Түркістан қаласында ерекше қажеттілігі бар 9523 азамат тұрады

0
100

Түркістан қаласында ерекше қажеттілігі бар 9523 азамат тұрады. Соңғы көрсеткіштерге сәйкес, ерекше қажеттілі қажеттілігі бар 4237 тұрғынға қажетті медициналық құралдар берілген.

Аталған азаматтарға мемлекет тарапынан жан-жақты жәрдем түрлері қарастырылған. Оның ішінде, 498 азамат протез ортопедиялық құралдар, 153 тұрғын сурдо техникалық құралдармен қамтылса, тифло техникалық құралдармен 331 адам қамтамасыз етілген. Одан бөлек, мүгедектігі бар 404 азамат жеке көмекші қызметіне жүгінсе, 98-і ымдау тілі маманы қызметімен қамтамасыз етілген.

Жыл басынан бері, 1796 азаматқа міндетті гигиеналық құралдар берілген. Автокөлікпен тасымалдауда 189 азамат инватакси, 16 тұрғын әлеуметтік такси қызметіне жүгінді. Бүгінге дейін ерекше қажеттілігі бар 312 азамат қоларбамен қамтылды.

Түркістан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде ерекше мұқтаждығы бар қала тұрғындарына оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетілуде. Атап айтқанда, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтің: «инватакси» қызметі, жүріп тұруы қиын азаматтарға жеке көмекші тағайындау, азаматтардың жекеленген санаттарына әлеуметтік қолдау көрсету үшін міндетті гигиеналық құралдармен жабдықтау сынды көмек түрлері ұсынылған.

Былтыр сауықтыру орындарында 787 ерекше қажеттілігі бар азамат санаторий-курорттық еммен қамтамасыз етілген. Және 135 ерекше қажеттілігі бар адамды жұмыс орынына орналастыру жоспары жасалып, нәтижесінде 294 азамат жұмысқа орналасқан. Онымен қоса, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету жұмыстары жүзеге асырылуда.

Жалпы, Түркістан қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде 25 әлеуметтік қызметкер жұмыс жасауда. Әлеуметтік қызметкер ол – арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін және (немесе) арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындауды жүзеге асыратын, белгіленген талаптарға сәйкес келетін қажетті біліктілігі бар қызметкер. Олардың үйде әлеуметтік көмек көрсету секторындағы 6 қызметкері жеке басты қарттарды күтушілер, 17-і ерекше қажеттілігі бар балаларды күтушілер.

Әлеуметтік көмек көрсету бөлімінде  33  жалғыз басты қарт зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтар және 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі 100 мүгедектігі бар балалар, ал 18 жастан асқан мүмкіндігі  шектеулі 5 мүгедектігі бар азамат есепте тұрады, жалпы 138 адамға әлеуметтік  қызметтер көрсетілді.  Қазіргі уақытта әлеуметтік көмектің жұмысы арттырылып, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шексіз жандарға жаңа мүмкіндіктер қарастырылмақ.

2022 жылы үйде оқитын мүгедектігі бар балаларға әлеуметтік көмекке 300 өтініш білдірген болса, барлығы қамтамасыз етілген. Жартылай стационар жағдайында оңалту бағдарламасы бойынша 2022жылы Түркістан облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Түркістан аумақтық балалар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-не  әлеуметтік қызмет алуға 15 мүмкіндігі шектеулі  бала  кешенді қызметтермен қамтылған. 2022 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 1 үкіметтік емес ұйым  70  ерекше балаға күндізгі бөлімшеге   арнаулы  әлеуметтік қызметтерді  ұсынып келеді.

Халықты әлеуметтік қорғау саласында үйде қызметтер көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарты бұл – қызметтерді алушылардың тұрғылықты жері бойынша үйде қызметтер көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған мемлекеттік және мемлекеттік емес меншік нысанында үйде қызметтер көрсету ұйымдарда (бұдан әрі – үйде қызметтер көрсету ұйымдары) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің сапасын, көлемін және тәртібін белгілейді. Сонымен қатар:

1) психоневрологиялық ауытқулары бар бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға (бұдан әрі – балалар);2) тірек-қимыл аппараты бұзылған бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға (бұдан әрі – ТҚА бұзылған балалар);3) психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға (бұдан әрі – он сегіз жастан асқан адамдар);4) бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға (бұдан әрі – мүгедектігі бар адамдарға);5) егде жасына байланысты өзіне қызметтер көрсетуге мүмкіндігі жоқ адамдарға (бұдан әрі – қарттар) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, тоқтату және тоқтата тұру шарттарын айқындайды.

