Түркістан ұстаздарының білім саласына қосқан үлесі бар
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи халықаралық қазақ-түрік университетінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен «Географиялық білім берудегі озық ой және заманауи көзқарас» тақырыбында география пәні мұғалімдерінің республикалық съезі өткен болатын. Съезде географияны оқыту мазмұны: МЖМББС, үлгілік оқу жоспарлары, үлгілік оқу бағдарламалары, оқулықтар және оқу-әдістемелік кешендер бағытындағы жұмыстар талқыланды. Әсіресе, «Жаңартылған білім мазмұны» деп ұсынылған бағдарламада қалыптасқан география пәнін оқытудың дәстүрлі ғылыми жүйесі бұзылғаны, нақты емес, күрделі тілде жазылғандығы дәлелденді. Съезде сөйлеген делегат мұғалімдер Жаңартылған бағдарлама мазмұнында жіберілген кемшіліктер көп екенін айта келіп, «Қазақстан географиясы» пәнін жеке пән ретінде дербес оқытуды ұсынды.
Біз бірқатар съезд делегаттарымен тілдесіп, мәселенің мәнін тарқатуға талпынған едік.
ҰЛТТЫҚ НЕГІЗДЕГІ ЖАҢА БАҒДАРЛАМА ҚАЖЕТ
Есенқұл Жиенқұлов, Атырау облысы, Жылыой ауданы география пәнінің шебер ұстазы, ҚР Білім беру ісінің үздігі:
«Өткен оқу жылы басында министрлік халықаралық өлшемдер бойынша еліміздің білім сапасының жиырмасыншы орыннан алпысыншы орынға төмендеуіне алаңдаушылық білдірген болатын-ды. Бұл жағдай барлық білім саласында еңбек ететін ұстаздарды да бейжай қалдыра алмайды. Еліміз осыдан бірнеше жыл бұрын білім сапасын көтереді деген үмітпен Ұлыбританияның Кембридж университеті ұсынған оқыту үлгісінде Ы.Алтынсарин атындағы білім академиясы мен Назарбаев зияткерлік мектебі жасаған бағдардамаға көшірілгені және миллиардтаған қаржы жұмсап ел мұғалімдерін үш айлық курстардан өткізгені, әлі де жалғасып жатқан ол курстардың білім сапасына пайдасы болмағаны ойландырады. Осы жағдайлар өзге де әріптестерім секілді мені де қынжылтады. Оқыту жүйесіндегі кемшіліктердің себептерін талдау бағытында 40 жыл педагогикалық өтілі бар тәжірибелі ұстаз ретінде өзім сабақ беретін география пәніндегі олқылықтарды көрсете отырып ашқанды жөн көрдім. Жаһандану үрдісіне ілескеніміз соншалықты алғашында Қазақстанның географиясы оқыту жүйесінен толықтай алып тасталған кезеңді де бастан кешірдік. Тек географиядан атаулы мектеп мүшелері мен оның жетекшісі Ұ.Ә.Есназарованың ел парламентіне дейін жетіп, дабыл қағып табанды күресуі нәтижесінде елміздің географиясының оқытылуы бір курс деңгейінде ғана болса да сақталып қалды. Алайда, мұнда да физикалық, экономикалық география араласып берілуі оқушының пәнді терең ұғынуына мүмкіндік бермей отыр. Ал еліміздің бір бөлшегі Атырау облысынан сегіз есе кіші, алақандай Израил мемлекеті өз елінің географиясын екі сағаттан екі курс оқытса, біздің әлемде көлемі жөнінен алғашқы ондықтағы еліміз отандық географиясын оқытуға өкінішке орай соншалықты уақыт бөле алмай келеміз. Шиыршық (спираль) әдісіне негізделгендіктен 5-6, 7-9 және 10-11-сыныптарда белгілі бір тақырыптар ғана қайталанып, келесі курста кеңейтіліп қарастырылғандықтан география пәнінде оқытылуы тиіс көптеген міндетті курстар қарастырылмай алынып тасталған. Мысалы, «Физикалық география», «Материктер мен мұхиттар географиясы» және «Шетелдердің экономикалық және әлеуметтік географиясы» бағдарламадан мүлдем алып тасталғандықтан география пәніне оқушылардың қызығушылығы күрт төмендеді. Бұл курс материалдары әртүрлі сыныптарда аз ғана мөлшерде немесе шашыранды түрде жинақталып берілгендіктен оқушының игеруіне қиындық келтірді. Мысалы, 8-сыныпта материктердің «Материктердің климат ерекшеліктері», «Табиғат зоналары мен биіктік белдеулері», «Ішкі сулары», т.