті.Кәсіпкерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы (48,3%), сауда (23,3%), туризм және қызмет көрсету (20,3%) және өнеркәсіп (6%) саласында. 5 жылда шығарылған өнім 11 есеге дейін өсіп, 1 трлн теңгеден асты (2018 ж. 130,9 млрд теңге). «Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері 46 млрд теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы өткен жылы 22 336 қызмет түрлері тегін көрсетілген.

Мал шаруашылығының дамуы бойынша облыс республикада алдыңғы орында. Мал басы және өнімділігі орташа есеппен 4%-ға өсуде. Ет экспорты бойынша облысымыз республикада көш басында. Ірі қара мал етінің үлесі 85%-ды, ұсақ мал етінің үлесі 60%-дықұрайды. 5 айда 5 мың тонна ірі қара мал еті, 3 мың тоннаға жуық қой еті экспортқа жөнелтілген.

Д. Сатыбалдының айтуынша, Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту өз кезегінде негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсіміне ықпал еткен. 5 жылда оның көлемі 3 есеге артып, жалпы 3 трлн теңгедей инвестиция облыс экономикасына тартылған (2018 ж. – 314,1 млрд теңге, 2019 ж. – 443,5 млрд теңге, 2020 ж. – 703,3 млрд теңге, 2021 ж. – 660,2 млрд теңге, 2022 ж. – 739,5 млрд теңге). Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі (1,8 трлн теңге, үлесі 64%). 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі $2 млрд-ты құрады. Жалпы сомасы 422 млрд теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9 347 жұмыс орны құрылды. Биыл инвестиция тұрақты өсуде. Өсім қарқыны бойынша республикада алдыңғы орында (5 айда 196,1 млрд теңге, НКИ – 156,5%). 5 жылға арналған 368 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған (құны 2,8 трлн теңге, 18,5 мың жұмыс орны). 2023 жылы 48 жоба іске қосылған (16,2 млрд теңге, 1 168 жұмыс орны).

Түркістан облысы аумағында тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда өткен жылы 343,4 млрд теңгеге өнім өндірілді. Осы тұста жұмыспен қамтылғандар саны – 8 401 адамға жетті. Республикада облыстың тау-кен өндіру саласының үлесі 19,0%-ды құрайды. Бұл салада жұмыс істейтін кәсіпорындар «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қарасты еншілес кәсіпорындары болып табылады. Сонымен қатар Уран өндіру бойынша Түркістан облысы бірінші орында, фосфориттер мен темір кендері бойынша — Қазақстанда үшінші орында келе жатыр. Металлургия өнеркәсібі саласында былтырғы жылдың 10 айында 83,8 млрд теңгеге өнім өндірілді. Салада жұмыс жасайтын кәсіпорындар «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ тиесілі. Сонымен қатар қара металлургия саласында шағын «KARLSKRONA LS AB» ЖШС және «Гульсан» ЖШС кәсіпорындары жұмыс атқаруда. Металлургия саласы өңдеу өнеркәсібі саласының 25,7%-ын құрайды.

Бұдан бұрын Түркістан облысында металлургия комбинатын салу жоспарланған болатын. Жоба Абай кен орнында жүзеге асырылды. Жалпы құны – 36,8 млрд теңге. Ақпаратқа сәйкес, теміржол тұйығы мен газ құбырына жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Айта кетейік, кен орнында бастапқыда 31 млрд теңгеге темір рудасын өндіру мен байытуды ұйымдастыру жоспарланған болатын. Оның жобалық қуаты жылына 250 мың тонна кенді өндіру тиіс еді. Бұдан басқа, 7,8 млрд теңгеге бағаланған тікелей қалпына келтірілетін темір өндіру зауытының құрылысы жүргізіледі.

Leave a reply