ТҮРКІСТАН: ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ПЕН ҚАЙЫР СҰРАУДЫҢ АРАЖІГІ ҚАНДАЙ?

0
36


«Түркістанда тумақ түгіл адамдар,
Түркістанда тұрғанына мақтанған».
Тағдырлы ақын, аурумен арпалыста өжеттіктің эталонына айналып, «Қазақтың Островскийі» атанған, өзіміз көзіміз көріп, тырнақалды туындымызды алғаш оқуға ұсынып, ақыл-кеңесін алған, бір көшеде көрші тұрған ақын ағамыз Өмірбай Сәуірбаевтың осы екі қатар жыр шумақтары шамамен өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында жазылған екен. Қасиетті Түркістанымызға кеңестік дәуірдің мейірі түспей, мұзы ерімеген, тоң-теріс қабағынан қар жауып тұрған заманда, осыдан жарты ғасыр бұрын көрегендікпен айтылған қанатты сөздер туған қаламыздың асқақ абыройын, қол жетпес биіктігін паш етіп тұрған жоқ па? Расында да, түлеп-түрленген Түркістанымызға көз тоймайды. Алла жар болып, әрдайым, қолдасын! Алайда, көне шаһарымыздың мәртебесі айналасына көрік беретін заманауи құрылысы мен архитектуралық сәулетімен ғана бағаланбаса керек. Әдемі өлкенің адамдары да әдемі. Мәдениеті де өркендеген, иман мен қайырым ұялаған әдебімен де әсем. Біз бұл жағынан да мақтана алады екенбіз. Қоршаған ортаның көркемдігі, тауы мен тасы, тамаша табиғаты өз алдына бір төбе. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына күрек ұстауға жарайтын қазыналы қарттарымыздан бастап жас өскін кейінгі ұрпақ өкілдері де тынбастан атсалысуда. Түркістан облыстық ақсақалдар алқасы қоғамдық бірлестігі бұл қозғалысты осыдан бес жыл бұрын бастап «Түркістанды гүл қалаға айналдырайық!» – деген ұранмен 40 000 түп ағаш, 100 000 түп гүл отырғызып, үлгі көрсеткен болатын. Мұның бәрі айналасына шуақ шашқан керемет көрініс. Жақсы тұрмыстың нышаны. Дегенмен, осындай қарқынмен дамып келе жатқан туристік қала өміріне селкеу түсіретін жағдаяттар да жоқ емес. Мен әңгімемді осы бағытта өрбітіп көрейін. Ойды, қашанда, ой қозғайды. Бұл тақырыпқа назарымды аударған да, қолыма қалам алуға түрткі болған да әріптесім Несібелі Иманқұлованың әлеуметтік желіге жазған төмендегі жазбасы. Кейде күнде көре берген соң көзің үйреніп кеткен жағдайға тереңірек қарауға оймақтай ойдың себеп болатыны бар.
АВТОБУСТАҒЫ ҚАЙЫРШЫЛАР
Автобустан автобусқа ауысып, «ауру балаға» деп қолына жәшігін ұстап алған, тепсе темір үзетін жас жігіттердің осы әрекеті қаншалықты дұрыс? Қайыр жинауға дағдыланып алған жастар өмір бойы осылай жүре ме, олардың болашағы не болады? – деп жазады автор жаны күйзеліп. Жанына қолына қаржы жинайтын қобдиша ұстаған жасөспірімнің бейнежазбасы қоса салыныпты. Бұл, расында да, соңғы бірер жылда қаладағы қоғамдық көлікте жиі кездесіп жүрген, сондықтан да көбіміздің көзіміз үйреніп кеткен көрініс. Жалпы, біздің табиғатымыз қызық. Анайы көрінсе де, кей нәрсеге «Сен тимесең, мен тиме» – деген ниетпен немқұрайлы қарап отыра береміз. Әйтпесе, біріміздің ұлымыз, біріміздің қызымыз секілді өрімдей жастарға үлкендік жолмен ақылға шақырып, тоқтау айтсақ та артықтық етпес еді. «Бұл әрине, әркімнің жеке қалауы» – дерсіз, бәлкім? Дегенмен, бір автобустан екінші автобусқа ауысып, бірдей қобдиша, бір түсті қамзол киіп жүрген еріктілердің өз бетімен емес, бір ортадан басқарылып отырған жүйелі жолға қойылған әрекет арқылы жұмыс істеп жүргені айдан-анық, көзге ұрып тұр. Оларға бір адам жолақы төлемесе бірнеше рет ескерту жасайтын көлік жүргізушілері де, бақылаушылар да еркін жол беріп, кедергі келтіре қоймайды. Осы орайда «Байдың асын байғұс қызғанады. Садақаны беріп жатқан біреу, алып жатқан біреу» – деген пікірлердің де бой көтеруі мүмкін. Дегенмен, бұл мәселенің байыбына тереңдеу үңілгеніміз жөн. Жоғарыда айтылған Несібелі Иманқұлованың жазбасына үн қосқан жерлестеріміздің жан айқайы да осыған меңзейді. Кейбірін назарларыңызға ұсынып көрейін:
Эльмира Қалыбайқызы: Өте көбейіп кетті. Шымкенттен келдік деп те осындай жастар жүреді көліктен көлікке ауысып. Шынымен діттеген жеріне жібереді ме екен жиналған садақаны деген ой келеді еріксіз. Ал мына жігіт осылай алақан жайғанша жұмыс істесе дұрыс болар еді. Әлде жұмысы осы ма?
