ТҮРКІСТАН: ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН
«Жыл басынан бері салаға 88,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде көкөніс, бақша өнімдерінен рекордтық 3,3 млн тонна жиналып отыр. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 25 жобаны іске асыру көзделсе, жыл басынан бері нақты 22-сі іске қосылды. Салада жаңа технологиялар кеңінен қолданылуда. Қарқынды бау көлемі 5 405 гектарға жеткізілді.
Түркістанның әлеуметтік-экономикалық ахуалы бүтін республикаға әсер етер күшке ие. Өйткені Оңтүстік облыс географиялық тұрғыда қолайлы орналасқан, ондағы халық тығыздығының деңгейі жоғарғы және кейінгі жылдары қолға алынған іргелі бастамалар біршама.
«Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына келетін болсақ, осы жылдың 10 айында оң өсім бар. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн теңгеден асты. Өнеркәсіп өнім көлемі 2 пайызға артып, 758 млрд теңгені құрады. Өсімге негізінен сүт, тоқыма және электр жабдықтары өндірісі үлес қосты. Бұл ретте Түркістан облысы бөлінгенде негізгі өндіріс орындары Шымкент қаласы аумағында қалып қойғанын атап өткен жөн.
Өңір басшысының айтуынша, «ҚазАтомпром» ұлттық компаниясы Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Құны 100 млрд теңге болатын жобаның жүзеге асуы аймақта 250 жаңа жұмыс орнын ашуға септігін тигізбек. Қазір жер телімі анықталып, компания техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге кіріскен. Облыстың өзіндік кірісін арттыратын бұдан өзге бірнеше жобадан хабардар етті. Нақтыласақ, бұлар – «Ocean Energy Company» ЖШС-ның Қазығұрт ауданында Каскад ГЭС құрылысы, «Эко-Культура» АӨХ-нің Келес ауданындағы жылыжай кешенін салуы, «Standard Petroleum&Cо» ЖШС-ның Ордабасы ауданында мұнай өнімдерін өңдеу зауыты, «ARM WIND» ЖШС-ның Отырар ауданында күн электр стансасының зауыты, «Састөбе химиялық кешені» ЖШС-ның Түлкібас ауданындағы каустикалық сода, ПВХ, кальций карбиді, әк цемент өндіру зауыты бар. Сонымен қатар бұл ауданда газ электр стансасының, Сауранда күн электр стансасының, Созақта фосфорит кендерін өңдеу зауытының құрылысы жоспарға кірген. Облыс басшылығы Сайрамда бу-газ қондырғысын салуды да ойластырып отыр.
«Биыл қосымша 20 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынады, 11 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылады. Нәтижесінде, қамту деңгейі 88,6 пайызға жетеді. Қалған елді мекендерді алдағы 3 жылда толық қамту жоспарланып отыр. Сонымен бірге, 465 елді мекенге газ жүргізіліп, қамту деңгейі 56 пайызға жетті. Биыл 63 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 52 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады.