Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 15 мыңнан астам азамат тұр

0
148

Соңғы жылдары Түркістан қаласында баспанаға мұқтаж отбасылардың уақыт кешіктірмей кезегімен үйлі болып жатқанын көріп жүрміз. Десе де мыңдаған жанның әлі де кезек күтіп отырғаны рас. Қазіргі таңда қала тұрғындарын баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр десем қателеспеймін. Бұл қала әкімдігінің күн тәртібінде тұрған негізгі мәселелердің бірі. Бүгінгі күні Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 15 мың 707 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. Оның ішінде әлсіз топтағы — 6381, көп балалы отбасы — 4249, бюджеттік қызметкер -4874, тұл жетім және жалғыз баспанасы апатты деп танылған – 201 азамат бар. Осы сұрақты пайдаланып, соңғы үші жылда берілген пәтерлердің санын атап өткім келіп тұр. Тарқатып айтатын болсам, Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 2020 жылдан бері 89 көпқабатты үйдің құрылысы басталған. Ол 360,6 мың шаршы метрді құрайтын жалпы саны 5 мың 649 пәтер.

Міне, соның 2020 жылы 336 пәтері яғни 7 үй ипотекалық жолмен пайдалануға берілген. 2021 жылы дәл осындай 29 үйде 1 мың 921 пәтер кілті өз иелеріне табысталды. Ал, 2022 жылы 53 тұрғын үйде 3 мың 392 пәтер құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 49 үйде 3 мың 155 пәтер пайдалануға берілді. Сіздің «тегін» деген пәтер кезектегі отбасыларға жалға берілген баспана. Бұдан бөлек жоғарыда атаған пәтерлердің 4 мың 488 ипотекаға берілсе, қалған 1 мың 161 жалға берілген. Сонымен бірге, 2021 жылдан бастап көпқабатты 4 298 пәтерлі 68 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, соның ішінде 2022 жылға 240 пәтер ипотека жолымен сатылып, пайдалануға берілді. Бұған қоса, ағымдағы жылдың маусым-қараша айларына бюджет есебінен 3140 пәтерді құрайтын 55 үй салу жоспарланған. Қалған 918 пәтерлі 7 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары келесі жыл тапсырылады деп жоспарлап отырмыз. Ретіне қарай тоқтала кетейін. Тұрғын үйлердің пәтерлері мемлекеттің «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында халыққа тиімді бағамен ұсынылуда. Нақты айтқанда пәтердің 1 шаршы метрі 180,0 мың теңге құрап отыр.

Қаламызда қоныс тойын тойлау дәстүрі жалғаса береді деуге негіз бар. Әлгінде атап өткенімдей соңғы үш жыл көлемінде өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай жаңа Түркістан яғни жаңа қала бой көтерді. Осы игілікті істерді жалғастыру мақсатында Түркістан қаласын одан әрі дамыту үшін жаңадан салынатын жалпы алаңы 56,4 мың шаршы метрді құрайтын 800 пәтерлі 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы басталатын болады.

Сондай-ақ, коммерциялық және жеке инвесторлар есебінен 2020-2023 жылдары Түркістан қаласында көпқабатты 110 үй 4263 пәтердің құрылысы жүргізіліп, 1 мың 866 пәтерлік 60 тұрғын үй пайдалануға берілсе, қалған 50 үйді 2023-2024 жылдарға қабылдаудан өткізу жоспарланған. Ағымдағы жылы жалпы ауданы 138,0 мың шаршы метрді құрайтын 2 мың 100 пәтерлік 24 тұрғын үйді бюджет есебінен сатып алу жоспарлануда. Және де 2022 жылдың соңында үй кезегіндегілерге 104 пәтер берілсе, осы жылы 720 пәтер беру жоспарланып, оның 390-ы пәтер кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілді.