Дана Орманова: Несібелі Иманкұлова осыны айтып жазудай жаздым. Біз Еріктілерді емес қайыршыларды тәрбиелеп отырмыз. Өте дұрыс айтасың.
Осылай жүруге еш намыстанбағанын ұялам. Өзім Шымкентте жалған жәшікке түскен 80 мың теңгені алып тұрған адамды учаскелік полицияға тапсырғанмын. Жәшікте жалған фото болған. Жалпы жазылмайтын аурулар бар, олар мемлекеттен тиісті көмектің бәрін алып отыр. Кейбірінің жағдайы көп адамнан көш ілгері. Мемлекеттен алғанды місе тұтпай осылай ақша жасайды. Кейінгі кезде осыған тоқтау болмаған соң қойып едім. Зайырлы ерекше қала болудың орнына қайыршы қалаға айналдыруда. Айта берсең әңгіме көп, санасыздардың көптігі болып тұр.
Айгүл Сапар: Өте орынды мәселе. Бірде асықпай біреуінің құжатын көргенім бар. «Сақадай сай» етіп қойған. Ай, артында «үлкен милы» біреу тұр. Тексеру керек шетінен ұстап алып. Адам болған соң садақа тастаймыз. Сонда дәрі-дәрмекке, қараушыға бергені жетпей ме? Оны реттейтін құзырлы органдар қайда?! Шикілік… Бұл қайыршылықты тоқтату қажет. Билікте отырғандар осындайды көріп ұялмайды ма екен?
Жазира Нұрмаханова: Дұрыс айтасыздар, бұлай кете берсе, жастарымыз қайыршы болып кетер. Автобусқа мінгенде үнемі осы ақша шынында да сол ауру балаға жете ме екен деген ой мазалайды. Шынында осындай қайыршылықты тексеретін құзырлы органдар тексере ме?Негізі биліктегілер қоғамдық көлікке мінбейтін болған соң мұнайдан хабары жоқ шығар.
Нахып Шынтеміров: Жастар арасында жұмыс істемей қайыр сұрайтындар көбейіп кетті. 12 мүшесі сау адамға бермеу керек садақаны.
Міне, осы үн қосулар мен пікірлерден-ақ әріптесімнің көпшілік көкейінде жүрген маңызды мәселені көтеріп отырғанына, енді оны «ұзын арқау, кең тұсауға» салмай, нақтылы шара қолдану керектігіне көз жеткіземіз. Жалпы, қайыр сұраудың кәсіпке айналып бара жатқандығы туралы баспасөз беттерінде де, әлеуметтік желілерде де аз айтылып жүрген жоқ. Түркістан – қарапайым күн кешіп жатқан қатардағы қалалардың бірі емес. Түркістан – дүние жүзі таңдай қағып отырған рухани астана. Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы мәртебесін ресми иеленген бас қала! Жылына мыңдаған турист ат басын тіреп, рухани нәр алатын, тау мен тасына дейін «тіл бітіп, сайрап, сөйлеп жатқан» тарихтың кені, әулиелі жерлері мен топырағын бір басқан адамның есінде мәңгілік қалатын қасиетті өлке. Маңдайымызға Алла берген осындай керемет өңірге ынтығып келген меймандарымыздың, бірден көзіне түсетіні де жол жағалауында отырған қайыршылар, әрбір дүкенде тұрған «шағын садақа қобдишалары». Тіпті, қаланың орталық көшесі Тәуке хан даңғылының бойындағы бағдаршам жанында қайыр сұрап отырған адамның төбесінде қолшатыр, мойнында «Kaspi» номері, жанында сусыны. Ащы да болса, езу тартасыз. «Апырай, қайда барар екенбіз?» – деп ойға берілесіз.