б. тақырыбын оқытуға бір-бір сағаттан ғана бөлінген. Бұл материалдың тым молдығынан оқушының игеруіне ауыр тиеді. «Қазақстанның географиясында» да дәл осындай жағдай. Мысалы, «Қазақстан шаруашылықтарының салалары» тақырыбында (§57-58. 5.3 «Дүниежүзінің шаруашылықтың салалық және аумақтық құрылымы») отын-энергетикалық кешен, электр энергетика, металлургия, химия, машина жасау, құрылыс материалдары өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен барлығына екі сағат бөлінсе, «Экономикалық аудандары» тақырыбына бір-ақ сағат бөлініп барлық бес экономикалық аудан материалдарын бір беріліп жинақталған. Ал 10-11 – сыныптардағы география курстарын күрделендіріп, ЖОО бағдарламасын әкеліп тықпалауы мүлдем дұрыс емес. Қысқасы, географиядан білім сапасын көтеру үшін алдымен шиыршық әдісін өзгертіп ұлттық негіздегі жаңа бағдарлама жасалуы қажет. «Қазақстанның географиясын» оқытуға екі сағаттан екі курс бөлініп, «Қазақстанның физикалық географиясы» және «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» курстары бөлек оқытылып жаңа оқыту бағдарламасы дайындалуына назар аударылуы тиіс.7-сыныпта «Материктер мен мұхиттар географиясы», 10-сыныпта «Шетелдердің экономикалық және әлеуметтік географиясы» ал 11-сыныпта «Елтану» пәні секілді т.б. таңдау пәндері енгізілсе пән жүйеленіп білім сапасының артуына әкелер еді. Жалпы география курсына бастауыш сыныптардағы «Дүниетану», «Жаратылыстану» курстары да енетін болғандықтан бұл курстарда ұлттық менталитетіміз ескерілуі міндетті. Себебі бастауыштың өзінде өзге елдің әдеби мұраларынан мысалдар келтірілген. Ал онымен бала әлі таныс емес. Керісінше өз ұлтымыздың әдеби мұраларына (ертегілеріне, мысалдарына, аңыз әңгімелеріне, тұспалдарына, т.б.) сүйенсек шәкірттерімізге етене жақын болар еді.
ОҚУЛЫҚТА ОЛҚЫЛЫҚ КӨП
Ләззат Қарғабаева, Алматы қаласындаға №140 гимназияның география пәні мұғалімі:
Съезге барар алдында, республика бойынша пән мұғалімдеріне георграфияны оқыту мәселесі бойынша сауалнама алған едім. Зерттеу нәтижесінде әріптестерімнің қазіргі таңдағы оқып жатқан жаңартылған бағдарламаға көңілдері толмайтыны жайлы ақпаратқа қол жеткіздім.
Ұстаздарға қазіргі таңда оқулық үлкен мәселе болып отыр. Оқулықтың тілі өте ауыр, бір тақырып бірнеше бетті алады, баланың қызығушылығын төмендетеді. Оқушыға түсініксіз, парагарафтардың мәтіндері ұзақ. Параграфтар 5-10 бетке дейін ұласады. Ең бастысы пәннің тілін жеңілдетіп, мәтіндерді қысқарту керек. Географияның тілі карта. Сондықтан мемлекеттік стандарт бойынша атлас пен кескін картамен жұмыс басым болса. Оқулықтың авторлары бірлесе отырып, барлық баспадағы оқулықтағы статистикалық мәліметтерді бірдей берілсе. Қандай оқулық болсын, қандай автор болсын, қандай баспа болсын, бірлесіп бірдей сандық, сапалық мәліметтерді бірыңғай берсе немесе бір жүйелік оқулық болсын деген тілегім бар. Оқушы ҰБТ-ға дайындалу барысында, бір 7-ші сынып оқулығын бірнеше баспа жазған, оқушы өзінің оқыған оқулықтан басқа баспаларды оқып, ізденеді. Оқушының өздегінен ізденуіне басымдық берілген. Педагогтердің ұлттық біліктілігін тестілеу тапсырып отырған пән мұғалімдері де осындай жағдайда. Жаңартылған бағдарламада оқулық өте көп. (Балама ретінде беріле берген). Бір сұрақтар бір оқулықта болса, басқа оқулықта ол мәліметтер жоқ. Бұл баланы да, ұстазды да шатастырады.
