Түркістан қаласының 98,9% сапалы ауыз сумен қамтылған
Бүгінде Түркістан өңіріндегі тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында аудан, қалалардың елдімекендеріндегі инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән берілуде. Түркістан қаласының 98,9% сапалы ауыз сумен қамтылған. Яғни, барлығы 41 100 абонент. Шаһарға ауыз су Кентау қаласындағы Біресек (1590 м3/сағ) су кен орнынан басталып, Мырғалымсай ( 3200 м3) су кен орнынан тартылуда. Сағатына 5 000 м3 қуатпен Шобанақ елді мекеніндегі 40 000 м3-лі су резервуарына және әкімшілік – іскерлік орталығындағы 16 000 м3 қуатты су резервуарына жиналып, халыққа жеткізілуде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған болатын. Жолдауда баса назар аударылған мәселелердің бірі Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуы. Мемлекет басшысы су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс екендігіне айрықша назар аудартты. Ол өз сөзінде су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет екендігін және оған тиімді тәсілдер ұсыну қажет деді. Сонымен қатар, ескірген инфрақұрылымдардың орнына жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы екендігін айтты.
«Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған». Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы ретте Түркістан қаласында қосымша 35 су ұңғымасы жұмыс жасауда. Биылғы жылы ауыз сумен қамту көрсеткішін 99,5%- ға жеткізу жоспарланған. Аталған жоспар аясында бүгінде 4 нысанының құрылысы жүзеге асуда. «Мақта зауыт», «1-2 мөлтек аудандар» «Иассы» және «Шауғар» мөлтек аудандарындағы ескірген ауыз су құбырлары жаңартылуда. Аталған жұмыстардың нәтижесінде 10 178 абонентке су жеткізу сапасы жақсарады.
Түркістан – түркі дүниесінің рухани астанасы. Ғасырлардан жалғасқан тылсым тарихтың қойнауына айналған киелі мекеннің барша Тұран даласын мекен еткен бабаларымыз үшін қастерлі, қасиетті орын екеніне күмән жоқ. 2018 жылы еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен облыс орталығына айналған шаһар 5 жыл ішінде адам танымастай өзгергеніне көз куә. Алыс-жақын елдерден ат терлетіп келіп жатқан туристер де, атақоныс мекенді тұрғылықты қонысына айналдырып, көшіп келген тұрғындар да күн санап көбеймесе, кеміген емес. Сондықтан да, қаладағы инфрақұрылымды реттеп, шешімін табу аса маңызды.
Ел тұрғындарының толықтай ауызсумен қамтамасыз етілуі кезек күттірмейтін мәселе екені белгілі. Осы орайда, облыс орталығы атанғанына 5 жыл толған Түркістан қаласындағы жасалынып жатқан жұмыстар да көзге қуаныш, көңілге жұбаныш болып келеді. Себебі, аздаған уақыт ішінде ауқымы кең қиындықтың шешілуі жолға қойылып, тұрғындардың тұрақты судан таршылық көрмеуі үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Биылғы жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу басты міндет екенін айтқан болатын қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.
Әлемде ауыз су тапшылығы қаупі төніп тұрғаны көпке белгілі. Бұл біздің елді де айналып өтпейтіні анық. Аталған мәселені ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы да тілге тиек етіп келеді.
– Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал. Біздің елде судың 65%-і ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60%-ке жуығы құмға сіңіп кетеді. Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Жаңа тариф саясатына көшу қажет. Оны дереу қолға алмасақ, ахуал одан әрі күрделене түсетіні анық, – деген болатын Мемлекет басшысы жыл басындағы Парламенттің бірінші сессиясында.
Түркістан қаласы облыс орталығы болғанға дейін, яғни, 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес, шаһардағы су құбырларының жалпы ұзындығы 1738,5 шақырымды құраған болатын. Ал соңғы бес жылдың ішінде, қалада көптеген құрылыстағы өзгерістер мен қаланың ұлғаюына байланысты тағы 339,3 шақырым су құбыры төселді. Қазіргі таңда шаһардағы су құбырларының жалпы ұзындығы 2078 шақырымды құрайды. Мұнан бөлек, ауыз суға арналған, сыйымдылығы 46,0 мың текше метр болатын алты резервуардың құрылыс жұмыстары аяқталды. Бұған дейін Түркістанда сыйымдылығы 26 мың текше метрді алатын бес сұйық су қоймасы болса, қазіргі су сыйымдылығы 72 мың текше метрге жетті. Ондағы таза ауыз судың көлемі шаһар тұтынушыларының қажеттілігін толықтай қанағаттандыруға қауқарлы. Мақаламыздың басында облыс орталығындағы ауыз сумен қамтамасыз ету 100 пайыз шешімін табатынын айтқан болатынбыз. Осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков сәуір айында өткізген брифингінде 2023 жылы 4 нысанның құрылысын аяқтау көзделіп отырғанын жеткізген еді. Жоба құны 5160,8 млн. теңгені құрайтынын да жасырмаған болатын қала әкімі.
Түрленген Түркістанды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін пайдаланатын су алу көздері Біресек және Мырғалымсай су жинау резервуарлары. Қала тіршілігі үшін аталған аса маңызды нысандарда 72000 шаршы метр су жиналып, халыққа беріліп келеді. Резервуарлардағы таза суды елге жеткізу күн тәртібіндегі елеулі мәселелер тізбегінен түспек емес. Атқарылған жұмыстардың көптігімен қоса, облыс орталығына қоныс аударып, ай санап артып келе жатқан халық саны да естен шықпауы керек. Демек, жасалынар жұмыстардың да бір сәтке тоқтамасы сөзсіз.
«Жылай-жылай арық қазсаң, Күле-күле су ішерсің» деген сөз бар қазақта. Бүгінгі түрленген Түркістандағы қолға алынған ауыз су мәселесі оңайлықпен оңтайлы шешім табар түйін емес. Сондықтан, қиындықсыз ешбір істің нәтижесіне жетпейтінімізді ұмытпаған жөн. Дәл қазір сұрауы бар судың бағасына жетіп, қадірін білмеске болмайтын уақыт.