ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА БИЫЛ ЕКІ «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» АШЫЛАДЫ
Түркістан облысында биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 29 білім ұясы халық игілігі үшін қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Оның екеуі Түркістан қаласында бой көтеріп жатыр. Құрылыс жұмыстарының барысы тұрақты бақылауда.
Жалпы Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 49 мың оқушыны қамтитын 63 мектеп салынып, Оның 29-ының құрылысы 2024 жылы аяқталады. Ал қалған 34 мектептің құрылысы жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен салынатын бұл білім ұялары өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешуге серпін береді.
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров Түркістан қаласында салынып жатқан мектептердің құрылыс алаңдарында болып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Құрылыс басында мердігерлермен кездесіп, бірқатар тапсырма міндеттеді. Кедергілер орын алған жағдайда, дер кезінде хабарлап, әрекет етуді тапсырды.
Алдымен, облыс әкімінің орынбасары облыс орталығында салынып жатқан 2000 орындық жайлы мектептің құрылыс қарқынын тексерді. Бұл мектеп қаладағы №42 көшеде 4 гектар аумақта орналасқан. 4 қабатты нысанның құрылысын «Каратас Майнинг» ЖШС қолға алған. Ғимараттың жалпы ауданы – 20 147 м². Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қыркүйек айында басталған. Оқу ордасын жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.
Түркістандағы «Яссы» шағынауданында салынып жатқан 1200 орындық білім ошағының құрылысын «YDA INSAAT SANAYI VE TICARET ANONIM SIRKETI» АҚ жүргізіп жатыр. Құрылысы 2023 жылдың желтоқсан айында басталған нысанды биыл жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған.
Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға жұмыстың сапасына баса назар аударуды, жұмыстарды белгіленген кестеден кешіктірмеуді, қажет болған жағдайда, жұмыс күшін арттыруды міндеттеді. Оқушылардың саны зерделеніп, қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Сонымен бірге мектептердің жобасы, қолданылатын құрылыс материалдары мен жиһаздары бойынша да ортақ стандарт қабылданған. Ол мердігерлерге ұсынылды.