Пән мұғалімі ретінде ұсыныстарым: Базалық бірыңғай оқулықтар дайындалып жарық көрсе; Ұлттық бірыңғай тесте және педагогтердің ұлттық біліктілігін тестілеуін ұйымдастыру барысында негізгі орта білімге басымдылық беріп, 6-9 сыныптар арасы басты назарға алынса. Оқулық авторларының орта мектеп мұғалімдерімен кәсіби байланыста болып, мектеп ұстаздарымен бірлесіп талқылап барып баспаға ұсынса.
10-11 сыныпта География оқулығы таңдау пән болып табылады, десе де «Картография және Геониформатика» бөлімінде Аргис бағдарламасы бойынша практикалық жұмыстарға негізделген. Бұл ретте Геоинформатика бөлімінде карта жасау тақырыптары берілген. Аргис бағдарламасы ақылы бағдарлама, ол кез келген мектеп үшін қолжетімсіз. Бағасы 6 млн тұрады. Біріншіден, география кабинетінде мектепте барлық оқушылардың алдында компьютер жоқ. Екіншіден, Аргис бағдарламасына тіркелу ақылы болған соң, ол мүмкін емес. Сөз жоқ, ол өте жақсы, құнды бағдарлама. Оқулықты жазған ғалымдар теориялық тұрғыда жақсы жеткізген. Десе де, күнделікті сабақ барысында практикалық дәрісті мұндай бағдарламамен жүргізу қиын, қалта көтермейді. Барлық ауылдарда интернет қолжетімді емесі белгілі, алайда оқулық, бағдарлама жасаушы-лар мұны не қаперге алмаған ?! Алдағы осы мәселе де ескерілсе деймін.
КАРТАНЫ БІЛМЕУ – ГЕОГРАФИЯНЫ БІЛМЕУ
(бағдарламада картамен жұмыс қарастырылмаған)
Серік Ниязов, Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Төретам кенті №80 мектеп-гимназияның география пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші:
Елімізде білім сапасын көтереді деген сеніммен енгізілген Кембридж университеті ұсынған оқыту әдістемесінің енгізілгеніне де біршама уақыт өтті. Өзге пәндер секілді география пәні бойынша да бағдарлама кемшіліктерін өз тәжірибемізде айқын көрдік. Білім сапасын айтарлықтай көтеруге қол жеткізбек тұрмақ, халықаралық деңгейдегі білім сапасы көрсеткіші бойынша сапамызды төмендетіп алдық. География пәні бойынша оның ең басты себебін талдайтын болсақ шиыршық әдісін қолдануымызда еді. Себебі 5-6 сыныптардағы Жаратылыстану, 7-9 және 10-11 сыныптардағы география сабақтарында 4-5 тақырыпты ғана алып соны бірнеше жыл сынып жоғарылаған сайын сәл кеңейтіп қайталауымызда еді. Осының кесірінен өзге негізгі тақырыптар ашылмай қалғандықтан үнемі қайталаудан мезі болған оқушылардың пәнге деген қызығушылығын төмендетті. Сондықтан шиыршық (спираль) әдісін географияны оқыту жүйесінен алып тастау қажет. Бұл бағыттағы бағдарлама жүйесінде кескін картамен (жалпы атлас не қабырға карталарымен де) жұмыс істеу қарастырылман. Ал карта географияның екінші тілі. Картаны білмеу – географияны білмеу саналады. Жалпы, пәнді оқыту жүйесі бұзылып отыр. Мысалы, бүгінде мектептерде екі жыл оқытылатын «Жаратылыстану» деген пән бар. Бұл пәндегі тақырыптардың көпшілігі физика, биология, химия пәндерінде де толықтай қайта оқытылады. Ең сорақысы біз 5-сынып оқушысына химия курсынан судың формуласын береміз (оқушы формуланы әлі өткен жоқ еді, валенттіліктің не екенін білмейтін-ді). Бір-бірімізді қажетсіз қайталағанның орнына әр пәнге өз тақырыптарын қайтарып «Жаратылыстану» курсын географияландырып бір жылға жинақтаған дұрыс. Босаған курс орнына «Физикалық география» пәнін енгізіп, келесі курста «Материктер мен мұхиттар» курсын жүйелі оқыту қажет. 