ТҮРКІСТАН: ӘЖЕЛЕР ИНСТИТУТЫ ҰРПАҚТЫ РУХТЫ ЕТЕДІ

0
21


Адамның адами болмысы мен асыл қасиеттері отбасында қалыптасатыны даусыз. Отбасында алған үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие арқылы ғана еліне, жеріне, Отанға деген сүйіспеншілік сезім орнығады. Ал отбасындағы басты құндылық ұлттық тәрбие деуге болады. Сол ұлттық тәрбиенің дәнін себуші жандардың бірі – әжелер екені даусыз. Тұла бойы тұңғышын атасы мен әжесінің тәрбиесіне беріп, «атасы мен әжесінің баласы» деп есептеп, солардың бауырына басатын ұлт қазақ қана.
Бауыржан Момышұлы бір сөзінде «Бесік жырын білмейтін аналар көбейді, ертегі айтып елітетін әжелердің азайып бара жатқанынан қорқамын» деген екен. Расында, заман өзгерді деп жаңашылдыққа салынып, балаларымыздың қолына смартфон ұстатып, ертегінің орнына түрлі мультфильм көргіземіз. Ал бесік жырын айтудың орнына даңғаза әуендерді қойып сәбиді жұбатып жүргеніміз жасырын емес. Ескіліктің сүрлеуінде қалған салт-дәстүрлеріміздің құндысын қайта жаңғыртып, мәдениетімізге сай әдеп-ғұрыптарға жан бітіру керектігін айтқан болатын. Ендеше балаға ертегі айтудың маңызын насихаттап, өнегелі әжелердің өмір өрнегін көпшілікке ұсынғанды жөн санадық.
Дүниеге 9 баланы әкеліп, кеудесіне алтыннан алқа таққан батыр ана, өнегелі әже Қалдан Ахметова жетпістің төртіне жетсе де қолынан кітабын еш тастаған емес. Көзінің жөнді көрмейтіндігі кедергі келтірсе терезеден түскен сәуленің жарығына жантая кетіп, жастығының астынан кітабын ¬суырып оқи жөнеледі. Немерелері келген кеткен сайын «Кітапханаға жаңадан кітап келді ма? Біле жүріңдер, ала келіңдер» деп отыратын әжелерімен әңгіме дүкен құрғанды ұнатады. «Әже, әже» деп айналшықтап жанынан шықпайтын немерелеріне батырлар жыры, ертегі мен дастандарды айтып береді. Әңгімені әріден қозғайтын әженің сөз саптауы да ерекше. Байырғы салт-дәстүр, ырым-тыйымдарды айтқанда өмірлік азық, рухани байлыққа кенеліп сала бересіз.
– Ертегі, аңыз, қазақтың тарихы балалар тәрбиесінде маңызы зор құндылықтар. Қиял әлемінен қанат қағып шыққан бүлдіршін аңыз әңгімемен жетіледі. Одан кейін қазақтың тарихын шығармаларына арқау еткен ақын-жазушылардың шығармаларымен шыңдалады. Бойда қуат, жанарда сәуле барда ұрпағыма ұлағатты тәрбие бере алсам бабалар ізін жалғағаным емес пе? Кейде ертегі айтсам немерелерім «Әже, сақа деген не, құрық деген не?» – деп түсінбей жатады. Осындай сәтте баланың тап-таза санасына тағылымды дүниелерді жаттатқызуға тырысамын, – дейді Қалдан әже.
Сол себепті әже тәрбиелеген бала сөздің қадірін біледі, орнымен сөйлеп, сөзді тауып, нықтап айтады. Немересін баласынан ыстық көретін ата-әжелеріміз бұрындары кішкентай қарадомалақтарын бір елі қастарынан тастамайтын. Бала үнемі үлкендермен бірге жүріп, олардың өнегелі әңгімелерін, тарихтан шерткен сырларын, ән-жырларын, шежірелерін тыңдап өседі. Немересін жырмен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткен Қалдан әже әдемі қартаюдың үлгісіне айналып отыр. Елін қорғаған батырдың ерлігі мен өрлігін өнеге етіп ұрпақ тәрбиелеуде. Осылайша бала ерте жастан-ақ бабалар жүрген жолды біліп өсіп, өз елінің, ата-бабасының тарихынан хабардар болады. Даланың дана қарттарының қолында өскен бала қай кезде де рухани дүниесі бай, ұлттық намысы жоғары, көргенді, көпшіл болып өседі.
«Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде…» – деп басталатын ертегіні бала күнімізде кітаптан жиі оқитынбыз. Қала берді радиодан «Зәмзәгүл әженің ертегілері» айдарымен шығатын аудио ертегіні тыңдап ұйқыға кететінбіз. Ол кез де өзінше қызық екен. Ал қазір ше? Ертегі айтатын әже азайды ма, жоқ әлде балақайлар ертегі тыңдамай ма, беймәлім. Әйтеуір «ертегі айтып берші» деп жүретін баланы, «айтып берейін» дейтін әжені кездестіру қиын. Әрі-беріден соң бүгінгі өскелең ұрпақтың ауыз әдебиетіне деген әуестігі жоқ секілді. Бала қиялы ғаламтормен, қалтафонға байланып қалған.
Рас, бүгінде ұлттық тәрбиенің негізі саналатын ертегі өгейсіп тұр. Шындығында ата-ананың ертегі айтуға уақыты жоқ. Бала өтінішін орындамай тыныш отырса болды деп телефон ұстата қояды. Күн ұзағына күнкөріс қамы деп шаршаған ата-ананы да түсінуге болады, әрине. Дей тұра бала тәрбиесі бәрінен биік тұрады емес пе? Бір мезгіл бала тәрбиесіне көңіл бөліп, уақыт табуға болмас па еді. Тиынның да екі жағы болады. Бүгінгі жас ата-аналарды да біржақты қаралай беруге болмас. Заманауи әжелеріміз де жетіп жығылады. Әрине, заманына қарай адамы. Дегенмен ұлттық құндылықты сақтай отыра оны заман ағымымен ұштастыру да керек.
Ертегі тыңдап өскен бала болашақ өміріне бағыт қалыптастыра алады. Кейіпкердің батыр тұлғасына қарап, үлгі алады, бой түзейді. Мамандар баланы ұйықтатар алдында қандай да бір ритуалдың болуын дұрыс деп есептейді. Демек, күнделікті қайталанатын әрекет баланы өздігінен ұйықтатуға да¬йындайды. Мәселен, ұйықтар алдында бет-қолды жууды әдетке айналдырады емес пе?! Сол секілді жатар алдында баламен сөйлесу, әңгімелесу, жақсы сөз айту тиімді саналады. Сондықтан балаңызға жатар алдында ертегі я болмаса мағыналы әңгіме айтуды әдетке айналдырғаныңыз жөн.
Қазір дамыған заман деп жатамыз. Мәселен, «Инстаграм» әлеуметтік желісінде «Қазақ ертегілері», «Ертегілер елінде» деген бірыңғай ертегілер жарияланып тұратын арнайы парақша бар. Кітапты қалтафон алмастырған мына қоғамда электронды оқулық пен әлеуметтік желіні өз пайдаңызға қолдансаңыз жетіп жатыр. Уақытыңызды да үнемдей аласыз. Балаңызға ертегі оқып беріп, оның таным көкжиегінің кеңеюіне де сеп боласыз.
Ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, бала тапқыр болсын деген ниетпен жұмбақ шешімін табуға үйретеді, тілі таза болсын деп жаңылтпаш жаттатады, ойы шыңдалсын деп өлең оқытады. Иә, «Тәрбие – тал бесіктен» деген қазаққа ұлттық құндылығымыз жоғал¬масын десеңіз ертегі оқуға ерінбеңіз.
Осыдан-ақ, ұрпаққа ұлағатты тәрбие беріп, оларды адами келбет ауанынан алыстатпау үшін ақ жаулықты «әжелер мектебінің» өзіндік рөлі барын аңғаруға болады. Әже өнегесі ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы құндылық, тәрбиенің қайнар көзі. Әже алдын көріп, тәлімін алғандардан қазақтың сүт бетіндегі қаймағындай болып, тарихта есімі қалған ұлылар қатары көп-ақ. Зередей зерделі де ұлағатты әжеден аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандар тыңдап өскен бала Абай дана Абайға, қазақтың ұлы ақынына, зор тұлғаға айналды. Ал Айғанымдай әженің өнегесін көріп, тәрбиесін алған Шоқан кім болды? Өз тұстастарының алды, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызына, халық мақтанышына айналды. Бұдан өзге Біржан сал, Мұхтар сынды қазақтың маңдайалды, біртуар азаматтары да әженің тәрбиесін көрген, әженің алақанынан түлеп ұшқан. Тізбелей берсек, «әже мектебінен» сусындап өскен ұлылар саны мұнымен шектелмейді. Осы мысалдардан-ақ әженің қоғамдағы орны мен маңызы айшықталып тұр.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

Leave a reply