Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына өтуге байланысты, бүгінде қабылданған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында атқарылып жатқан іс-шаралар мен нақты міндеттер жетерлік. Аталмыш жобада жедел шешімдерді талап ететін әрі халықтың мәселелерін шешуге бағытталған шаралары жөнінде ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов нақты түсіндірген болатын. Осы орайда өзіміздің жергілікті ғалымдарымыздың қазіргі таңдағы өзекті ғылыми бағдарламалар жайлы ойларын айқын білу үшін Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Биология кафедрасының оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Индира Оразғалиқызы Аймбетовамен жүргізілген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Еліміздегі заманауи өзгерістер, тұрақты дамудағы жаңа стратегиялық бағыттар білімге қойылатын талаптарды арттыруда. Осыған сәйкес білім беруді модернизациялау бойынша білім саласында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы жайлы айта кетсеңіз.
– «Кез келген ұлттың өсіп-өркендеуіне, күш-қуаты мен бақытының дамуына білім беру саласынан артық ештеңе көмектесе алмайды», – деп Т. Джефферсон (АҚШ президенті) айтқандай, әлемнің ғылым мен білім технологияларының жедел дамыған уақытында еліміздің білім саласының түбегейлі өзгерістерді үздіксіз қажет етуі заман талабы екенін түсіну қажет. Осы бағытта Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов мырзаның басшылығымен орындалып жатқан жұмыстардың нәтижелері қазіргі уақыттың өзінде біршама оң көрсеткішке ие болуын мойындау қажет. Бұл әрине менің субъективті ойым, бірақ мен сұхбаттасып жүрген педагогтар қоғамының өкілдерінің көпшілігі осы ойға қосылады. Соңғы жылдары пандемия кезінде білім беру саласына үлкен сынақтарды ала келді. Ғаламдық кризис білім саласының приоритеттік бағытына заманауи білім беру технологиялдардың және мұғалімнің сапалық қасиеттеріне үлкен өзгерістер қажет екенін байқатты. Оқушылар мектеп қабырғасында емес, үй жағдайында дистанциялық білім алуы педагогтар қауымының іріктелуін, олардың сапалық бағытта деңгейленуін анықтап берді. Яғни, үй жағдайында оқыған балалардың мүғалімнің талабын орындау деңгейі білім саласындағы приоритеттік сананың фундаменталды өзгерісін қажет ететіні байқалды. Себебі білімгерлердің деңгейлері тек қана міндетті тапсырма орындаумен, оның сапалық жағын сипаттаудан бұрын, цифрлық құралдармен тез есеп беру ғана деңгейімен шектелді. Ары қарай ізденіп, оқу туралы түсінік балаларда болмады. Ал кейбір мұғалімдер балаға тапсырма беріп, оның қаншалықты сапамен орындалғанын ескермейтіндері де бар. Тек қана орындалды деген белгі үшін жұмыс істейтін мұғалімдер бар екенін мойындау керек. Осы орайда жасалып жатқан министрліктердің іс-шаралары педагогикалық процес қатысушыларының сапалық деңгейін айқындайтын, заманауи талаптарға сай даму тенденцияларын меңгеретін мұғалім мен білімгерлерге бағытталған шаралар жасалуда.
Кез келген әлемдік кризистер түрлі мәселелердің бетін ашып беретіні және жаңа мүмкіндіктерді бағытын айқындайтыны табиғи құбылыс. Сондықтан білім саласында жасалынған іс-шаралар мен олардың орындалуына сипаттама берсек, мысалы академиялық ашықтық пен адалдық мәселесіне көңіл бөлінуі; Алтын белгі иегерлері білім деңгейлерін анықтау үшін Назарбаев зияткерлік мектептерінде емтихан тапсыруы, мектеп оқушысының әлеуметтік-қоғамдық жағдайын анықтайтын «Балаға лайық» республикалық акциясының жүргізілуі, мамандандырылған мектептерге түсу үшін әлеуметтік осал отбасылардың балалары үшін жаңа 15% квотаның енгізілуі, орта білім мекемелеріне арналған оқу материалдарының сапалық қасиеттерін сипаттайтын педагогикалық талаптардың жоғарылауы; жоғары білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін ауыл мектептерінің түлектері үшін 35% – ға дейін квота деңгейінің жоғарылауы, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар орталықтарының ашылуы, мектептің материалды техникалық базасының жетілдірілуі (халықаралық PISA бағдарламасы нәтижесі негізінде); өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталықтарының қызметі, сондай-ақ ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдарды медициналық-әлеуметтік есепке алынуы; әлеуметтік көмектің жаңа түрлері – аз қамтылған отбасылар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет және көп балалы отбасылар үшін мемлекеттік жәрдемақы енгізілуі тағы сол сияқты іс-шараларды айтуға болады. ЖОО деңгейіндегі жасалып жатқан білім беру деңгейін арттыратын іс-шаралар деңгейі де қарқынды жүруде.
Осы орайда «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы мектепке дейінгі, орта мектептегі және ЖОО бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы аса маңызды бағдарлама. Мұндағы негізгі бес міндет білім беру бағытының барлық саласын қамтиды, яғни, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету; орта білім беру сапасын арттыру; мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету; қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету; Қазақстандық ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру – еліміздің білім деңгейін арттыруға септігін тигізетіні анық.
«Педагог мәртебесі туралы» Заң өзекті мәселелердің шешімін табуға бағытталған саяси қадамдар, мұнда педагогикалық мамандықтарға оқуға түсу үшін шекті балды күрт арттыру, педагогтерді аттестаттау мен тестілеудің жаңа жүйесін енгізу және жетілдіру, ЖОО түлектерінің кәсіби жарамдылығын айқындау мақсатында білімін бағалау емтиханын тапсыруды міндеттеу, жұмысқа конкурстық қабылдау жүйесін енгізу – білім саласындағы перспективалық атаулы өзгерістер деп айтуға болады.
– Инклюзивті ортада балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз ету үшін мүмкіндіктері шектелген балаларға арналған ұйымдардың жұмыс істеу деңгейі қандай?
– Әрбір бала өзінің жеке ерекшелігіне тәуелсіз, өзінің қабілетіне қарай білім алуға құқылы. Мемлекетіміздің экономикалық жағдайы, адам құндылықтарының деңгейі ретінде әрбір азаматтың, оның ішінде инклюзивті білім алуды қажет ететін әрбір баланың әлеуметтік жағдайын жасаумен бағалауға болады. Посткеңестік кеңістіктегі аумақта біздің елімізде бұл бағытқа аударылған педагогикалық және әлеуметтік көлемі ең жоғары деңгейде. Мысалы көршілес елдерде осы топтағы балаларға педагогикалық көмек деңгейі өте аз жүргізіледі. Кез келген нәтиже салыстырмалы тұрғыда анықталады. Сол себепті пессимисттік көзқараспен сынайтын объектілер осы ұстанымды ұмытпаса деймін. Бұл бағыттағы жүргізіліп келе жатқан шараларды атасам, инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мемлекеттік жалпы білім беру мектептерінің деңгейі жоғарылады, 2021ж. – 74,9% (2019ж. — 64,9%, 2018 ж. — 60%).
