ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕР – ӨТКЕН МЕН КЕЛЕШЕК КӨПІРІ
Тәрбиенің негізгі алтын діңгегі – Отан. Ал Отан отбасынан басталады, демек тәрбие-тағылым отбасынан берілетін ұлттық құндылық. Қазақ халқының даналығы, тәрбие тағылымы – тамыры тереңде жатқан асыл мұра. Ерте заманнан ата-бабаларымыз өскелең ұрпақты елін, жерін сүюге, тектілікпен, жан-жақты тәрбиелеуді басты мұрат тұтқан. Қазіргі дамыған дәуірде озық қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. Себебі, еліміздің дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуы білімге, мәдениетке және ұлттық тәрбиеге байланысты. Тәрбиенің қуатына тең келетін рухани күш, қуат көзі жоқ екенін жақсы түсінеміз. Ұлттық тәрбиеден нәр алған адам – рухани құндылықтарды бойына сіңіріп биік дәрежеге көтеріледі. Оның ең маңыздысы адамды ойлануға бағыттайды, жеке тұлға болып қалыптасады. Қазіргі жастар тәрбиесінің жұтаңдығына Шығыс және Батыс бағыттары әсер етуде. Бет аузын тұмшалап қап-қара киінген қазақтың қыздары мен иегіне сақал қойған жап-жас жігіттердің қатары көбейген. Екінші жағынан етек-жеңі ашық, сандарын жалтыратқан қыздарды, темекі тартып, арақ ішіп тұрған жастарды көресің. Міне осындай екі ортада өмір сүріп келеміз. Қазақтың тәлім-тәрбиесін қай жағы жеңіп кетеді екен деген қорқыныш бар. Бұл біздің тек қана ұлттық тәлім-тәрбиемізге ғана емес, тұтас ұлтымызға кәдімгідей іріткі салуда, шабуыл жасауда. Адам баласының бүкіл адами қасиеттері отбасында беріліп, бүкіл ғұмырына негіз болады. Отбасында берілетін тәрбие мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің сақталуы, о бастан қастерлеп келе жатқан отбасылық құндылықтарымыздың бағасы төмендеп бара жатқаны жасырын емес. Күнделікті тәрбиені былай қойғанда, көптеген отбасылардың шаңырақтары шайқалып, бала тағдырына шолақ қарайтын жастар көбейді. Отбасында береке болмаған жағдайда адам қалайша мемлекеттік істерде пайдалы жұмыстар жасай алады? Өркениетті елдерде тәрбие мемлекеттік деңгейде қолға алынған. Мысалы, бізді өзінің ерекше дамыған технологиясымен таң қалдыратын Жапонияның экономикасы ең алдымен отбасы экономикасынан басталатын көрінеді. Шаңырақтарындағы тәртіп баланы сәби кезінен бар күш қуатын еңбек етуге жағдай жасауы, білімге баулуы елді зор өркениеттілікке жеткізген. «Ұлдың ұяты-әкеде, қыздың ұяты-шешеде» деген бар. Ата-аналарымыз түзде жүрсе де «ар», «намыс», «ұят» қасиеттерін сақтауға, қорғауға үйретуі қажет. Жастардың бойында ұлттық сана-сезімді, ата-баба дәстүріне адалдықты сіңіру ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүріміздің бір тармағы. Қазақтың қанында тастанды бала мен қараусыз ата-ана болмаған. Есігіне құлып салынып, үйінің алдына қарауыл ұстамаған, демек бұл тәрбиені жоғары көрсеткішті берген халық деген сөз. Отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері: туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, сана-сезім, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттер ұлттық тәрбиенің негізгі бағыттарына жатады.
Қазақ халқының ұлттық киімдерінің қалыптасуы мен түр-сипаты көшпелі тұрмыс, құбылмалы ауа райымен қатар, халықтың наным-сенімдері, сұлулыққа құмарлығы, түрлі маталардың қолданысқа енуі және көрші ұлттармен мәдени-экономикалық байланысы әсірінен жылдар бойы өзгеріп отырды. Қазақтардың киімінің етек-жеңіне оқа тігетіні, кимешектің өңіріне, жақтауына кесте жүргізетіні, сәбидің, қыз баланың, сал-серілердің бас киіміне үкі қадайтыны – түркі-қыпшақ заманы кезінде туған дәстүр. Бұл қадам жын-перілерден, пәле-жаладан, тіл-көзден сақтайды деп сенген.
Қазақы белбеу, қапсырма, бойтұмар, нәзік белдіктерге өрнектелетін әр түрлі құстардың, жыртқыштардың, көбелектің, ағаштың, жер-судың, тау-тастың кескінін беру ежелгі сақ, үйсін тайпаларынан қалған мұра. Бойжеткендер белі қымталған, етек-жеңіне желбезек салынған қос етекті көйлек, оқалы қамзол киіп, беліне металл шытырлармен безендірілген немесе ширатпалы күміс белдік (кейбір жерде нәзік белдік) буынған. Қазақстанның кейбір өңірлерінде етек-жеңге екі-үш қатар бүктесін, яғни қосетек тіккен. Ал оңтүстікте осындай көйлектің үстіне белдемше қаусырынады немесе шалғы орайды екен. Тақиямен қатар, белдік те қыздық дәуреннің белгісі саналған. Қыз бала белдігін арындай қорғаған, оның жоғалтып алу – арынан айырылғанмен бірдей болған. Қос етекті көйлек тек қыз балаға тән киім.
