ТҮРКІСТАН: ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ САЛАСЫН ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАЙҚАЛАДЫ

Түркістан облысы креативті индустрияны дамыту және шығармашылық салаларды қолдау бағытында бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруда.
Түркістан қаласында «ÓzgeEpic» креатив хабы ашылды. Бұл кеңістік музыка, театр, дизайн, анимация, фотоөнер, көрме, жәрмеңке, айтыс, стенд-ап, драматургия бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, балалар театры құрылып, дизайн және фотоөнер курстары ұйымдастырылады. Хабтың мақсаты – халықаралық деңгейде заманауи бәсекеге қабілетті қазақстандық өнерді дамыту, қоғамның мәдени санасының деңгейін арттыру, дарынды жастарды анықтау және қолдау болып табылады.
Түркістан облысында киноиндустрия саласында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, 2017-2020 жылдар аралығында облыс әкімдігі мен «САҚ» киностудиясымен бірлесіп, 6 анимациялық фильм, 2 телесериал, 2 деректі фильм түсірілді. Сонымен қатар, балаларға арналған қазақ тіліндегі бағдарламалардың санын арттыру, елдің дамуына елеулі үлес қосқан қазақ қайраткерлеріне арналған фильмдер шығару мақсатында «Түркістан тұлғалары» анимациялық роликтер топтамасы қолға алынды.
Түркістан қаласында түркітілдес елдердің креативті индустриясы қауымдастығы құрылды. Ұйымның мақсаты – түркі халықтарына ортақ бизнес алаң қалыптастыру, жоғары зияткерлік және инновациялық салаларды қолдау, жастар арасында шығармашылық қуатты ояту болып табылады. Қауымдастықтың жұмысымен танысқан «FUTURK» Түркі тілдес елдерінің креативті индустрия қауымдастығының төрайымы Эльмира Сәрсеналиева, аталған алаңда түркі халықтарының кәсіпкерлері тәжірибе алмасатынын және бұл ұйымның түркітілдес елдердің талантты жастарына қолдау көрсететінін атап өтті.
Облыс әкімдігі мен кәсіпкерлер палатасы бірлесе отырып, жастарды қолдауға бағытталған бірнеше жобаларды жүзеге асыруда. Мысалы, «Кәсіпкерлік Қырандары» жобасы арқылы бастауыш және кіші кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде. Бұл жоба өңірдің ірі және орта кәсіпкерлерінің инвестицияларын, микробизнесті, креативті жастарды, стартаперлерді және «Бастау Бизнес» түлектерін нақты қолдауға бағытталған.
Түркістан облысы креативті индустрияны дамыту бағытында кешенді шараларды жүзеге асыруда. Бұл жұмыстар өңірдің мәдениетінің дамуына, жастардың шығармашылық әлеуетінің артуына және халықаралық аренада облыстың имиджінің нығаюына ықпал етуде. Түркістан облысы театр өнерін дамытуға ерекше назар аударып, ұлттық мәдениетті жаңғырту және халықаралық деңгейде таныту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Облыста кәсіби театр ұжымдарының саны артып, заманауи спектакльдер мен мәдени шаралар ұйымдастырылуда. 2021 жылы ашылған Түркістан музыкалық драма театры заманауи ғимаратта орналасып, 511 адамға арналған көрермен залын қамтиды. Театрдың репертуарында қазақтың көрнекті тұлғалары мен халық аңыздарына негізделген қойылымдар бар: «Бөрте», «Фариза», «Қорқыт туралы аңыз», «Мағжан», «Ромео мен Джульетта» сынды спектакльдер қойылады. Театр ұжымында балет труппасы, хор және оркестр бар, қойылымдардың басым бөлігі жергілікті талантты жастардың қатысуымен өтеді.
2024 жылы театр 130-дан астам қойылымды сахналап, 20 мыңға жуық көрерменге өнер көрсетті. Репертуарында ересектерге және балаларға арналған спектакльдер бар. Жыл ішінде бірнеше жаңа қойылым ұсынылды, оның ішінде «Келісімшарт бойынша қалыңдық» және «Жалғыз желкен» шығармалары ерекше аталып өтілді.55 жылдық тарихы бар театр 2024 жылы Түркия астанасы Анкарада Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын сәтті сахналады. Бұл қойылым түрік көрермендері арасында қазақ мәдениетін танытуға бағытталды. Театр ұжымы ТҮРКСОЙ ұйымынан арнайы алғыс хатпен марапатталды. 2024 жылы Түркістанда алғаш рет «RAIYMBEK FEST» республикалық театр фестивалі ұйымдастырылып, 11 театр ұжымы қатысты. Фестивальде өнер шеберлері түрлі номинацияларда марапатталды. Түркістан облысының театрлары халықаралық деңгейде де белсенді, көркемдік жетістіктерімен көзге түсуде. Түркістан облысында мәдениет пен өнерді дамыту аясында тұрақты түрде фотокөрмелер ұйымдастырылып келеді. Бұл шаралар аймақтың тарихи-мәдени мұрасын, табиғи сұлулығын, ұлттық салт-дәстүрлерін, сондай-ақ заманауи өнер мен жастар шығармашылығын насихаттауға бағытталған. Түркістан – мәдениет пен тарих орталығы» атты көрме облыстың рухани және мәдени өмірін көрсететін тарихи фотосуреттер жинағын қамтыды. Жергілікті фотографтардың табиғат пен күнделікті өмірден түскен суреттерінен тұратын көрмелер ерекше сұранысқа ие. Фотокөрмелер көбіне Түркістан қаласындағы мәдени орталықтар мен музейлерде, сондай-ақ облыстың басқа қалалары мен аудандық орталықтарында өтеді. Фотокөрмелер арқылы облыстың туристік әлеуеті, тарихи орындары мен мәдени құндылықтары кеңінен таныстырылып, жергілікті тұрғындар мен қонақтардың мәдени сауаттылығы артады. Сонымен қатар, жас фотографтардың шығармашылығын қолдау мен дамытуға ықпал етеді.