Бұл саладағы шешімін табуды қажет ететін негізгі мәселелер: инклюзивті білім беру шеңберінде педагогикалық ұжымның дайындығының төмендігі, жеңіл ақыл-ой кемістігі және ақыл-ой кемістігі бар балалар үшін қажетті әдістемелік әдебиеттер мен оқулықтар санының кемшілігі. Ең басты мәселе бұл ерекше білімді қажет ететін балаларға әлеуметтік кедергілерді жою, яғни қазіргі кездегі мектеп, ЖОО деңгейіндегі күрделі психологиялық-педагогикалық ахуалды айтуға болады. Мұнда мектептің академиялық саясаттарын, жұмыс тәжірибесін және қоғамдық сананы қалыптастыратын түрлі тәрбиелік шаралардың жүргізілуін қамтамасыз ету басты орында болу керек. Статистика деңгейлері мен жылдық көрсеткіштерді сараптасақ инклюзивті білім беру жағдайларын жасаған облыстардың ең төменгі деңгейі Түркістан, Қарағанды және Алматы облысын айтуға болады. Әрине, бұл облыстарда оқушылар контингенті де жоғары екенін ескеру керек.
Осы топтағы әрбір оқушыға жеке жағдай жасау қиындық туғызады, себебі ерекше білім беру қажетттіліктерге (ЕБҚ) ие оқушылар мен ағымдағы оқу процесіндегі білімгерлерге әдістемелік дайындық үлкен күшті қажет етеді, себебі мұғалім кем дегенде бала санына қатысты соншама білім беру бағытын жасауы керек. Ерекше балалар тобы оқу бағдарламасымен бөлінген уақытта толық әрі сапалы игере алмайды, бос қалған білім пробелдерін қосымша сабақтармен өтелмейтінін жасырмау қажет. Әрине, ерекше балаларға ата-аналары оқытуға көмектесуі қазіргі экономикалық жағдайда мүмкіншілік аз, себебі ата-ана баласын әлеуметтік жағдайын жақсартуға көп көңіл бөледі, ал қалған шараларға жағдайлары жетпейді, және де педагогикалық сауаттылықтары да ақсайды. Мектептің әдістемелік қызметін ескерсек, білім алушылардың диагнозына сәйкес арнайы дидактикалық және әдістемелік әдебиеттер мен оқулықтар жоқ.
Балалардың оқу жетістіктерін айқындауды қамтамасыз ететін, бағалау әдістемелерін жасау аса маңызды. Балалардың инклюзивтік категорияларының барлық деңгейлеріне жетекшілік ететін, мұғалімдер үшін инклюзивті білім беру туралы жалпы білім беретін курстар және мұғалімдерге педагогикалық процесті жоспарлауды, әдістемелік бағытты дұрыс таңдауды құруға көмектесетін мамандар қажет. Әлемдік тәжірибеде бакалавриат деңгейінде инклюзивті білім беру мамандарын дайындау өте төмен.
Сондай-ақ, арнайы оқу құралдарымен қамтамасыз етілу деңгейінің төмендігі шешімін қажет ететін мәселе. Мәселен, көру қабілеті нашар балаға бағытталған компьютерлер, дене кемістігі бар балаға арналған оқу-жұмыс орны қамтамасыз етілмеген. Жалпы мектепте мамандандырылған кабинеттер мен компьютерлік техниканы толық жаңарту талап етіледі. Инклюзивті білім беру бағдарламалары бар мектептерге арнайы жабдықтардың қажеттілігіне байланысты балаларға қосымша қаражат қарастыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Себебі, жыл сайын ерекше білім беру жағдайды қажет ететін бар балалар саны тұрақты өсуде. Соңғы үш жылда 8,8% өсті. Қазіргі уақытта инклюзивті білім беру бағыты бойынша жалпы білім беретін мектептерде оқытуды қамтамасыз ету саясаты жүргізілуде. Осыған байланысты жалпы білім беретін мектепте оқып жатқан ЕБҚ балалар санының біртіндеп өсуі байқалады (28,8%).
Қазіргі кезде инклюзивті ортадағы балаларды қорғау мен олардың барлық жағдайлармен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүруде. Мысалы, инклюзивті ортаны мектеп жағдайында, үй жағдайында қамтамасыз ету үшін педагогтарға арнайы төленетін қосымша сағаттар берілуде, ЖОО және мектеп жағдайында бұл топтағы балаларға түрлі психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялық орталықтар ашылуда. Сондықтан, инклюзивті мәдениетті қалыптастыру, инклюзивті практиканы дамыту, инклюзивті саясатты жасау осы күннің өзекті мәселесі.