Баласы бар әйелдерге шымқай түсті матадан тігілген. Кестеленген немесе қос етек салынған көйлек кию ерсі саналатын. Қыздар шашын көбіне қос бұрым етіп өріп, бас киімсіз-ақ жүре беретін болса, әйел тұрмыс құрған соң ақсаңнан (сұрыптан) тігілетін, кеудесін, иығын, жон арқасын жауып тұратын, жақтауы, өңірі, тамақ жағы кестеленген кимешек киетін. Кимешектің шаршысының, пішімінің үлгісіне қарай шылауым, сұлама, күндік, орама деген атаулары бар. Қазақтар құланның, ақбөкеннің, жолбарыстың, жанаттың, бұлғынның, сусардың, ақ тышқанның терілерін ерекше бағалайды. Бұл аңдардың терілерінен тондар тігілді. Қазақ халқының ұлттық киімдерінде тұрғындардың географиялық, ру-тайпалық ерекшеліктері де көрінеді және ол көбіне бас киім мен шапаннан байқалады. Мысалы, 8 сай уақ тымақ, 3 құлақты керей тымақ, қаракесек, адай бөрік, арғын тымақ, қыпшақ тымақ, сырмалаған 6 сай найман тымақ, 4 сай жатаған тобықты тымағы болған. Аймақ ерекшелігіне қарай Жетісу, Арқа, қоңырат үлгісіндегі тымақтар болған. Ұлы жүздің ерлер шапаны көбінесе жолақты, сырмалы, етек-жеңдері ұзын, ашық жағалы келеді. Оңтүстік еліне көршілес өзбек, тәжік, ұйғыр халықтарының киім үлгісінің әсері болғаны байқалады. Орта жүз өкілдері орыс, татар халықтарымен аралас-құралас болғандықтан бұл олардың киім үлгілері мен киім киістеріне де әсер етті: шапандары көбінесе бір беткей матадан тігіліп, сырусыз, сирек қабылып, етектері шалғайлы, жеңдері кең, жағалары шолақ ойма немесе түймелі болды. Кіші жүздің шапандары да шалғайлы, жеңдері ұзын және кең, жүн тартқан, бидайлаған қалың, қайырма жағалы болып келеді. Өрнектермен кестеленген күдері бешпет пен жарғақ шалбар жоғары бағаланған. Егде тарта бастаған еркектің киім-кешегі әдетте жігіттің киіміне тән элементтерден тұрғанымен, пішімі молдау, шалбары кеңдеу болып тігілетін. Қарттардың киімі мейлінше қарапайым, көбіне көктеп тігілетін және әшекейсіз болған. Қалыптасқан дәстүр бойынша, қарттарға арнайы жейде, жырым балақты шалбар, арасына түйе жүн салып сырылатын көкірекше, бешпет, шекпен, шапан тігілетін.
Қазақ халқы, өзінің күн көріс тіршілігіне қажетті үй-жай салуды, киім-кешек тігуді, азық-түлік өндіруді өзінің тұрмыстық кәсібі етіп, оларды күнбе-күнгі тіршілік барысында орынды пайдаланса, әсем бұйымдар жасап, өмірде сән-салтанат та кұра білді. Бұдан біз халық творчествосының қандай түрі болса да, халық өмірімен, сол халықтың қоғамдық тарихымен, күн көрісімен тығыз байланысты екенін көреміз.
Қазақ халқының ұлттық киімі, қазақ халқының салт-дәстүріне, тұрмыс-тіршілігіне бейімділігімен қатар, өзіндік пішіні мен түстік нақышымен ерекше. Нанымы мен танымына өте тығыз байланысты, қазақ киімдері өзінде қайталанбас, терең философияны осы кезге дейін жарылмаған қауыздай алып келген. Қазақ киімі ұлттық, қолданбалы қолөнермен тығыз байланысты, қолөнер түрлерінің зергерлік, киіз басу, былғары өңдеу, кестелеу өнері ұлттық киімнің ансамбльдік даралық белгісін ашып тұр. Уақыт өте келе ұлттық киімнің жасалу жолдары, өңдеу технологиясы дамып, жеңілдетіліп, өткел тарих өзінің өрнектерін салғанның өзінде ұлттық киім заманауи үлгіде одан да әрлене, түрлене түсті. Оны бүкіл әлем мойындап бағалап этнодизайн ретінде де заманауи бәсекеге қабілетті де, тіпті моданың бағытын өзгеруіне де ықпал жасай алатын дәрежеге ие болды десек те артық айтқанымыз болмас.
Тұрмыс – салтқа байланысты туған әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің, бәрінде халықтың арман-тілегі, ой-пікірі, келешек ұрпаққа айтар өсиеті көрініс беріп отырады. Адамның әдептілігі мен мәдениет деңгейі оның сөйлескен сөзінен, істеген ісінен, мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан көрініп тұрады. Тілге тиек етіп айтар қасиет – имандылық. Себебі, имандылық қасиеті адамның ішкі жан дүниесінің тазалығын сақтап, оның ой-өрісін кеңейтіп, әлеуметтік белсенділігінің артуына әсер етеді. Имандылық сөзінің өзі әдептілік, ұяттылық, ұлтжандылық деген ұғымдарды қамтиды. Сөз соңында Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесiгiңдi түзе» дегендей, ертеңгi ұрпақтың тәрбиесiн бүгiннен бастап қолға алып, жастарымызды ұлтын сүйетiн ұлт¬жанды, Отанын сүйетiн патриот етіп тәрбиелеу, Ұлттық тәрбие мен құндылықтарды қолға алу біздің басты міндетіміз дегім келеді.