ТҮРКІСТАН: ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ӘДЕП-ҒҰРЫПТАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ҚАНДАЙ?

0
39


Дәстүрлі қазақ қоғамында жасы үлкен адамдарды құрметтеу рәсімі ежелден бар болатын. Ондай құрмет жасы үлкен кісінің қай рудан, қай жүзден, қай ұлттан екендігіне қарамай көрсетілетін. XIX ғасырдың аяқ кезінде неміс ғалымдарының бірі Ф. фон Шварц былай деп жазған болатын: «Қырғыз-қайсақтарда сұлтан, батырлармен қатар барлық жасы үлкен, қартайған ер азаматтардың бәрі де кім екеніне, қандай тектен шыққанына қарамай, ерекше сый-құрметке бөленеді». Олар барлық мерекелерде, жиын-тойларда құрметті орындарға, төрге шығарылады. Жиналыстарда олар елеулі рөл атқарады. Жастар олардың айтқан сөзін жерге тастамай, мүлтіксіз орындайтын. Жас жігіт үшін үлкен табақтан ақсақалдың өз қолынан ет асау ең жоғары марапаттың белгісі саналатын. Кіші іні үлкен ағаның рұқсатынсыз дастарқан басына өз бетінше ешқашан отырмайтын.
Жас адамның үлкен кісінің алдын кесіп өтуі көргенсіздік деп есептелінетін. Бұл ереже әйел адамның ер азаматтың алдын кесіп өтпеуіне де қатысты болатын. Жасы кішілердің жасы үлкендерге дауыс көтеруіне барып тұрған әдепсіздік ретінде үзілді-кесілді тыйым салынатын. Әңгіме үстінде жасы үлкен кісінің сөзін бөлуге ешқашан рұқсат етілмейтін.
Жастар алыс жолға аттанарда не үй болып, шаңырақ көтерерде жасы үлкен ақсақалдардың алдынан өтіп, ақ батасын алатын. Қазақтар жасы үлкен әрі құрметті адамдардан мұндай батаны жауға аттанарда да тілейтін.
Тамырлық әдет-ғұрпы
Қазақтардың арасында достасып-бауырласу немесе тамыр болу әдет-ғұрпы да кеңінен тараған. Бұл рәсім куәлардың көзінше салтанатты жағдайда өткізіліп, нығайтыла түсетін. Рәсім кезінде екі дос қылыштың не қанжардың жүзін сүйіп, мәңгі адал дос болуға серттесіп, ант ішісетін. Олар бір-біріне мәңгі достықтың белгісі болсын деп қымбат бағалы бұйымдар ұсынатын. Дос-жаран, тамырдың үйінде қашан болса да қонуға болатын, ал үй иесі оған қолдау көрсетіп, қамқорлық жасайтын.
Қазақстан аумағында Ресей қазақтары мен қоныс аударып келген орыс шаруаларының пайда болуына байланысты мал өсіретін көшпелі қазақтар мен егін салатын отырықшы орыстардың арасында достасып, тамыр болу әдет-ғұрпы етек алды. Іс жүзінде әр қазақтың орыс шаруалары мен шекара шебіндегі әскери қазақтардың арасында өзінің тамыр-досы болды. Мұның өзі халықтар арасындағы достықтың кеңінен қанат жаюына игі ықпалын тигізді. Әдетте олар бірінің тілін бірі үйренді, бірінің мәдениетін бірі құрметтеді. Бұл әдет-ғұрыптың ең мықты түрі дос-тамыр болу еді. Олар бір-бірінен өздеріне ұнаған нәрсесінің бәрін де қалап ала беретін. Дос-тамырлық әкеден балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кете беретін сипат алды.
Қоныс таңдау әдет-ғұрпы
Қазақтарда қыстаудан өзге жер меншігінің толық дерлік жоқ болуы себепті көшіп-қонып жүруі үшін уақытша қоныс таңдау әдет-ғұрпы кеңінен таралған болатын. Ал жайылымның негізгі бөлігі қоғамдық меншік негізінде пайдаланылатын. Мұндай ереже 1867—1891 жылдардағы әкімшілік реформаларының қолданылу барысында да сақталып, бекітілген еді. Алайда көші- қон үшін кейде жер дауы да туындап отырды. Бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып бойынша, ауылдар мен ру ақсақалдары өздерінің бірінші жетіп қоныс тандаған жерлеріне арнайы белгілер қоюы тиіс саналатын. Ондай белгілер жерге найзаның сабын немесе құрық қадап кету арқылы қойылатын. Құмның бетіне немесе сазды жерге сол ру таңбасының суреті салынатын. Немесе биік өскен шөптің басын буып, белгі салып кетуге де болатын. Мұндай белгілері бар жерлерге өзге ешкімнің қоныстануына рұқсат етілмейтін.