Біздің елімізде дарынды балаларға өте көп жағдай жасалған. Тіпті педагогтарды бағалауда оқушыларының жетістіктеріне көңіл бөлінеді. Ал инклюзивті топтағы балаларға жұмсалған күш пен еңбек нәтижесі еленбейді. Менің ойымша, педагогтарды бағалау және еңбекақы деңгейіне ЕБҚ балалардың жетістіктерін ескеру маңызды критерий ретінде қабылданса, осы бағыттағы педагогикалық ізденістер мен нәтижелер ұлғаяр еді.
– Қоғамда туындап жатқан түсінбеушіліктердің алдын алу мақсатында бүгінгі күні әр мектепте Білім министрінің заңды қолдауымен құрылып жатқан қамқоршылық кеңестерге баға берсеңіз.
– Өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа жауапкершіліктің, оқу жоспарындағы жиі өзгеретін білімнің даму тенденциясының, оқу материалдарын цифрландырылуы, өмірдегі интернет пен сандық медианың агрессивті үстемдігінің арқасында оқушылардың білімге деген назарын аудару осы күннің басты мәселесі, бұл ұрпақтың білім алу деңгейіне тікелей қатысты. Сондықтан ата-аналар, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдердің өзара әрекеттесуінің жолдары, деңгейлері мен жұмыс нәтижелері ата-аналарға мектеп ісіне қатысудың маңыздылығын дәлелдейді. Дамыған елдерде міндетті түрде әрбір мектепте түрлі бағыттағы кеңестер бар. Бұл баланың білім алуында ата-ана мен мектеп ұжымының бірлесіп жұмыс атқаруы орасан зор рөл атқаратынын білдіреді. Әр мектепте заңды түрде қамқоршылық кеңес құрылып, іс жүзінде екі жақ бір бағытта жұмыс атқарса, мектеп пен ата-ана арасында қазіргі қоғамда туындап жатқан түсінбеушіліктер саны азаяр еді. Сонымен қатар, бала тәрбиесінде орын алған олқылықтарды шешу үшін көптеген ата-аналар мектеппен бірлесе отырып қосымша икемділіктің қажеттілігін көп ата-анаға, балаға немесе мұғалімге үшжақты түсіндіруге қамқоршылық кеңестердің маңыздылығын ескеру керек. Мектеп мұғалімдерінің тәрбиесіне балаларын «тапсырып», бала тәрбиесіне көңіл аспайтын ата-аналар да жеткілікті. Мектеп деңгейінде балалардың академиялық пәндер үлгерімін меңгеру деңгейіне, тұрақты өмір салты мен іс-әрекетте оқушылардың қалыптасатын ұлт тәрбиесін жақсартуға ата-аналардың үлестері өте төмен деңгейде. Ұйымдастырылып отырған осы қамқоршылық кеңестер «ата-ана – бала – мұғалім» триадасындағы тиімді коммуникациялық механизмдерді дамытуға септігін тигізеді деп ойлаймын.
Осы мақсатта бүгінгі күні әр мектепте Білім министрінің заңды қолдауымен қамқоршылық кеңестер құрылып жатыр. Бұл кеңес – мектептің оқу және тәрбие ісінде қолдау көрсетіп, атсалушы, өзін-өзі басқару жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуші, мұғалім-оқушы-ата-ана үштігінің бірлесе жұмыс жасауына жағдай жасаушы кеңес болып табылады.
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді»,- дегендей, еліміздің елдігін сақтайтын, тәрбиелік өнегелілігінің басты тіреушісі ұлттық тәрбие. Ұлттық тәрбиеге отбасылық және мектептегі адамгершілік мектептері кіреді. Сол адамгершілік пен парасаттылық мектептері ретінде қабылданып отырған қамқоршылық кеңестердің Ережелері немесе саясаты ұлт тәрбиесіне көп көңіл бөлуі міндеттелсе нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, «тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» демекші, тәрбие – парасатты, өнегелі ұрпақтың негізгі іргелі ұстанымы екенін ұмытпау керек.
