ТҮРКІСТАН: ШЕКАРА МАҢЫНДА ОРНАЛАСҚАН АУЫЛДАР ЖОҒАРЫ ЖЫЛДАМДЫҚТЫ ИНТЕРНЕТКЕ ҚОСЫЛДЫ
Облыс аумағындағы ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамту жол картасына сәйкес, Сарыағаш ауданы бойынша Кселл ұялы байланыс операторының 5 базалық станциясын және Билайн ұялы байланыс операторының 16 базалық станциясын орнату жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте жаңа базалық станция орнатуға тұрғындар тарапынан туындаған радиофобия мәселесі елді мекендерді толыққанды жоспар бойынша мобильді интернетпен қамтылуына кедергі келтіруде. Осыған байланысты облыс тұрғындарын түсіністікпен қарауға шақырамыз!
Түркістанда облыс тұрғындарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамту бағытында жиналыс өтті. Аталған бағытта “Қазақтелеком” байланыс операторының серіктесі «OK Telecom» ЖШС өкілдері мен Түркістан облысы цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы мамандары арасында келіссөздер жүргізілді.
Қос тараптың келісімі бойынша бүгінде Сарыағаш ауданы Достық-2 шекара аумағында орналасқан елдімекендер жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылды. Оған қоса Ынтымақ, Бостандық, Еңкес, Дербісек елді мекендерін үй жағдайындағы жоғары жылдамдықты интернетке қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде, ауыл тұрғындарына қашықтан оқуға, жұмыс жасауға және заманауи цифрлық технологиялардың барлық артықшылықтарын пайдалануға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Сарыағаш ауданы бойынша , «OK Telecom» байланыс желісіне Ынтымақ ауылынан 155 абонент, Бостандық – 85 абонент, Достық 1.2 – 130 абонент, Еңкес – 120 абонент, ал Дербісек елді мекенінен – 35 абонент қосылды.