Среда, 21 мая

ТҮРКІСТАН: ҚИЫН ЖАҒДАЙДАҒЫ ОТБАСЫЛАРҒА ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

0
13
✔️Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде 2024-2025 жылдары Түркістан облысының барлық аудан және қалаларында «Отбасын қолдау орталықтары» ашылды. Қазіргі таңда өңірде 17 орталық жұмыс істеп тұр.
✔️Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен аталған орталықтардың қызметін жетілдіру, материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша мәжіліс өтті. Жиынға жауапты басқарма өкілдері мен орталықтардың директорлары қатысты. Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміс Мирова атқарылып жатқан жұмыстар мен көрсеткіштер туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, хаттамалық тапсырма негізінде орталықтардың жұмысына, нысандардың жағдайына және штаттық құрылымдарына зерделеу жүргізілген. Нәтижесінде, орталықтарды жеке ғимаратпен қамту, материалдық-техникалық базасын жасақтау, интернетке қолжетімділігін арттыра отырып, штаттық құрылымдарын ең төменгі штаттық нормативтерге сәйкестендіру, өмірлік қиын жағдайдағы отбасылармен тікелей байланыста болатын мамандардың біліктілігін жетілдіру қажеттілігі анықталды.
⤵️Облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік осал топтағы азаматтарға тиісті қолдаулар тұрақты көрсетілуі маңызды екенін айтып, жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
📌— Отбасы – қоғамның тұрақтылығы мен рухани дамуының іргетасы. Бұл – жеке тұлғаның алғашқы тәрбиесі қалыптасатын, адами құндылықтар мен ұлттық болмыстың ұрпақтан ұрпаққа берілетін ең маңызды әлеуметтік ортасы. Сондықтан, түрлі құқықбұзушылықтар мен зорлық-зомбылық, ерте жастағы жүктілік сынды келеңсіз жайттардың алдын алу үшін осы салаға ерекше көңіл бөлу маңызды. Осы тұста, жұмыстарды жандандыруды тапсырамын. Әр аймақтағы қылмыс көрсеткіші жоғары нүктелерді белгілеп, жұмыс картасына енгізіңіздер. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға медициналық, психологиялық, құқықтық қолдаулар тұрақты көрсетілуі керек. Оларды жұмыспен қамтуды да назарға алыңыздар. Бұл облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауындағы басты мәселелердің бірі екенін еске саламын, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
✔️Бүгінде Түркістан облысындағы Отбасы цифрлық картасында Д және Е санатындағы 507 мыңнан аса отбасы бар. Ақпараттық жүйе арқылы азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін айқындауға болады. Өңірдегі мобильдік топ арқылы мұндай отбасыларға қатысты деректерді өзектендіру бойынша методикалық көмек көрсетілді. Сондай-ақ биыл қиын жағдайға тап болған тұрғындардың ахуалы мен әлеуметтік мәселесін ерте анықтау үшін FSM Social мобильді қосымшасы іске қосылды. Қазіргі таңда орталықтарды тіркеу жұмыстары жалғасуда.
✔️Айта кетейік, орталықтардың негізгі функциясы – отбасы саясатын жүзеге асыру, неке мен отбасын сақтау,тұрмыстық, гендерлік зорлық-зомбылықтардың алдын алу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған.

Leave a reply