– ҚР Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламаның мақсаты – Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту екені мәлім. Осы бойынша қандай шаралар атқарылып жатыр?
– Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ғылым мен технологиялардың, білім беруді дамытудың жаһандық үрдістерін үздіксіз білім беру және ғылым саласына үздіксіз енгізу және жетілдіру жұмыстарын жүргізу аса маңызды. Бұл заманауи технологиялардың, оның ішінде STEAM технологиясының білім-ғылым саласына енгізу арқылы, парасаттылықты дәріптейтін заманауи тенденцияға сай тұлғаны тәрбиелеудің алғышарты. Қазақстандық экономиканың басты тірегі өндіруші ел ретінде табиғи ресурстарды қолданудан түскен қаражат. Ал ғылым технологияларына бөлінетін қаржы көлемі жалпы ішкі өнімнің 0,13% құрайды. Дамыған елдерде 4,8-2,5 пайыз арасында (Корея Республикасы, АҚШ, Швеция). Егер білім мен ғылым деңгейін көтеру үшін ғылымға бөлінетін қаржы көлемі ЖІӨ деңгейі 1%-дан асу қажет.
Осы бағытта жүргізіліп жатқан шаралар ғылымға бөлінетін қаржының көлемін арттыру көзделуде. Ғылыми потенциалды арттыру мақсатында әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымға ғылыми тағылымдамалар ұйымдастырылуда, жас ғалымдар үшін жыл сайынғы «Жас ғалым» жобасы бойынша мыңдаған гранттар бөлінуде; перспективалық ғылыми идеялардың үлкен санына мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ұзақ жылдарға созылатын конкурстар жоспарлануда. «Академиялық артықшылық орталықтары» жобасы аясында еліміздің жиырмадан астам ЖОО материалдық-техникалық базасын жақсартуда қаражат бөлінуде.
Бұл қаражаттың барлығы 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыруды ЖІӨ-нің 1%-ына дейін арттыру мақсатында бөлінуде, бұл отандық ғылымның дамуына үлкен серпін береді.
Қазіргі заманның білімді инновациялық шешімдерін генерациялай алатын ұрпақ тәрбиелеуде ғылым мен білімнің орны ерекше, онда ғылым ұстазының ақпараттандырылған, IQ деңгейі жоғары, дүниетанымы кең, парасатты болуы міндетті. Сондықтан оқытудың тиімді әдіс–тәсілдерін, қазіргі заманауи инновациялық технологияларды меңгеруін қамтамасыз етуі мемлекеттік бағдарламалармен қолдау табуда. Мысалы, магистратура, докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша жетекші шетелдік жоғары оқу орындарына түсу үшін, ғылыми педагогикалық тағылымдамалардан өту үшін «Болашақ» халықаралық бағдарламасынан стипендиялар бөлінуде. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау процесі іске қосылды. Негізгі назар инженерлік-техникалық кадрларды даярлау болғандықтан, «Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық және IT-мамандықтарға гранттар саны 60% – ға дейін ұлғайды.
Еліміздің білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты тетігі ретінде экономиканың сапалы өсуі бизнес пен адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, технологиялық жаңғыртуға, институционалдық ортаны жетілдіруге Жаңа бағыттағы – Жаңа Қазақстанның жастарына білім беріп, бәсекеге қабілетті маман дайындау сапасына қатысты талаптарды күшейту мемлекеттік маңызды ұстаным деп ойлаймын. Осындай жетістіктерге жету әрине көп күш пен қаражатты қажет етеді, бұл болашақта Қазақстанның білім мен ғылымының жаһандық бәсекеге қабілетті етуінде орны ерекше.
Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.