Егер жаңа қонысқа әр түрлі ауылдардың өкілдері бір мезгілде келе қалса, онда жер дауы мынадай тәртіппен шешілетін: сұлтан мен қатардағы қазақ дауласса, сұлтан жеңіп шығатын, би мен старшын дауласса, старшынның мерейі үстем болатын, ал егер би мен қатардағы қазақ дауласса, бидің талабы орындалатын. Егер жер дауы сұлтан мен сұлтанның, би мен бидің, старшын мен старшынның, қатардағы екі қазақтың арасында болса, онда олардың қай жасы үлкені жеңіске ие бола алатын. Жерге дауласушылардың мәртебесі мен дәрежесі тең болған жағдайда олардың қай жағының руы не тайпасы жолы жағынан үлкен болса, сол жағына артықшылық берілетін.
Отбасы және неке саласындағы әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер
Сөз болып отырған кезеңде қазақтарда отбасы мен некеге қатысты сонау ежелден ккеле жатқан бірегей әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері болатын. Дүниеге келген жас нәрестеге оның құлағына азан шақырып ат қойылатын. Жасы үлкен туысқандардың бірі Құраннан аят оқып, нәрестенің атын оның құлағына үш рет қайталап дауыстайтын.
Ер бала 3,5 және 7 жасқа толғанда оны сүндетке отырғызу рәсімі өткізілетін. Сүндет тойына қонақтар шақырылатын, ат шаптырылып, спорт жарыстары өткізілетін.Ата-ана өздерінің ұлын үйлендіру қамын әрқашан ойластырып жүретін. Болашақ келінді бала кезінен іздестіре бастайтын. Тіпті балалар дүниеге келмей жатып-ақ атастыру рәсімі болатын. Құдаларды өнегелі, құрметті, текті жерден іздестіретін. Құда түсудің салт-дәстүрлері бойынша арнайы рәсім өткізілетін. Қазақтарда жеті атаға толмаған туыстар арасында неке қиюға қатаң тыйым салынатын.
Баланы үйлендіруге қатысты әдет-ғұрыптардың реті мынадай болатын: құда түсуге алдын ала келісу, ата-ананың құда түсуі, күйеудің қалыңдыққа ұрын баруы, келін түсіру тойы, неке қию рәсімі. Ұзатылатын қыздың әкесі құда түсіп келген құдаларға құйрық—бауыр жегізетін. Бұл салт-дәстүр құдалық рәсімінің орындалғанын көрсететін. Ал құдалық екі жаққа да белгілі міндеттер жүктейтін. Құдалықтан айнуға болмайтын.
Құда түсудің ресми бөлігі аяқталғаннан кейін жігіт жағы қыздың қалыңмалын төлейтін. Қалыңмал әдетте мал басымен есептелетін. Оның мөлшері құда түсушілердің қаншалықты бай, ауқатты екендіктеріне қарай белгіленетін. Қалыңмалдың мөлшері 5 жылқыдан 1000 жылқыға дейін жететін. Үйлену тойы кезінде құдалар бір-біріне киіт кигізетін болған. Ол түрлі қымбат бағалы киімдерден, мата кездемелерден, мал басынан тұратын. Құдалар жағы бір-бірімен қоржын алмасып, өзара сыйлық жасасатын. Үйлену тойының әдет-ғұрыптары неке қию рәсіміне ұласады. Қазақтардың дәстүрлі қоғамында қыздың жасауын берудің де зор маңызы болды. Жасау қыз баланың жас кезінен әзірлене бастайтын. Қыздың жасауына киіз үй, кілем, текемет, сырмақ сияқты бұйымдар, киім-кешек түрлері мен ыдыс-аяқтар, әр түліктен тұратын мал басы және басқалары кіретін болған.
