ТҮРКІСТАН: ҚЫТАЙЛЫҚ КОМПАНИЯ ЖЕТІСАЙҒА ИНВЕСТИЦИЯ САЛУҒА НИЕТТІ

0
119

Жетісай ауданына Қытай Халық Республикасынан кәсіпкерлер келді. Делегация құрамында Шаньдун провинциясының Цзыбо қаласындағы «Noah Ark» Company» сауда компаниясының өкілдері Лю Хайгуа мен Чен Бин, қазақстандық «Sogdians» ЖШС өкілдері Олжас Сүлейменов пен Елдар Төлеш болды.

Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов қонақтарды қабылдап, еркін форматта кездесу өткізді. Жиын барысында су шаруашылығы мен көпір, автомобиль және темір жол салу, бидай экспорты мен импорты, ауыр жүк көліктері мен жолаушы тасымалдаушы, жедел жәрдем көліктерін, жеңіл көліктер мен қосалқы бөлшектерін, ауыл шаруашылығы техникаларын, сүт өнімдерін терең өңдеуге арналған құрал-жабдықтарды сатумен айналысатын «Noah Ark» Company» сауда компаниясының өкілдері Лю Хайгуа мен Чен Бин Жетісай ауданының шаруаларынан жүгері, арпа, кебек, қант қызылшасы, қой және сиыр, тауық еттері мен мақта шикізатын, күнбағыс сатып алуға ниетті екенін жеткізді.

– Инвесторлар тарапынан ауданға мақта шикізатын терең өңдеп, дайын өнім, яғни жіп иіріп, мата тоқитын, киім тігетін, мақта майы мен мал азықтарын өңдейтін зауыт пен аудандағы электр тапшылығын жою үшін күн электр станциясын салу керек. Одан бөлек шикізатынан қиындық болмайтын бақша дақылдарын өңдейтін кәсіпорындарды салуға атсалыссаңыздар, – деген аудан әкімі ауданға инвестиция салатын кәсіпкерлерге инфрақұрылым жеткізіп беру мен жеңілдетілген несие алу мәселелері бойынша көмек көрсетілетінін жеткізді. Екіжақты айтылған ұсыныс-пікірлер талқыланды. Қазақы салтпен қонақтарға құрмет көрсетілді.

Ресми кездесуден соң делегация мүшелері аудандағы «Нұралы жол» шаруа қожалығының мақталық алқабын, Мақталы ауылдық округіндегі «Мақталы Агро» ЖШС базасындағы қауынқақ, қытырлақ (чипсы) өндіретін шағын цехтың және Мақтаарал ауданы, Мақтаарал ауылдық округінде орналасқан «Атамекен МК» ЖШС мақта өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Қытайлық «Noah Ark» Company» сауда компаниясының өкілдері нақты шешімге келу үшін арнайы сараптамадан өткізу мақсатында өнімдерден сынамалар алды.

Ауданда өсірілетін техникалық дақыл мен бақша өнімдері инвесторлардың талаптарына сәйкес келсе ауданда тағы бірнеше күн электр станциясы, мақта талшығын терең өңдеу, қауыннан қытырлақ (чипсы) мен йогурт, қауынқақ, сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорындар салынады.

Leave a reply