Осы көкейтесті тақырыпты бұрын да қалалық «Түркістан» газетінің 2016-жылы 14 қазанында жарық көрген «Қайыр сұрау кәсіп болып кеткен бе?» деген мақаламда жазып, жан-жақты көтерген екенмін. Бұл туралы өткен жылы Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың «Ынтымақ» үйінде қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдармен өткізген басқосуында «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Жармаханұлы да көтерген болатын. Шындығында, осы жасқа келіп байқағаным, жағдайы төмен, шын көмекке мұқтаж адамдардың арасынан қайыр сұрап, көшеге шығатындары некен-саяқ. «Жаным – арымның садағасы» – деген намыс бар олардың бойында. Біздің қаланың көркін бұзып тұрған «келімсек қайыршылар». Тіпті, қайыр сұрап отырған сол жарымжан жандардың бас еркі жоқ, мәжбүрлікпен, ыстық күннің астында шыжып отырған сияқты көрінеді маған. Бірде осындай ғаріпке жаным ашып, су апарып бергенім сол еді, мен ары ұзамай-ақ, бір әйел әлгі қайыр сұрап отырған мүгедекке жетіп келіп, «суды кімге алдырдың?» – деп тергеп жатты.
Бұл тақырыпты айта берсек, ұзын-сонар әңгіменің басына да, аяғына да жету мүмкін емес. Бірақ, бұдан шығатын қорытынды, жалпылама сипат алған бұл бассыздыққа нүкте қоятын кез келді. Өзгесін былай қойғанда, қауызын енді жарып, өсіп келе жатқан жауқазын жастарымыздың санасын улап, автобус аралатып қойған көрініске бейжай қарағанымыз – ел болашағы саналы жастарымыздың жарқын өміріне балта шабумен тең.
Бір жылы маған да ел-жұрт ентелеп барып жатқан Біріккен Араб Әмірліктеріне барудың сәті түсті. Онда барғандар міндетті түрде Шейх Зайдтің Абу-Даби қаласындағы үлкен мешітіне барып, тәу етіп, зиярат жасап қайтады екен. Сол үрдісті бұзбай біз де бардық. Мешіттің сән-салтанаты, ішкі тәртібі, келушілерге жасалған жан-жақты сервистік жағдай туралы айтпай-ақ қояйын, мені таң қалдырғаны, бірде-бір жерде өзіміздің Қ.А.Ясауи кесенесінің кіре берісіне қойылғандай «қайырымдылық жәшігін», «садақа қобдишасын» көрмедім. Оны айтасыз, «Қайырымды да сауапты істер түрлі пәле-жаладан сақтайды» – деген мазмұндағы имандылықты насихаттайтын сөздер жазылған ұран-плакаттар да жоқ. Шамасы, иман мен қайырымды әрбір адам ұрандамай-ақ, өз жүрегімен жасасын деген ниеттен туындаған болу керек деп ұқтым. Қайырымдылық жасап, садақа беретіндерге де шалғай жақтан, сырт көздерден таса арнайы дайындалған ресми орындар бекітілген екен осы елдің жайын жетік білетіндердің айтуынша. Жол-жөнекей отырған қайыршыларды да кездестірмейсіз. Қаланың сырт көрінісінен, келбетінен жақсы тұрмыстың лебі есіп тұр. Керемет! Қолыңды екі жағыңа қанат қып жайып, рахаттанып шыр көбелек айналғың келеді. Айнала тап-таза. Кедейлікті, жоқшылықты еске түсіретін, ақша сұрап алақан жайып жүрген ешкім жоқ. Тіпті, өзің де түсінбейтін бір сезіммен көңілің көтеріледі екен. «Шіркін, менің елім де, туған жерім де осындай дәрежеге жетсе ғой» – деп армандадым. Қолымды көкке көтеріп, жақсы тілек тіледім. Мешітке кірер алдында арнайы қойылған банкоматтардан билет алдық. Бағасы есімде жоқ. Бар жұмсаған шығынымыздың бас-аяғы сол. Мешіттің аумағын аралататын арба-автобустары да тегін. Бірінен кейін бірі үздіксіз келіп, қалаған жеріңе ақысыз, тегін жеткізіп тастайды. Біздің «Керуен сарай» кешіндегі сияқты қадам бассаң «пәлен теңге» – деп ақы сұрап жүрген адам жоқ. Бір сөзбен айтқанда, сервис те, бәрі жолға қойылған. Әр жерде таудан аққан бұлақтай мұздай суы сарқыраған «Сауап су» крандары қойылған. Шөлдесең мейірің қанғанша іше бер. Сырттағы елу градус ыстықты іштегі салқын кондиционер сездірмейді. Намаз оқығыңыз келсе, бір реттік қағаз жайнамазды қолыңызға ұстата қояды. Біз де сондай дәрежеге жетуге ұмтылуымыз керек. Көп болып біріксек, туған жерге жанашырлықпен қарасақ, билік басындағылар тиімді бағытта жасаған бағларламаларды жүзеге асырсақ, аспайтын асу, алмайтын қамал жоқ деп ойлаймын.
