Түркістан қаласының аумағы 19 627 гектардан 22 370 гектарға ұлғайтылды

0
108

Қазіргі таңда Түркістан қаласы үлкен құрылыс алаңына айналып отыр. Ел аузында «жаңа қала» атанып кеткен Түркістан қаласының Әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында жеке ірі кәсіпкерлер есебінен ондаған жаңа нысандар бой көтеруде. Бүгінде бірнеше тұрғын үй кешені мен коттеджді қалашық, заманауи қонақүйдің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ жаңа ғимараттар мен кеңселер бой көтеріп, сауда, ойын-сауық орталығы салынады. 1 500 гектарға жуық аумақты қамтитын Әкімшілік-іскерлік орталықтағы жаңа ғимараттар тек заманауи үлгіде салынып жатыр.

Әкімшілік-іскерлік орталығында 57 жобаны салу жоспарланған. Атап айтқанда, теннис орталығы салынып, мұз сарайы, ат-спорт кешені, демалыс орындарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге инженерлік инфрақұрылымын салу жұмыстары жалғасуда. Ал халықаралық әуежай аумағында 12 жоба іске асырылады. Оның ішінде 100 орындық қонақ үй, 3 ұшаққа тұрақ, 400 гектар қара өрік бағы, 50 гектар жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады.

Түркістанның мәдени-рухани орталығын дамыту жұмыстары жалғасуда. Шаһардың дамуының 2-кезеңі төрт аумақта жүзеге асырылып жатыр. Мәдени-рухани орталықта «Күлтөбе» қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, «Керуен Сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттеджді қалашығы, «Medina Palace» қонақ үйі, «Қылует» мәдени-рухани орталығы бой көтеріп келеді. Сондай-ақ Бекзат Саттарханов даңғылының бойында спорттық кешен, «Яссы» желілік саябағы, ірі сауда орталықтары бой көтеріп, 182 га универститеттік ботаникалық бақты күтіп-баптау, «Парк Лайн» коттедж кешенінің құрылысы жүріп жатыр.

Бекзат Саттарханов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт кешені орнынан қазіргі заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы былтыр басталған болатын. Жобаға биыл 1,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Нысан құрылысы келесі жылы аяқталады.

Түркістанды Түркі әлемінің орталығына айналдыру міндеті жүктелді. Осы бағытта жұмыс қарқыны бәсеңдеген емес. Жалпы Түркістан қаласын дамытудың екінші кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 триллион теңге, оның 1 триллион теңгесі немесе 77 пайызы – жеке инвестициялар. Яғни бюджеттен бағытталған 1 теңгеге жеке инвестициялардың 3 теңгесі тиесілі. Жаңа Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 триллион теңгеге жеткізілетін болады. Құрылысқа жауапты басшылар мен мердігерлер ел алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, жұмысты адал әрі сапалы атқаруға шақырды билік басындағылар.

Түркістан қаласының аумағы 19 627 гектардан 22 370 гектарға ұлғайтылды. Бас жоспар бойынша қаланың даму сатылары белгіленген. Алғашқысы 2020 жылы басталып, 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған. Екінші кезеңі – 2035 жылы, үшінші кезеңі — 2050 жылы аяқталады. 2025 жылға дейін қала тұрғындарының санын 250 мыңға дейін, 2035 жылға қарай — 350 мың адамға дейін жетеді. 2050 жылы — 500 мың болады.200 мыңға жуық тұрғыны бар Түркістанның даму мүмкіндіктері ауқымды. Қала аумағында өндірістік, коммуналдық және инфрақұрылым қызметін қамтамасыз ететін нысандарды орналастыратын аймақтар белгіленіп, бекітілген. Бұл өз кезегінде Түркістанның инвесторлар үшін тартымдылығын арттыра түседі. Туризм және өнеркәсіп – Түркістан дамуының негізгі екі бағыты. Қаланың бір жылда миллионнан астам туристті қабылдауға мүмкіндігі бар. Келешекте бұл көрсеткішті 5 миллионға жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда қалада 11 киелі нысан мен мұражай, 6 рухани-мәдени нысан, 4 туроператор келушілерге өз қызметін ұсынуда.

Leave a reply