Түркістан: Қосымша табыс көзі барма?
Соңғы кездері екі адамның басы қосылса «қымбатшылық қос бүйірден қысты, бүкіл азық-түлік, киім-кешек, мектепке қажетті заттардың құны шарықтап кетті» – деген әңгіме төгілуге дайын тұрады. Ол рас, ол шындық. Ол ақиқаттан қашып құтыла алмайсың. Барлығы қымбат, өзіңе, балаңа қажеттіні бөліп немесе кейіндеу болмаса, тап сол жерде түгелдей әпере алмай қалатын сәттердің болатыны жасырын емес. Бұл әсіресе мектепте, жоғары оқу орнында оқитын бірнеше баласы бар отбасыларға оңай тимейді. Ал студент балалары ақылы бөлімде оқитын отбасылар ше? «Айлығы шайлығына жетпейтін» бір айлыққа қарап отырған отбасылар арамызда қаншама десеңші?!
Ия, «бір айлығың осыншама затты алуға жете ме?» деп сұрағанға, танысым «Әрине, жетпейді! Бір айлыққа қарап отыруға болмайды, қосымша қолдан келгенді жасау керек» деді. Сонымен балаларын базарға апта сайын кезекпен тасып, керек-жарағын түгелдеп, арасында ағайын-достың той-жиынына да үлгеріп, несиесін де жабуға тырысып, күні-түні тырбаңдап еңбек етіп, яғни жалғыз айлыққа ауыз ашпай, қосымша еңбек ететін қаламыздағы бірнеше жандармен сөйлесудің сәті түскен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Гүлмира, қаламыздағы қазақ-түрік университетінің маманы.
«Халықаралық атауға ие болғанымен, оқу орнымызда еңбекақы өте төмен екені жасырын емес. Менің отбасыма, студент, оқушы балаларыма жетпей қалатын кездер аз емес. Оның үстіне, биыл қымбатшылықтың ауыртпалығын сезінбеген адам қалмады. Дегенмен, жоқ дей бергеннен біреу нанын бөліп бере ме? Мүмкін, сондай заманға тап болған шығармыз. Өз басым қазір айлығым жетпейтіндіктен, қарап отырмай қызанақ жабу маусымына сай, қызанақ қайнатып, банка жабумен айналысып отырмын. Биыл бағымызға орай, жаздың дәл ортасында қызанақ аса қымбат болмады, бір қорабы 1200-1500 теңге аралығында болды. Қазір азайды ма, қорабы 3000 теңгеге көтерілді. Ол қорапқа 10-12 кг қызыл болгар бұрышын, 3-4 кг сәбіз, пияз, сарымсақ, укроп, петрушка сияқты көк шөптерді, пісте май, тұзды қосамыз. Сондай-ақ жұмсалатын отын-су шығындарын қосамыз. Балаларымызбен жабылып, бірі турап, бірі етшеккіштен өткізіп, біріміз қайнатып еңбектену арқылы бір қораптан 10-12 банка шығарып, банкасын 1300 теңгеге бағалаймын.
Дәмі тәтті, түрлері алуандығынан болар, қазір қазан қайнатудан бір күн босамаймын. Жаз мезгілінде жиындар да көбейді, арасында әзірлеп қойып, оларға барып келуге уақыт табамын. Қаражатсыз емеспіз, шүкір, құр отырмай, қолымыз қимылдағаннан қажеттілерімізді алып отырмыз. Демалысымыз осылай өтуде. Шаршадым дегеннен шаруаң біте ме, жоқ дегеннен біреу бөліп бере ме, балаларым көмектескен соң, тірлігім тез бітіп, берекесін беріп жатқандай. Бос уақытта да артығымен жауып қойсаң, қыс мезгілінде кез келген уақытта сұраушылар табылып, өткізіп, ақшасын алуға мүмкіндік болады. «Жазғы тіршілік – қысқа азық» деген осы болар.
Айжан, балабақша тәрбиешісі.
«Мына заманда әрекетсіз отыруға болмайды. Балабақшада тұрақты жұмысы болғанымен, ол отбасымызға толық жете бермейді. Әйел адам болған соң, үйге де түрлі тәттілер, самсалар пісіресің. Бір күні үйге екі зуала самса жасап, неше дана шыққанын санап, өзімше есепшілік қасиетім оянды. Осылайша, есептеп қарасам, бір зуала қамырдан орташа есеппен 24 дана самса шықты. Дүкенге кірсеңіз, самса түрлеріне қарай 120-140 теңге аралығында екен. Демек, балаларым бір отырғанда дүкен бағасымен есептегенде, 2800-3300 теңгенің самсасын жейді екен. Ал осыншама теңгеге мен оларға бірден самса алып бермеймін ғой, дұрыс па? Демек, мұнда пайда бар! Сөйтіп мен де ет, картоп, асқабақ қосылған самса түрлерін жасап, 1-2 дүкенмен келісіп, өткізіп тұрдым. Балаларыма жасағандай аса сүйіспеншілікпен жасайтын болсам керек, тапсырыс берушілерім телефон соғып, жиі тапсырыс беріп тұрады. Бұл әдетке де айналды, сондай-ақ келесі айлық түскенше ақшасыз да қалмайтын болдым. Қайта менен қарыз сұрайтындар бар. Демек, «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегенді әрдайым естен шығармау керек деп ойлаймын (күліп).
Бағила, қазіргі таңда айрықша күнкөріс иесі, яғни тұрғын үйді жалға беруші.
«Менің негізгі мамандығым мейірбике. Десе де, заманға ілесіп, балаларымның тарықпай өмір сүруі үшін, тәуекел етіп қосымша жұмыс істеймін. Әуел баста бұл істі бастау маған оңай болмады. Өзім ізденіп, отағасымен, үй-ішімізбен ақылдаса келе осылай жасауды жөн көрдік. Яғни, өздеріңіз білесіздер, бүгінде қаламызға алыс-жақыннан келушілер аз емес. Олардың орналасатын қонақ үйлерінің бағасы шарықтап тұр. Оны әрқайсысының қалтасы көтере бермейді. Сол себепті біз Әзірет Сұлтан кесенесі, «Керуен сарай» т.б. көрнекті орындарға жақын маңнан айына 300 мың теңге төлеп бос ғимаратты жалға алдық. Оны қалға келуші туристерге, қыдырып келушілерге күндігіне 30-35 мың теңгеге жалға береміз. Бірақ олардың да талғамдары жәй емес. Бәріміз де жайлылықты, тазалықты, сонымен қатар қалтаға қонымдылықты ұнатамыз. Сондықтан қонақтардың үдесінен шығу үшін күнделікті тынбай, әр келушіні ұялмай қарсы алу үшін соған сай жұмыс істейміз. Біздің міндетіміз – бір қонақты шығарып салып, арқасын толық тазалап, келесі қонақты таза, жарық жерде қарсы алып, керек-жарағымен қамтамасыз ету, заманауи талапқа сай болу. Міне, осылай тынбай еңбек етудің арқасында нәпақамызды тауып отырмыз».
Ия, заманына қарай, әркім қолынан келгенше еңбек етуде. Сізге ше, бір айлығыңыз жете ме, тағы қосымша тірлік ету керек пе әлде қанағатшыл әрі қарапайымсыз ба?