Осы мәселе төңірегінде тұрғындарға ыңғайлы басқару тетіктерін ұсынып жатырмыз. Аула тазалығы, ортақ пайдаланудағы үйдің күтіміне байланысты бірлескен қызмет мәселелерінде тұрғындар ұйымшылдық пен түсіністік танытуы керек деп есептеймін. Тарқатып айтатын болсам, Түркістан қаласы бойынша жалпы 297 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде коммуналдық меншіктегі көпқабатты тұрғын үйлер саны — 47. Осы көпқабатты тұрғын үйлерді басқару және ортақ мүлкін күтіп-ұстау жөніндегі қызметтердің тарифі Түркістан қалалық мәслихатының 17 мамыр 2022 жылы №16/89-VII шешімімен 24,19 теңге болып бекітілді. Қазіргі таңда осыған сәйкес 6 мекеме сервистік қызмет көрсетуде.

Сұрағыңызға байланысты заңға сілтеме жасап өткенді жөн санап отырмын. «Мүлік иелерінің бірлестігі» немесе «Жай серіктестік» құру туралы ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 42-бабына сәйкес, Кондоминиум объектісін басқару нысандары пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқару, оны күтіп-ұстауды қаржыландыру және кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін кондоминиум объектісін басқарудың мынадай нысандарының бірін таңдауға міндетті:

1) 16 пәтерге дейін — мүліктің меншік иелері бірлестігі, өзін-өзі басқару;

2) 30 пәтерге дейін — көппәтерлі тұрғын үйдің жай серіктестігі (ЖС);

3) 30 пәтерден жоғары — көппәтерлі тұрғын үйдің мүліктік меншік иелерінің бірлестігі (ММИБ).

Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері осы баптың 1-тармағында айқындалған, кондоминиум объектісін басқару нысандарын таңдауда және ауыстыруда ерікті болады.

Пәтер иелері таңдауымен жасалған үйдің басқару формасы немесе сенім білдірілген адамы (үй кеңесі, төрағасы) үйдің барлық тұрғындарының атынан кез-келген сервистік қызмет көрсететін мекемелермен келісім шартқа отыра алады, сонымен қатар Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес, қызмет көрсету келісім шарттары әр тұтынушымен емес, сол үйдің басқару формасымен түзілу қажет.

Әлгінде атап өткенімдей Түркістан қаласы бойынша жалпы 297 көпқабатты тұрғын үй болса, оның ішінде 89 үй басқару формасын құруды қажет етпейді, 47 үй коммуналдық меншіктегі үйлер – көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп ұстау бойынша «Басқарушы компанияның» теңгерімінде, қалған 161 көпқабатты тұрғын үйлердің — 92 үйге «Мүлік иелерінің бірлестігін» (құрылғаны -27 үй) немесе «Жай серіктестік» -69 (құрылғаны -33 үй) құруды қажет етеді.

Жалпы Басқару формасы таңдалған үйлер саны – 60 үй.

Осы мәселеде біз тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Атап айтатын болсам, Түркістан қаласындағы І және ІІ мөлтек ауданында 1969-1993 жылдар аралығында пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлесіндегі тозығы жеткен жарамсыз жылу, кәріз және ауыз су құбырларын тұрғындар өз қаржыларының есебінен ауыстыруы қажет. Өйткені үй осындағы тұрғындардың меншігіндегі болып саналады. Себебі, өткен жылу маусымында орын алған Екібастұз қаласындағы жылу жүйесінде болған келеңсіз жағдайды қайталамас үшін алдын алу жұмыстарын ағымдағы жылы жүргізу қажет. Инвестициялық жобамен және жергілікті әкімдіктің есебімен қатар облыстық құрылыс басқармасы тарапынан да салынып жатқан үйлер бар. Бұл жөнінде кері шегініс жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталатын болсам, Түркістан облыстық құрылыс басқармасы тарапынан 2021 жылдан бастап жалпы ауданы 264,1 мың шаршы метрді құрайтын көпқабатты 4 298 пәтерлі 68 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, соның ішінде 2022 жылға 240 пәтер пайдалануға берілді және барлығы ипотека жолымен сатылды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың маусым-қараша айларына бюджет есебінен 55 үй 3140 пәтер жоспарланған. Қалған көпқабатты 7 тұрғын үй 918 пәтер келесі жыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

 

Талғат Үсенбаев

Түркістан қалалық «Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы» бөлімінің басшысы

Leave a reply