Осы жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы шамамен 304,3 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын (бұдан әрі – ОТҚ), 7,2 мың – ымдау тілі қызметін, 26,9 мың – жеке көмекшінің қызметін алды. Сондай-ақ, Портал арқылы кепілдік берілген әлеуметтік топтамаларға 105 мың тапсырыс рәсімделді. Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды. Бүгінгі күні Порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 827 медициналық-әлеуметтік мекеме (бөлімшелер), 287 ОТҚ жеткізуші, 25 мыңнан астам жеке көмекші, 649 ымдау тілін қызметін, 93 санаторлық-курорттық емдеуді, 69 кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы жеткізушілер тіркелген.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған. Қолдауға арналған байланыс орталығына 1414 бірыңғай нөміріне қоңырау шалып, тілді таңдау және 5 санын басу арқылы Порталды пайдалану бойынша кеңес алуға болады.

Деректерге сүйенсек, республикада 702 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады екен. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдау және олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші кезектегі міндеттерінің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын 702,1 мың мүгедектігі бар адамның 424,5 мыңы еңбекке қабілетті жаста (60,5%), 180,7 мыңы зейнеткерлік жаста (25,7%) және 96,9 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар (13,8%). Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат олардың қоғамға толыққанды кірігуіне және халықтың осы санаты басқалармен теңдей өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алуы, қоғам өміріне еркін қатысуы, белгілі бір шешімдер қабылдауы және т. б. үшін кедергілерді еңсеруге, жоюға бағытталған.

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер түріндегі мемлекеттік көмек пен қолдауды; әлеуметтік оңалту шеңберінде организмнің жоғалтқан функцияларының орнын толтыруды; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қамтитын көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді. Мүгедектігі бар адамдар көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдері ескеріле отырып, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емделумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

Былтыр қыркүйекте ҚР Парламенті қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның ерекше маңызы бар. Құжатта мүгедектіктің себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға арналған жәрдемақыны енгізу қарастырылған. Нәтижесінде бұл жәрдемақы бөгде адамның күтімін қажет ететін қосымша 24 мың адамды қамтиды. Сондай-ақ, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу қарастырылған. Бұл көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті балалар ауруының ауырлық дәрежесіне қарай саралауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37% – ға дейін ұлғайтылатын болады. Бұл шара мүгедектігі бар 30 мыңнан астам балаға қатысты болады.

Сондай-ақ заңда мүгедектік бойынша және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді. Жұмыс берушінің міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен ОТҚ-мен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету заңның тағы бір жаңашылдығы болып табылады. Сонымен қатар, құжатта мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді.

Және де, заңда мүгедектігі бар балаға күтім жасау мерзімін 18 жасқа дейін ұзарту қарастырылған, бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақыны тағайындауға оң әсер етеді. Тағы бір айта кетерлігі, халықтың басқа санаттарымен қатар мүгедектігі бар адамдар тұрақты тұратын немесе қызмет алатын медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметін регламенттейтін бірқатар бұйрықтарға өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, барлық МӘМ-де бейнебақылау камераларын орнату қарастырылған. Камералар ұйымға іргелес жатқан аумақтың периметрі бойынша, негізгі және қосалқы кіреберістердің жанында, сондай-ақ үй-жайлар мен жалпы пайдалану кабинеттерінде орнатылады. МӘМ-дегі туыстары мен жақын адамдарының жазбаларды көруге рұқсаты болады.

Бұдан басқа, МӘМ директорларын тағайындау кезінде оларға қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралды. Бұл азаматтармен жұмыс істеуде үлкен тәжірибесі бар қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес және басқа да ұйымдардың басшыларын тарту арқылы өңірлердегі кадрлық дағдарыс проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, МӘМ-нің материалдық-техникалық қамтамасыз ету нормативтері жақсарған. МӘМ қызметі әлеуметтік қорғау органдарының тұрақты бақылауында.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманың рәсімдері мен мерзімдерін оңтайландыру мақсатында Еңбекмині мүгедектікті сырттай белгілеуді енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Осы айдың өзінде жоба Қазақстанның 6 өңірінде пилоттық негізде болады. Оны іске асыру келешекте мүгедектігі бар адамдардың инстанциялар бойынша жүруін және көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмауға мүмкіндік береді.