Күйеуі өліп, жесір қалған жае әйелге күйеуінің жақын туыстарының біреуі әмеңгерлік жолымен үйленуге құқықты саналатын. Көшпелі қазақ халқының өмірінде мұның әлеуметтік маңызы үлкен болды. Әйел ерден кетсе де елден кетпеді. Марқұм болған адамның балалары өз руының, өз туысының қарамағы мен қамқорлығында қалды, жат жұртқа жіберілмеді. Өйткені олар өз туыстарының арасында жетімдік көрмейді, бейшаралық халге душар болмайды. Сондықтан да құдалардың арасы суыспайды. Егер біреудің отбасы перзент көрмесе немесе баласы тұрмай, шетіней берсе, ол алдын ала келісім бойынша, өз туыстарының бірінің баласын бауырына басып, асырап ала алатын.
Жеке шаңырақ көтеріп, ата-анасынан еншісін алып шыққан жас отбасында күнделікті тіршілігіне қажетті нәрсенің бәрі де — отауы, төсек-орындары мен үй ішінің жабдықтары, есік алдында малы да болатын. Ежелден келе жатқан әдет-ғұрып бойынша ата-анасының қолында кенже ұлы қалып, қара шаңыраққа бүкіл мал-мүлкімен қоса иелік ететін. Қазақтар өздерінің ата-анасын ешқашан тастап кетпейтін. Даланың жазылмаған бұл әдет-ғұрпын бұзғандарды қазақтар нағыз жексұрын, жауыз жандар ретінде жек көрді.
Қазақтарда бата беру әдет-ғұрпы кеңінен етек алды. Ол әрбір іске кірісер алдында міндетті саналатын. Бата поэтикалық тілмен жалпы жұртқа қарап тұрып беріледі. Онда бата беруші адам езгелерге ізгі жақсылық, табыс тілейді Батаны жасы үлкен адам немесе жолы үлкен қонақ беруі тиіс. Бата беруші Жаратушы Алладан бақытты өмір, материалдық байлық, әрбір істе табысты болуын тілейді. Бата екі қолды ілгері қарай жоғары созып, екі алақанды өзінің жүзіне қарата бұрып тұрып беріледі. Бата беру «әумин» деген сөзбен аяқталады.
Бата адамдарды лайықсыз, теріс қылықтардан сақтандырады, ол жастарды, ізгілікті әрі қайырымды істерге баулиды. Қандай да болсын бір іске кірісерде, дастарқаннан дәм татуға отырғанда немесе жол жүріп, алыс сапарға аттанарда әркім ақсақалдардан бата алатын болған. Бата шаңырақ көтеріп, жеке үй-жай болғандарға да беріледі. Қазақтар өздерінің балаларына атақты кісілерден, құрметті қонақтардан бата алып қалуға тырысқан. Ислам дінінің таралуына байланысты бұл дәстүр бұрынғысынан да күшейе түсті. Қайтыс болған адамның үй-іші мен туған-туыстарына көңіл айту кезінде де бата беріледі, марқұмның өзіне де, артында қалған үрім—бұтағына да ізгі тілектер білдіріледі.
Қазақтар бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қазақтың дәстүрлі тәрбиелік үлгі-өнегелері ұрпақтан ұрпаққа ауысып отырады.
Жиналып тұрған топқа жақын келген адам оларға бірінші болып сәлем беруге міндетті. Атты адам жаяу кісіге, жасы кіші үлкендерге бірінші болып сәлем береді. Алға келген астан алдымен жасы үлкен адам дәм татады. Тамақ ішіп отырған кезде көп сөйлеуге болмайды. Балаларға жақсы тәрбие, үлгі-өнеге беруде мақал-мәтелдердің атқаратын рөлі зор. Халық даналығы балаларды еңбексүйгіштікке, алды-артын аңдап сөйлейтін сақтыққа, адамгершілік асыл қасиеттерге баулиды. Мәселен, «Аққа Құдай жақ», «Батырдың күші — айласында», «Асықпаған арбамен қоян алады», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды», «Жаздың бір күні жылға азық», «Жақсыда жаттық жоқ», «Жаман үйді қонағы билейді», «Жақсы жігітке жеті өнер де аз» сияқты мақалдардың тәрбиелік маңызы зор.

Leave a reply