Түркістан – қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы

0
139

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмалар кезең-кезеңімен орындала бастады. Маусымның 5-індегі референдумға бүкіл республика жұртшылығы зор белсенділікпен қатысса, жалпы Түркістан облысы өңірлерден оза шауып көш бастады. Осыдан төрт жыл бұрын құрылған Түркістан облысы мен құрылғанына бір жыл болған Сауран ауданы тұрғындарының да азаматтық позициялары нығайып, үлкен істерді атқаруға ынта-жігері өсе түсуде.

Президент Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Мен бұл мәселеге 2019 жылғы Жолдауымда кеңірек тоқталдым. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстаным әрдайым өзекті. Осы орайда, еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы өте маңызды. Бұған дейін Шымкент республикалық маңызы бар қалаға айналды. Облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілді. Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталды. Бұл қай жағынан алсақ та, дұрыс қадам болды. Оны халық өте жылы қабылдады. Мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осы үрдіс жалғасатынын айтқан едім»,- деп ерекше тоқталды.

Жоспары мен келешегі талқыланған әрі бекітілген шаһарды дамытудың жұмыстары төрт жылдан бері қарқынды жүріп келеді. Ауқымды құрылыс жұмыстары басталып қазірге дейін салынып жатыр. Кезегінде бой көтеріп пайдалануға берілгендерін ретімен айтамыз. Қалам ұшын облыс орталығында болған елеулі оқиғаларға бағыттап көрейік.

Облыс орталығына айналған шаһарды әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, Түркістан қаласының идеологиялық негіздемесін қалыптастыру бойынша 4 бағыт айқындалған болатын. Олар: біріншіден, Түркістан – қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы. Екінші, Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы. Үшінші, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы. Төртінші, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға бағыттарына арналды. Бұл бойынша да жұмыстар жүйелі орындалып келеді.

Түркістан облысының өзі салған облыс әкімдігі ғима­раты, Нұр-Сұлтан қаласының сыйға тартқан «Нұр-Сұл­тан» алаңы, Алматы қаласы салғызған медиа­орталық, Солтүстік Қазақ­стан облысы тарту еткен олимпиада резерві спорт мектебі, Батыс Қазақстан облысы салған музыкалық мектеп, Павлодар салып берген Халыққа қызмет көрсету орталығы, Қызылорда облысының шығыс моншасы, Жамбыл облысының қабылдау орталығы, Шығыс Қазақстанның музыкалық субұрқағы, Маңғыстаудың амфитеатры, Қостанайдың неке сарайы, жеке инвесторлар салған «Түркістан» автобекеттерін атауға болады.

Олардың ішінде «Әкімшілік-іскерлік орталықта» 8 нысан бар. Оларды атасақ: 7000 орындық стадион, Оқушылар сарайы, Департаменттер үйі, Басқармалар үйі, Конгресс холл, Цифрлық кеңсе, Аттракциондар саябағы. Келесі «Рухани-мәдени орталықта» 7 нысан бар. Бұл қатарда Ясауи мұражайы, «Ұлы Дала» орталығы, Қолөнер шеберлері орталығын қайта жаңғырту, Ғылыми-әмбебап кітапханасы, Драма театры, Тұңғыш Президент саябағы, Арбат болып саналады.

Әрқайсысы 120 бөлмеден тұратын жеке инвестициялар есебінен туристерге лайықты сервистік қызмет көрсететін «Rixos», «Нұр-Әлем», «Hampton by hilton» атты қонақ үй кешендері қала келешегінің көрінісі секілді. Оны көрген адам таңдай қақпай тұра алмасы тағы бар. Тағы бір ерекше құрылыс ретінде «Рухани-мәдени орталық» бағытына жататын «Керуен Сарайының» құрылысын айтпай кету мүмкін емес. Бұдан өзге, Қ.А.Ясауи кесенесінің буферлік аумағында абаттандыру жұмыстары соңына да шықты. Сондай-ақ, аумағы 20 гектарды құрайтын Б.Саттарханов даңғылы бойындағы желілік саябақтың құрылысы аяқталған. Енді тілге тиек ететін бірегей құрылыстың бірі қаладан 16 шақырым қашықтықтағы Шаға елді-мекенінен бой көтерген Халықаралық әуежай.

Leave a reply