8-9 сыныптарда «Қазақстанның физикалық географиясын» және «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясын» екі жыл оқытуды қарастырған жөн. Осы себепті пән бағдарламасын толықтай қайта жасау керек және бағдарлама жасауға ғалымдардан басқа бір-екі мектеп мұғалімін (әйтеуір қатысты деген мақсатта алмай) емес, көбірек сараптау курсынан өткен тәжірибелі ұстаздар тобын тартқан жөн. Бүгінде еліміздің оқыту жүйесіндегі ғалымдарда кеңестік оқыту жүйесінен толықтай бас тарту деген теріс түсінік қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Біз жаңа жүйені енгізе отырып кеңестік жүйедегі оқыту әдістемесінің кейбір жақсы жақтарын, егер ол тиімді болса алуымыз қажет. Курстарға жазылған оқулықтар сапасы да жаңартуды талап етеді. 10-11 сыныптардың географиясы оқуға жарамсыз десе де болады. Ал министрліктегілер оны өзгертудің қиын екендігін, оқулықтардың бес жылда бір шығарылатынын алға тартады. Қысқасы, өзге пәндердегі секілді география пәнінің бағдарламасы да жүйелі өзгерістерді күтіп тұр.
1990 жылдан бері оқытылып келген «Қазақстан географиясы» жаңартылған білім енгеннен бастап, оқу бағдарламасынан алынып, жалпы география құрамына еніп шашыранды түрде түсініксіз болып оқытылуы ұстаздар қауымын ғана емес, болашақ ұрпақ қамын ойлайтын елім деген азаматтарды ойландыруы тиіс. Шын мәнінде Атыраудан Алтайға дейін құс қанатын талдырған кең байтақ жеріміздің табиғатын терең таныстырмай Отан патриоттарын дайындау мүмкін емес. Оның үстіне, еліміз қазба байлықтарын оны игеруі, еліміздің экономикалық әлуетін сипаттау ол болашақ мамандық иелеріне ауадай қажет 8-сыныптағы «Қазақстанның физикалық географиясы» 9 сыныптағы «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» курсын толық алып тастау – білім саласына жасалып отырған үлкен қиянат деп санаймыз.
Еліміздің экономикалық және әлеуметтік географиясын оқуға уақыт аз бөлінген. Практикалық жұмыстардың мазмұны нақты берілмегендіктен, талдаулар мен салыстыруларды Қазақстанның барлық аумағына жасау қажет болды. Бұл өте күрделі және оқушылардың қызығушылықтарын төмендетеді. Бағдарламаның практикалық бөлімі жекелеген аумақтар мен нысандарды салыстыруға арналған нақты тапсырмалар енгізу арқылы күшейтілсе Қазақстан экономикасы, аймақтардың даму ерекшеліктері, еліміздің шаруашылығындағы инновациялық өзгерістер, экономика дамуының нарықтық, аралас модельдері туралы білім мен көзқарасты қалыптастыруға болар еді. 10-11 сыныпта оқушылар таза алыс-жақын шетелдер туралы, оның ішінде мемлекетіміз мүше БҰҰ ТМД, ШЫҚҰ, ЕЭО ұйымдарының жұмысы туралы ондағы мүше мемлекеттерді іріктеу арқылы оқыту қажет. 11-сынып бағдарламасының мазмұны Азия елдері мен аймақтарын оқудан басталып, содан соң Еуропа, Америка, Африка, Аустралия мен Мұхит аралдары, Антарктида қарастырылса. Себебі Қазақстан барлық құрлық мемлекеттерімен тығыз қармы-қатынаста сол себепті жоғары сынып оқушылары толыққанды құрлық мемлекеттері туралы білгені дұрыс.