Тағы бір айта кететін жаңалық, бұрын тек қана жергілікті атқарушы органдардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар қызметтерінде көрсетілген ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін 6 жаңа қызмет онлайн форматқа ауыстырылды және «Электрондық үкімет» порталында қолжетімді болды. Енді, қолданыстағы 18 онлайн қызметтен басқа тағы 6 қызмет қол жетімді болды. Атап айтқанда, ымдау тілі маманын ұсыну, жеке көмекшіні ұсыну, санаторий-курорттық емдеу, сурдо-тифлотехникалық құралдар, міндетті гигиеналық құралдар, кресло-арбалар мен протездік-ортопедиялық көмек көрсету. «Бұл қызметтерді іске асыру біз үшін басым бағыттардың бірі болып табылады. Біздің міндетіміз – ерекше қажеттіліктері бар қазақстандықтар барлық қажетті мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ ала алатындай етіп жасау. Біз жүктелген маңызды жауапкершілікті түсінеміз және Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, осындай сервистерді ұсынуды жақсарту мақсатында өз тарапымыздан барлық қажетті шараларды қолданамыз», – деп түсіндірді Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

eGov.kz порталда қызметтерді көрсетуге өтінім беру үшін тиісті қызметті, тиісті техникалық оңалту құралдарын, қызметтерді жеткізушіні таңдау, өз қажеттіліктерін ескере отырып, жеке оңалту бағдарламасы толық орындалғанға дейін өтінімнің мәртебесін қадағалау қажет. Бұл қызметтерге тапсырыс бере отырып, үйге жеткізуді таңдауға болатынын, «Қазпошта» курьерлері қажеттінің бәрін жеткізетінін атап өту керек. Бұдан басқа, eGov mobile мобильді қосымшасында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп іске асырылған 2 цифрлық құжат қолжетімді болды. Бұл зейнеткер куәлігі және қандас куәлігі. Енді, қосымшаны жүктеп алған қазақстандықтар өз құжаттарының 12 цифрлық көшірмесін пайдалана алады.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды жан жақты қолдау демократиялық қоғамның барлығына тән құбылыс. Адам құқығының ішіне кіретін бұл мәселені шешу, реттеу әлемнің көптеген елдерінде іске асуда. Оның ішінде Қазақстан да бар екені айтпаса да түсінікті. Қазақстан мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауды арттыру мақсатында заңнамаларды жүйелеп, өзгерту үстінде. Бұл халықаралық қауымдастықтың да бір талабы.Жыл басында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға, оның ішінде әйелдер мен жастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, сондай-ақ сайлауалды партиялық тізімдердегі 30 пайыздық квотаға енгізілген өзгерістерді қабылдаған болатын. «Президенттің мүгедектерге квота бөлу туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында үкімет әйелдерге, жастарға және мүгедектерге арналған 30 пайыздық квотадан басқа, оларды есепке алу қажеттілігін белгілейтін нормаларды көздейтін заң жобаларын әзірледі. Мәжілісте депутаттық мандаттарды бөлу кезінде есепке алу керек», – деп түсіндірді Әділет вице-министрі Алмат Мадалиев.

Заң жобасының негізгі мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар тұлғалардың әйелдермен және жастармен тең негізде биліктің өкілді тармағына қатысуын қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың пікірін ескере отырып, оларды белсенді жұмысқа, қоғам өміріне тарту болып табылады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде тіркелген кезде партиядан кандидат мүгедектігі туралы куәлікті міндетті түрде ұсынуы туралы өзгеріс енгізілген еді. Бұл талаптар мен өзгерістер аспаннан алынған жоқ, әлем елдерінде бар түсінік, кеңінен қолданылатын тәжірибе десек те болады. Мысалы Израиль билігінде мүмкіндігі шектеулі жандардың саны өте көп. Батыс Еуропа мен АҚШ, Канада және Аустралияда да жетерлік.

