Түркістан қаласы күннен-күнге көтеріліп жатыр
Қалалық «Яссы» орталық мешітінде «Арақсыз қала, шарапсыз шаһар» атты тағылымды кездесу өтті. Аталған жиынға облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, қала әкімінің орынбасары Ерлан Кузембаев, қалалық Полиция басқармасы бастығы, полиция подполковнигі Бауыржан Жанаев және қаламыздың бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлы қатысып, қаламыздағы имамдармен кездесті. Аталған жиын алдымен ақсақалдың ақ батасымен басталды. Еркін пікір алаңында Жарылқасын Әзіретбергенов тағылымды әңгімені тарихпен сабақтастыра сөйледі.
— Түркістан қаласы арақ-шараптан ада, жезөкшесі жоқ шаһар болады деген бастама осыдан екі жыл бұрын көтерілді. Содан бері екі супермаркет, алты дүкен қалада арақ-шарап сатудан бас тартты. Бұл бір күнде, бір жылда орындала салатын нәрсе емес, сондықтан осындағы облысымыздың, қаламыздың бас имамдарымен кеңесіп әрекет жасап жатырмыз. Бұл мәселеде әрқайсымыз жауапкершілікпен қарауымыз керек. Осындай бастаманың алғаш боп Түркістан қаласында көтеріліп жатқаны да қуанарлық жағдай – деді ақсақалдар алқасының төрағасы.
Сондай-ақ, Ерлан Кузембаев пен Бауыржан Жанаев қала тазалығын сақтау мен қылмысты азайту, тұрғындардың мәдениетін көтеру хақында көптеген ұсыныстарын ортаға салды. Бірлік пен берекені ту еткен Түркістанның жарқын болашағы жайлы кеңесте қаламыздың бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлы құмар ойындар ойнайтын, есірткі тасымалдайтын жандарды қоғам боп тәрбиелеуге шақырды.
Сондай-ақ, қала мешіттеріндегі имамдарға әрбір жұма уағызында жиын барысында айтылған мәселелерді жамағатқа қысқаша түсіндіріп, насихат жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Келелі кеңес соңында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, көкейде жүрген сауалдарына мамандардан жауап алды.