Орыс тіліндегі мәтінде географиялық терминдер дұрыс берілгенімен қазақ тіліндегі нұсқада табиғат байлықтары, топырақ қабаттары, аумақтық табиғат кешендері, елдің географиялық орыны түсініктері ауытқып кеткен. Бұрыннан қалыптасқан географиялық сөйлеу мәдениетін сақтау үшін алдымен бағдарлама, оқулық қазақша жазылу қажет.
Барлық география оқулығы бір базада сарапталып, бір баспада дайындалса оң болар еді. Ұлттық география элементтері мен контенттерге басымдық берілу қажет. Ғұлама ойшылдар, энциклопедист ғалымдар табиғат зерттеушісі Әл-Фараби, Ж. Баласағұн, С. Бақырғани, М. Қашқари, Ұлықбек сонау ерте кезден ақ табиғат – қоғам – адам арасындағы дамудың өзара байланыстылығын және оның біртұтастығын өздерінің ғылыми дүниетанымына арқау ете отырып табиғатты жеке адамның ақыл-ойы мен сана-сезімін тәрбиелеудің негізі екендігін көре білді. Халқымыздың ақын жыраулары Бұқар жырау Қалқаманұлы, Қорқыт ата, Мұрат Мөңкеұлы, Асан Қайғы сынды бабаларымыздың жер бедерін бағдарлай отырып оларға сипаттама беруі, халыққа құтты қоныс іздеуі, ол қоныстың жанға да малға жайлылығын анықтай білгені оқулық беттерінде айтыла бермейді. Алдағы жазылар оқулықтарда осы жағы да ескерілсе деген тілек-ұсыныс бар.
ТҮЙІН
Жаңа Қазақстанды құруға бағыт алған осындай реформалар аясында, білім саласында болатын өзгерістерге орай, география пәні мұғалімдерінің республикалық съезі ұсынған басты мәселе жалпы орта білім беретін мектептерде 8 сыныпта Қазақстанның физикалық географиясы, ал 9 сыныпта Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы жүйелі түрде оқытылса деген шешім съезд қарары ретінде қабылданып, «Қазақстан Республикасы жалпы орта білім беретін мектептерде географиялық білім берудің ұлттық моделінің тұжырымдамасы (жоба)» атты жаңа тұжырымдамасының жобасын мектеп бағдарламалары мен оқулықтарын сараптаудан өткізетін Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясына ұсынды. Алайда, әзірге тиісті орындардан хат-хабар, қолдау-қолдамау жөнінде жауап болмапты. Ұстаздардың мәлімдеуінше, білім сапасын арттырады деген сеніммен жасалған атағы дардай кембриждік негізде жасалған мектеп бағдарламасы қойыртпақ көрінеді. Тілі түсініксіз, ұғымы күрделі, баланы шатастырады, ұстазды шаршатады. Ең, сорақысы жас ұрпаққа өз елінің тау-тасын, өзен-көлін, экономикасын таныстыратын пән бағдарламада тұтас берілмей отыр. Кембридж деп кеңірдегімізді созғаннан не ұтамыз, кімді ұшпаққа шығармақ бұл бағдарлама? Балаларымыз жылдан жылға сауатсыз болып келе жатқанын көріп жүрміз. География ғана емес басқа да пәндерден мұны аңғару қиын емес. Оқулықтардың не оқушыға, не мұғалімге түсінікті емес екенін пандемия кезінде «жартылай ұстаз» болған өзіміз де аңғардық. Мәселе ұрпақ тәрбиесіне көзжұма қарамайтын әр азаматты ойландырса керек.