ТҮРКІСТАН: ІШКІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысы Қазақстандағы ең бай тарихи, мәдени және табиғи мұраларға ие өңірлердің бірі болып табылады. Облыс аумағындағы туристік аймақтар ішкі және сыртқы туризмді дамытуда ерекше орынға ие. Аталған сала өңірде үлкен маңызға ие, сол себепті өңір тұрғындарының назарына аймақтың туризм саласындағы жеткен жетістіктері туралы және алдағы жүйелі жоспарлар легімен таныстырамыз. Сонымен, өңірде экотуризмнен бастап рухани-мәдени, емдік-сауықтыру және агротуризм бағыттарына дейін әртүрлі туризм түрлері қарқынды дамып келеді. Аталған бағытта түрлі жоспарлар жүзеге асып келеді. Бұл туралы облыс тұрғындарының назарына ақпарат ұсынамыз.
Түркістан облысы ішкі туризмді дамыту бағытында бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Бұл жобалар өңірдің туристік әлеуетін арттыру, туристер ағынын көбейту және экономиканы әртараптандыруға бағытталған. 2023 жылдың 9 айында Төлеби ауданында 31 884 демалушы келіп, 691,2 млн. теңгеге қызмет көрсетілді. Ауданда демалушыларға қызмет көрсететін орындар саны 140 бірлікке жетіп, туризм саласы экономиканың негізгі драйверіне айналуда. 2025 жылға қарай туристер санын 55 мың адамға жеткізу жоспарлануда.
Облыста туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2023-2024 жылдары жалпы сомасы 37,9 млрд. теңгеге 42 туристік инвестициялық жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, «Yassy hall and apartments» қонақ үйі, 30 бөлмелі қонақ үй, 100 бөлмелі қонақ үй, «Medina Palace» қонақ үйі, «Отау» ойын-сауық орталығы, фитнес-клуб, мұз айдыны сияқты жобалар іске асырылуда. Облыстың туризм саласында жаңа қызметтердің түрлерін кеңейту міндеті қойылған. Оның ішінде агротуризм, спелеотуризм, белсенді экстримальді туризм, сафари туризмі және жаңа мұражайлардың қызметтерін жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Түркістан қаласында ұлттық қолөнерді насихаттау және туристерге бірегей кәдесыйларды ұсыну мақсатында алаңы 2,5 гектарды құрайтын «Қолөнер қалашығы» жобасын іске асыру жоспарлануда. Түркістан облысы ішкі туризмді дамыту арқылы өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Ал тарихи және мәдени туризм бойынша Түркістан қаласы — өңірдің рухани орталығы және ежелгі астанасы. Қала аумағында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, Арыстан баб және Үкаша ата кесенелері халықаралық деңгейде танылған тарихи нысандар болып табылады. Түркістан қаласы 2024 жылы Түркі әлемінің туристік астанасы атанып, 100-ден астам халықаралық мәдени іс-шара өткізілді.
Облыстың таулы және орманды-бөктерлі аумақтары экотуризмге қолайлы. Аймақтағы негізгі табиғи-туристік бағыттарға Қазығұрт тауы, Ақбура бұлағы, Машат шатқалы, Қырық қыз жартасы және Жылаған ата сынды табиғи нысандар кіреді. Олардың қатарында Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркі – 11 туристік маршрут ұйымдастырылған, альпинизм және жаяу серуендеуге қолайлы. Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы – 44 шақырымдық екі арнайы бағыт әзірленген. Ақсу-Жабағылы және Сырдария-Түркістан өңірлік табиғи парктері – биологиялық әртүрлілігімен ерекшеленеді.
Түркістан облысында туризмнің барлық түрі дамып келеді. Осы тұста Сарыағаш ауданы еліміздегі танымал шипажайлық аймақтардың бірі. Мұнда орналасқан минералды су көздері мен емдеу-сауықтыру орталықтары жыл сайын мыңдаған туристті қабылдайды. Түлкібас, Төлеби және Бәйдібек аудандарында ауылдық туризм дамып келеді. Туристерге табиғатпен жақындасу, ауыл өмірін сезіну, ұлттық тағамдар мен дәстүрлермен танысу ұсынылады. Түркістан қаласында туристерге арналған «Қолөнер қалашығы» жобасы іске асырылуда. Бұл алаңда ұлттық кәдесыйлар мен дәстүрлі өнер туындылары ұсынылады, шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Түркістан облысының туристік аймақтары табиғи сұлулық пен тарихи маңыздылықты бір арнада тоғыстырып, ішкі және халықаралық туристер үшін тартымды дестинацияға айналуда. Облыс әкімдігі туризм инфрақұрылымын жетілдіруге, жаңа бағыттарды дамытуға және туристік қызмет сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлуде.
Түркістан облысы экотуризмді дамыту арқылы өңірдің табиғи әлеуетін тиімді пайдалануға және экономиканы әртараптандыруға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Бұл жобалар экологиялық туризмді дамытуға, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етуде. 2024 жылдың үшінші тоқсандығының қорытындысына сәйкес, Түркістан облысындағы табиғи аумақтарға келушілер саны 109,5 мың адамды құраған. Бұл көрсеткіш экотуризмнің өңір экономикасындағы маңыздылығын арттырып, туристік ағынды көбейтуге ықпал етуде. Түлкібас ауданында — 13,4 млрд. теңгеге 5 ірі жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде «Ақсу Жабағылы» оңалту сауықтыру кешенін қайта құрылымдау және «Түлкібас саясы» ЖШС-нің қолданыстағы емдік сауықтыру орталығын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Ақсу Жабағылы» ОСК» ЖШС арқылы 400 орындық оңалту сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынады. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер есебінен «Патсаев. К» және «Боташов Б» демалыс орындары ашылмақ. Төлеби ауданында — 4,5 млрд. теңгеге 10 жаңа жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, демалыс аймақтары, қонақ үй мен спорт кешені, оңалту-сауықтыру орталықтары бар. Нәтижесінде, келуші туристер санын 55 мың адамға жеткізу көзделіп отыр.