Ерекше күтімді қажет ететін, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсету бойынша Еуропа елдері алда келеді. Қазақстан бұл елдерден тәжірибе жинап, үйренуде. Бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі жандар Еуропаның кинотеатрларына, кафелері мен мейрамханаларына еркін бара алады, өйткені бұл орындар арнайы пандустармен, автоматты есіктермен, лифттермен және мүмкіндігі шектеулі адамдардың қолайсыздықты сезінбеуіне көмектесетін басқа да пайдалы техникалық шешімдермен жабдықталған. Бұл заң деңгейіндегі бизнеске қойылатын талап. Қазақстан да бұл талаптарды енгізіп жатыр. Ең алдымен пандустар мен жол өткелдерін сол талаптарға сай ету шаралары іске асуда. Ол бойынша кеңес беріп, Еуропалық қауымдастық өкілдері де елге келіп, тексеріс жүргізіп тұрады. Әрине, олқылықтар да жоқ емес, алайды жөндеу іске асуда. Мысалы пандустар талапқа сай болмай жататын жайттар бар. Оны қалыпқа келтіру әр азаматтың борышы. Пандус орнатылған мекеме басшысына ескерту жасау немесе арнайы құзырлы органдарға хабарлама жіберуге болады. Пандус талапқа сай жөнделеді. Дәл сол сияқты қоғам мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған белгі тұрған жерге өз көлігін қоймайтын мәдениетке де үйрену үстінде. Бұл да мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін бір қамқорлық десек те болады.

Еліміз ерекше күтімді қажет ететін жандардың жағдайын жасауға барын салып келеді. Атқарылатын, іске асуға тиіс жұмыс әлі де көп. Жаңа заңдар мен түзетулер міндетті түрде олқылықтарды ескере отырып, оларды жоюға бағытталуы қажет. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамның тең және ажырамас бөлігі ретінде қарайтын қоғам құра білу басты міндет. Ерекше күтімді қажет ететін жандар қабылданған шаралар мен атқарылатын әрекеттерге байланысты өздерін қоғамның сенімді бөлігі ретінде сезініп, физикалық және психологиялық кедергілерді сезінбеуі қажет. Бұл Жаңа Қазақстанның да басты міндетінің бірі.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдардан қорқу көбінесе олар туралы ақпараттың жетіспеушілігінен туындайды, өйткені олар ұзақ уақыт бойы қоғамнан оқшауланған – олардың көпшілігі бар, бірақ біз оларды айналамызда көруге дағдыланған емеспіз. Сондықтан көптеген адамдар олармен қалай байланысу керектігін білмейді. Бірдеңені дұрыс істемеу немесе ренжітуден қорқып, кейбіреулер жай ғана шетке шығып, байланыс жасамауды жөн көреді. Бақытымызға орай, бүгінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көмектесуге және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған ұйымдар бар, әртүрлі ресурстар мен мамандар өз білімдерімен бөлісуге және ерекше адамдармен қалай байланысуға болатынын ұсынуға дайын.

Дамуында кемістігі бар адамдарды күнделікті өмірде кездестірмей түсіну мүмкін емес. Бірақ олар тек отбасында тұруды, достасуды, қоғамдық көлікті пайдалануды, кафелер мен мейрамханаларға баруды және білім алуды қалайды және оған құқығы бар. Сондықтан қол жетімді кедергісіз ортаны құруға үлес қосу өте маңызды. Кедергілерге келетін болсақ, бұл мүгедектердің өз бетінше жүріп-тұруына арналған инфрақұрылымды (пандустар, тротуарлар мен өткелдердегі арнайы белгілер, метродағы лифттер, автобустар және т.б.) ғана емес, сонымен қатар айналадағылармен қарым-қатынас.

Біз сөйлеу арқылы сөйлесуге дағдыланғанбыз және бұл қарым-қатынас әдісі кез келген адамға қол жетімді емес деп ойламаймыз. Сонымен, сөйлей алмайтын, бірақ ым-ишара немесе арнайы байланыс құралдары арқылы сөйлесетін мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Бұған құрметпен қарау керек, өйткені олардың қарым-қатынасқа деген қажеттілігі бізден кем емес.

