ТҮРКІСТАН: ҚАЗАҚ ТАНЫМЫНДАҒЫ ДӘСТҮР МЕН ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАР ҚАНДАЙ?

0
31


Халқымыздың салт-дәстүрлік тәрбиесіне келейік. «Ағаш бесіктен жер бесікке дейін» атты кітапта қазақ халқының ұлттық тәрбиелік маңызы орасан зор 700-ден аса жалпы қазақи танымдық, салт-дәстүрлік, әдет-ғұрыптық құндылықтары мен қағидаттары, өмір сүру ережелері, алыс-берісі, ырым-жырымы және тағы басқа мәнді мәліметтер жинақталған. Әрі қарай қолға түскен әдебиет көздерінде осы тақырып туралы айтылғандарды өз тарапымнан шартты түрде бірнеше топқа бөліп қарастырмақпын.
Бірінші топқа адам дүние есігін ашқаннан бастап, ержеткен (бойжеткен) кезіне дейінгі аралықта оларға жасалынатын тәндік-рухани, тәлім-тәрбиелік, әдептілік, әртүрлі өнерге бау¬лу бағытындағы ортақ амалдар, жатады. Айталық, кіндік кесу, балаға ат қою, қалжа беру, шілдехана, бесікке салу, қырқынан шығару, бесік той, тұсау кесу, сүндет той, тілашар, баланы әртүрлі ән-күй, ойын, сайыс өнеріне баулу, ұрпақты үлкенді-кішілі, ағайын-туыстық, дос-жарандық қатынастар тұрғысынан тәрбиелеу және әдеп сақтау сабақтарына қатысты салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ырым-жырымы, мінез-құлқы. Бұл амалдар – данышпан Абайдың «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» деген ойтолғауының, яғни адамның адам болып бой түзеуіне, ой түзеуіне оның әсіресе балалық-жасөспірім кезінде оған берілетін-егілетін ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа сай көркем мінез-құлық пен іс-қимылды бойы мен ойына сіңірудің орасан зор маңызды екендігінің айшықты айғағы.
Екінші топқа қыз баланы тәрбиелеуге қатысты салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, қағидаттар мен ережелерді жатқызуға болады. Бұл бағытта атам қазақ біріншіден, «қыз үйдің құты, ауылдың көркі, береке-бірлік пен татулықтың ұйтқысы» деген пәлсапалық оймен қыз баласын біршама еркін ұстаған, аялаған, мүмкіндігінше, жақсы киіндірген, қамқорлық жасаған; екіншіден, қыз баласының «жат жұрттық» екендігін ескеріп, барған жерінде баянды, сыйлы да құрметті болсын деген ниетпен «қызға қырық үйден тыйым» деген қағидатты ұстанып, көргенділікке, ізеттілікке, кішіпейілділікке, сыпайылы¬лыққа, салмақтылылыққа, сабырлылыққа және т.б. тәрбиелеген, үшіншіден, бола¬шақта әйел адамның күнделікті тіршілігіне қажетті деген жан-жақты тұрмыстық іскерлікке, әртүрлі өнерге баулыған. Бұл жерден қазіргі кездегі ата-аналар тарапынан қыз балаларына қазақы сипаттағы қандай тәлім-тәрбие және олар қалай беріліп жатыр деген үлкен түйткілді сұрақ туындайды.
Үшінші топқа ұл баланы тәрбиелеуге қатысты салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қағи¬даттар мен ережелер жатады. Бұл жерде әңгіме ұл балаға отбасы тәрбиесін беруден бастап, оны еңбекке баулу, ел-жұртты таныту, жігіт сыны, әртүрлі ойын-спорт сайыстары, би өнері (мысалы, Қара жорға), сақал-мұрт қою, замандастарымен, ел-жұртпен аралас-құралас болуға үйрету және т.б. туралы болып отыр. Осы жерде халқымыздың ер адамдарға қатысты «Атың барда, желіп жүріп жер таны, асың барда, беріп жүріп ел таны» деген мақалы еріксіз еске түседі. Бұл мақалдың астарында дана қазағымның «Адамның ісі – адаммен» деген терең пәлсәпалық ойы жатыр. Сонымен қатар қазіргі ержеткен жастар үйлі-баранды болған кезде, өздерінің басты міндеті – ең алдымен өзінің отбасы мүшелерін (жұбайы мен балаларын) материалдық-тіршілік жағынан қамтамасыз етуге қаншалықты құлшынысты да мүдделі және дайын деген сауалдар амалсыз ойға оралады. Айта берсе – бұл өз алдына үлкен мәселе, әсіресе қазіргі қиын-қыстау заманда.
Төртінші топқа үлкен мен кіші, ата-ана мен балалар, ерлер мен әйелдер қарым-қатынастары, ағайын-туыстық, құда-жекжаттық, дос-жарандық қатынастар мен жалпы адами мінез-құлықты қалыптастыруға қатысты салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, қағидаттар мен ережелер жатады. Бұл жерде әңгіме халқымыздың бір-бірімен амандасып-сәлемдесу (көрісу) тағлымы, яғни кім кіммен алдымен амандасады, қалай сәлемдеседі, «Ағайынның азары болса да, безері жоқ» тәмсілі, Әйтеке бидің «Кісімен бірге туыспау керек, Туысқан соң – артық сөз қуыспау керек» қағидаты, «Мың жылдық құда» институты, «Досым – екінші өзім» ұстанымы, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа с.ғ.с. хадистеріндегі «Пенденің сауап таразысында жақсы мінезділіктен сауапты іс жоқ. Оның дәрежесі күнделікті намаз оқып, ораза тұтқанмен бірдей», «Алла қандай адамды ұнатады?» деген сұраққа «Алла иманды және көркем мінезді (яғни ихсанды. – О.А.) адамды ұнатады» деген сарындағы тәрбиелік маңызы зор ғибраттар туралы болып отыр. Өз кезегінде, әр саналы адамның көркем (жақсы) мінезділіктің алпыстан аса көрінісінің бар екендігін білген дұрыс.