Ал, қаншама тарихи күйзелістерді бастан өткерсе де, Алланың құдіретімен сақталып қалған киелі мекен – Түркістанымыздың, Қ.А.Ясауи бабамыздың «менмұндалаған» көк күмбезді кесенесі, ұлы әулиені айнала қоршап жатқан 21 хан, 8 сұлтан, 19 би, 200-ден астам шешендер мен көсемдер, бір сөзбен айтқанда, қазақ тарихында орны бөлек тұлғалар мен киелі бабаларымыз, бүкіл қазақтың әруағы мәңгілік тыныстап жатқан Түркістанның келешегі де, мүмкіндігі де жоғарыда мысалға келтірген, бүкіл жұрт «аузын ашып, көзін жұмып» таңдай қағатын шетелдерден әлдеқайда мол. «Тек қолда барды ұқсата білейік. Тек, туған елімізге жанашырлық танытайық. Сүлесоқ, бейжай қарамайық!» – деген ұрандаған сияқты болса да, көкейіме лықсып келген осы ойымды жерлестеріме жеткізгім келеді. Мен өмірімнің біраз бөлігін туған жерден тысқары жерде өткіздім. Сонда жөн сұраса келе, менің Түркістаннан екенімді білген кезде екі адамның бірі орнынан атып тұрып, қолымнан ұстайтын. «Шынымен Түркістанда туғансыз ба?» – деп қайталап сұрайтын. Жасы үлкен әжелер орнынан тұрып, маңдайымнан сүйіп, тәу еткендей болатын. Ол кезде жас едік. Көп нәрсенің байыбына бара бермейтінбіз. Енді ойлансам, «Сауран», «Сарайшық» сияқты жойылып кеткен қалалардың қатарында кетпей, Түркістанның дін-аман қалуының өзінде жоғарыдан келген тылсым күш барын сезінесің. Сезінген сайын кеудеңді мақтаныш кернейді. Көңілің тоғайып, бақыт құшағында тербелесің! Қандай ғажап күй десеңші! Шынында, Түркістанда туу да, Түркістанда тұру да, Түркістанға еңбегіңді сіңіру де бір бақыт!
Р.S: Таяуда Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, абыз ақсақалымыз Жарылқасын Әзіретбергенұлы облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының үлкен залында өткен «Тұғыры биік – Түркістаным» атты республикалық «Әкім аға тілеулестері» оқырмандар бірлестігінің VІІІ форумында сөйлеген сөзінде мынадай бір ұсынысты ортаға тастаған еді:
«Жапонияда Фудзияма деген биік тау бар. Жапонияның президенттері, билік басшылары сол таудың басына шығып, бүкіл жапон халқының алдында ант береді. Ол жерде өтірік айту мүмкін емес. Қалыптасқан наным-сенім сондай. Мен сондай үрдісті Қазақстанда да іске асырса деймін. Түркістан – халқымыздың жайсаңдары мен қасқалары мәңгілік тыныстаған бүкіл қазақтың орталығы. Сондықтан да, еліміздің Президенті, Үкімет басшысы, Парламент депутаттары, министрлер мен облыс әкімдері ант берген кезде Астанада тұрып емес, Түркістанға келіп түнеп, ертеңіне Ордабасы тауының басына шығып тұрып, антты сол жерде беру керек. Сонда кейбір азаматтарымыз, ойланар ма еді?» – деп аяқтаған сөзін Түркістан облысының құрметті азаматы, дәйім жаңашыл бастаманың ұйытқысы болып жүрген қазыналы қартымыз.
Бұл ұсынысты көпшілік қолдар, я қолдамас. Бұл әркімнің өз еркіндегі дүние. Бірақ, осы айтылған тілек-ниеттердің бәріне ортақ бір мақсат бар.
Ол – қайткенде, қалай елімізді өркендетеміз? Төрт қақпалы Түркістанның бет-бейнесі, кескін-келбеті қайткен күнде атына заты сай болмақ? – деген түбегейлі мақсат, байыпты бағыт. Бүгінгі мақала тақырыбына өзек еткен қайыршылықтың алдын алу, жоғарыда айтып өткен келеңсіздіктерді жою – қала келбетін атына сай өркендету жолындағы баспалдақтардың бірі. Өйткені, туристік астананың тұтас келбеті осындай көптеген бағыт-тармақтардан тұрады. Кез келген үлкен істің шағын нәрседен бастау алатынын ұмытпайық, ағайын!
Роза НАРЫМБЕТОВА,
Түркістан.

Leave a reply