Ерекше қажеттілігі бар адаммен сөйлесу этикетінің 10 ережесі:

  1. Мүгедектігі бар адаммен сөйлескенде, сөйлесу кезінде айтқыңыз келген нәрсені оның жанындағы адамға, я болмаса көмекшісіне емес, бірден өзіне айтқаныңыз жөн.
  2. Сөйлеуі қиынға соғатын адаммен сөйлескенде оны мұқият тыңдаңыз. Шыдамды болыңыз, оның өзі сөйлемді аяқтағанша күтіңіз. Ол үшін түзетпеңіз және келіспеңіз. Егер сіз сұхбаттасушыны түсінбесеңіз, қайта сұраудан тартынбаңыз.
  3. Нашар немесе мүлдем көрмейтін адаммен сөйлескенде, өзіңізді және сізбен бірге келген адамдарды атаңыз. Егер сізде топта жалпы әңгіме болса, онда өзіңізді атауды және қазіргі уақытта кімге жүгінетініңізді түсіндіруді ұмытпаңыз. Шетке шыққан кезде дауыстап ескертуді ұмытпаңыз (қысқа уақытқа кетсеңіз де).
  4. Егер Сізден көмек сұралмаса, мүгедектігі бар адамға көмектесуге асықпаңыз. Егер сіз көмектескіңіз келсе, алдымен көмек қажет пе деп сұраңыз. Қажет болса, не және қалай істеу керектігін сұраңыз, содан кейін әрекет етіңіз. Егер сіз түсінбесеңіз, тартынбаңыз-қайта сұраңыз. Мысалы: егер соқыр адамды алып жүру керек болса, оны ұстамаңыз және оның қолынан сүйремеңіз, бірақ оған бейтаныс жерде жүруге қалай көмектесе алатыныңызды сұраңыз. Зағип адамның өзі сізге мұны қалай жасау керектігін түсіндіреді (біреу қолын еріп жүрушінің иығына қоюға рұқсат сұрайды, біреу еріп жүрушіні шынтағының астына алғысы келеді, біреу шынтағының астына алуды сұрайды, біреу жеткілікті ауызша кеңестер және т. б.).
  5. Мүгедектігі бар адаммен кездескенде қол беріп амандасқан жөн. Тіпті қолын қозғалту қиын немесе протезді қолданатын адаммен де. Оң қолына ыңғайсыздық тудырса, сол қолымен де болады.
  6. Мүгедектер арбасы, балдақ сынды заттарға қол тигізбеңіз! Біреудің мүгедектер арбасына сүйену немесе қолын іліп қою, оның иесіне сүйенуден аулақ болыңыз.
  7. Мүгедектер арбасындағы адаммен немесе бойы қысқа адаммен сөйлескенде, сіздің және оның көздері бір деңгейде болатындай етіп отырыңыз. Солай сөйлесу оңай болады, және әңгімелесушіңіз басын жиі көтеруге мәжбүр болмайды.
  8. Егер сіз кездейсоқ көре алмайтын адамға”кездескенше” немесе құлағы есітмейтін адамға “сіз бұл туралы естідіңіз бе?” деп айтып қалсаңыз, онда тұрған ештеңе жоқ. Себебі, ол кісілер де әдетке айналған сөздерді жиі қолданады. Өйткені олар да естиді және көреді, бірақ басқаша. Зағип адамның қолына бірдеңе бере отырып, ешқандай жағдайда “оны сезіңіз” деп айтпаңыз, әдеттегідей “оған қараңыз”деп айтыңыз. Мүгедектер арбасындағы адамға “келіңіз, жүріңіз”деп айтпаңыз. “Келіңіз”, “осында өтіңіз” деп айтыңыз.
  9. Нашар еститін адамның назарын аудару үшін оны қолыңызбен немесе иығыңызбен шайқаңыз. Оның көзіне тіке қарап, анық сөйлеңіз, айқайламаңыз. Ерніңізді оқи алатын адамдармен сөйлескенде, жарық түсіп, сіз анық көрінетін етіп отырыңыз. Есіңізде болсын, нашар еститін адамдардың бәрі бірдей ерінді оқи алмайды.
    10. Мүгедек балалар мен жасөспірімдерге атын атап, ересектерге аты-жөні бойынша, яғни мүгедектігі жоқ басқа адамдар сияқты (өзгелермен теңдей, бөліп қарамай) байланысыңыз.

Leave a reply