Бесінші топқа халқымыздың қонақ¬жай¬лылығы, дәм-тұзы, дастарқаны, адам¬дардың, ағайын-туыстың, дос-жаран¬ның бір-бірімен материалдық (заттай, азық-түліктей, тағы басқадай) қа¬рым-қатынастарына байланысты салт-дәс¬түрлер, әдет-ғұрыптар, ырым-жырымдар жатады. Айталық, әртүрлі сипаттағы той жасау, қонақасы беру, түстік беру, қонаққа бас тарту, ас-табақ тарту, күйеу табақ тарту, ерулік беру, наурыз көже, жылу айту, сауын айту, сыбаға, қалыңмал, қыз жасауы, ет асату, сүйінші сұрау, көрімдік беру, байғазы беру тағысын тағылар.
Алтыншы топқа пенденің бұл фәнидегі (өмірдегі) күнделікті тіршілігіне және фәниден бақилыққа кетуіне (өліміне, қайтыс болуына) байланысты діни ілімге негізделген салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, іс-шаралық амалдар жатады. Олар, өз тарапынан, негізінен исламдық қағидаттарға негізделген. Осы топқа жататын салт-дәстүр, әдет-ғұрып, амалдарға қатысты мәселелер туралы соңғы кездері біршама пікір алмасу, кейде қарама-қайшы пікірталас та орын алып жатқанын айта кету ләзім. Сондықтан бұл мәселе әлде де болса бұқара халық пен мүфтиат тарапынан айрықша байыппен жан-жақты да жүйелі талқылауды күтіп тұр.
Жетінші топқа қазақ халқының жалпы дүниетанымдық білімі мен көзқарасына қатысты мәліметтерді жатқызуға болады. Олар негізінен қазақ халқының табиғатқа: аспан әлемі, жер беті, жер асты дүниелеріне, тіршілік етіп отырған қоршаған ортаға, жылдың төрт мезгіліне, ауа райына, төрт түлік малға, сонымен қатар жалпы тылсым дүниеге және т.б. деген көзқарасы, түсінігі, түйсігі және нақты қатынасына байланысты салт-дәстүрлік, әдет-ғұрыптық, ырым-жырымдық құндылықтары мен рәсімдері жатады. Бұл жерден туындайтын басты тұжырым – көшпелі қазақ қауымының тіршілік жасайтын табиғи ортасымен, бүгінгі тілмен айтсақ, нағыз да шынайы «эколог» ретіндегі үйлесімді қарым-қатынасының болғандығы.
Сегізінші топқа қазақтың қасиетті де киелі бата-тілектеріне қатысты халқымыздың осы күнге жеткен бай мұрасын жатқызуға болады. Бұл жерде әңгіме алдымен бата сұрау салты, батаның түрлері туралы болмақ. Айталық, оларға ықылас батасы, ас батасы, алғыс батасы, игі бастамаларға берілетін бата, мереке батасы, сапар-жорық батасы, наурыз батасы, той батасы, ас-нәзір батасы, қарияларға берілетін бата, сәбилер мен балаларға берілетін бата, қыздарға берілетін бата, келіндерге берілетін бата, жас жұбайларға берілетін бата, шаңыраққа берілетін бата, ел мен жерге берілетін бата, күйеу бала мен қарындасқа берілетін бата, соғым батасы, жезде, құрбы-құрдастарға берілетін бата, лауазымды адамдарға берілетін бата, мал басына берілетін бата т.б. жатады. Бұл жерде қазіргі кезде ақсақалдар (үлкендер) тарапынан «бата беру өнерінің» біршама ақсап тұрғанын еске салғым келеді. Осыған сәйкес болашақта елімізде «бата беру институтын» жаңғыртуға бағышталған әрқилы тақырып бойынша әрдеңгейлі (ауыл, аудан, облыс, республика) мүшайра-жарыстар ұйымдастырылып отырса деп те армандаймын.
Қазақ халқының болашақта то¬лыққанды ҰЛТ ретінде қалыптасып-толысып, мүмкін одан әрі шырқай даму ісінде, еліміздің әлемдік аяда қайталанбас болмысы мен бейнесін жасауда халқымыздың бағзы заманнан бергі іргетасы мен күретамыры болып келе жатқан асыл мұрасы – оның ұлттық дүниетанымы мен құндылықтары, олардың аясында игілікті де ізгілікті салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы екендігі бұлжытпас тұжырым. Олай болса, еліміздің бүгінгі және кейінгі заманның әрбір саналы өкілі мемлекетіміздің «Рухани жаңғыру» тұжырымдамасы аясында өз ойы мен сөзін, болмысы мен тіршілігін, іс-әрекеті мен мінез-құлқын халқымыздың өзіне тән төл құндылықтарымен, жоғарыда айтылған және айтылмай қалған қасиетті де киелі салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен салыстыра, салғастыра, қиюластыра, үйлестіре отырып жүргізуі, дамытуы тиіс және бұл іс-шара амалдар оның бабалар алдындағы жоғары парызы дер едім!
Орақ ӘЛИЕВ,
«Тұран-Астана» университетінің профессоры

Leave a reply