Түркістан қаласындағы жаратылыстану – математикалық бағыттының жүйріктері
Түркістан қаласындағы жаратылыстану – математикалық бағытта олимпиада резервін дайындайтын №28 мектеп-лицейінің оқушылары Түркияның Анталия қаласында өткен «XIV INTERNATIONAL OLYMPIAD IN ANTALYA» атты Халықаралық олимпиадада жеңіске жетті. Мақсат – үздік білім мен тәжірибе, шынайы дарын иелерін тану және табысқа жету жолына серпін беру. Аталған мектеп-лицей директоры Ләззат Нысанқұлова мен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Абайқызының жетекшілігімен барған оқушылар өздерінің шын жүйрік екендіктерін дәлелдей білді. Байқау қорытындысы бойынша 6-сынып оқушылары Сымбат Смайлова мен Альтайыр Нариманов орыс тілі пәні бойынша жүлделі 1 және 3-орындарды қанжығасына байлады. Ағылшын тілі пәні бойынша 6-сынып оқушысы Жанасыл Жандосұлы 2-орынға лайық деп танылды. Жүзден жүйрік шыққан 9-сынып оқушысы Абдуәлім Даулеталин «Мистер Олимпиада» номинациясына ие болды. Ал, география пәнінен командалық жарыста жүлделі 1-орынды жеңіп алды.Жарысқа Халықаралық қазылар алқасы бағасын беріп, кіл мықтылар мен шын дарын иелерін анықтады. 5 мемлекеттен 56 мектеп өзара бәсекеге түсті. Сонымен қоса, білім жарысын ұйымдастырушы тараппен байланысты одан ары нығайту мақсатында Ләззат Жаналықызы арнаулы меморондумға қол қойды.