ТҮРКІСТАН: ЭКОНОМИКАҒА ТАРТЫЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ 972 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСТЫ

0
13

Түркістан облысында инвестиция тартуға басым бағыт берілген. Өңірде инвестициялық штаб жұмыс істейді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әрбір инвестормен жеке кездесіп, қолдап, әр жобаның түпкілікті жүзеге асуын жіті бақылайды. Барлық аудан, қала әкіміне нақты индикаторлар бекітілген. Аудан, қала басшылары жергілікті кәсіпкерлермен бірге Түркия, Қытай, Аустралия, Өзбекстан елдерінің өндірістік аймақтарына іссапарларда болды. Делегация әлемге танымал кәсіпорын, зауыттарды аралап, алпауыт компаниялармен келісімдер жасалды. Озық шетел тәжірибесі кеңінен қолдану мақсатында атқарылған тиісті жұмыстар оң нәтижесін көрсетуде.

6 жылда облыс экономикасына тартылған инвестиция 3 есеге артып, 2023 жылы 972 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған қаржының басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 2023 жылға жоспарланған 56 инвестжоба толық іске қосылды. Экономикаға тың серпін беретін 145 жоба пулы қалыптасты. Оның ішінде өндіріс пен ауыл шаруашылығында терең өңдеуді дамытуға басымдық берілді. Бұл жобалар 17 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өзіндік кірісті қосымша 100 млрд. теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасауға баса мән берілген. Ең алдымен, өңірде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Онда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр.

Екіншіден, өндірістік парк аумағында 42 ғимарат салынып жатыр. Жобаның бірінші кезеңінде 14 ғимарат құрылысы аяқталды. Жалпы құны 30,7 млрд теңге болатын 10 жоба жоспарланса, соның жетеуі (24,2 млрд теңге) іске қосылды. Олардың қатарында тоңазытқыш өндіретін «UBC group», әскери шатыр мен жиһаз өндіретін «Aqniet holding», жаңбырлатып және тамшылатып суғару жүйесін шығаратын «BNK group» компаниялары бар. Өндірістік парктің биыл аяқталатын екінші және үшінші кезеңінде 70 млрд теңгеден астам инвестиция қаржысына өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Облыс әкімінің тапсырмасымен осындай парктерді аудандарда да салынады.

Мемлекет басшысының қомақты қаржы салуға дайын ірі компанияларға «бір терезе» қағидатымен жан-жақты қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасы да айрықша назарда. 2024-2027 жылдар аралығында 2,1 трлн теңгеге 145 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде «ПГУ Туркестан» қуаттылығы 926,5 МВт құрайтын бу-газ қондырғысы, «Standard Petroleum» мұнай өңдеу зауыты, «Қазатомпром» компаниясының күкірт қышқылын өндіру зауыты, «Казкрахмал» жүгеріні терең өңдеу зауыты бар. Мәселен, «Beibars-Bottlers» ауыз су және түрлі-түсті сусындарды шығару зауытында жылына 85-100 млн литр түрлі түсті сусындар шығру көзделіп отыр, 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылады.

Ал «Global textile» зауыты іске қосылғаннан кейін 10 мың тонна мақта талшығын өндіреді. Сонымен қатар 2000 жұмыс орны ашылмақ. ««Lihua xinjang group» текстиль кластері жобасының құны – 180 млрд. теңге. Мақта кластерін дамытып, оны өңдеу, жіп иіру, мата шығару және мақта егуге байланысты өндірістерді жүзеге асырады. 2500-дей жұмыс орны құрылады. Зауыттарды ашып қана қоймай, одан шығатын тауарлар мен өнімдерді өткізу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген.

Leave a reply