Вторник, 17 сентября

ТҮРКІСТАН: ӨҢІРГЕ ИНВЕСТОРЛАР ТАРТУ БАҒЫТЫНДА АУҚЫМДЫ ШАРАЛАР ОРЫНДАЛУДА

0
18

Түркістан облысының аудан, қалаларында маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Олардың құрылысы, инфрақұрылымына әкімдік тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп жатыр. Кезекті жобалардың жүзеге асырылу барысы Түркістан өңірлік инвестициялық штаб мәжілісінде тағы да талқыланды. 20-ға жуық жобаның жай-күйі сараланып, жұмыстары таныстырылды.

Түркістан қаласындағы «Turkistan» арнайы экономикалық аумағында полимерлі құбырларды, пластмассадан жасалған бұйымдарды шығаратын ірі-тораптық зауыт салынуда. 80 жұмыс орны құрылады. Ал Төлеби ауданында «KAZPLAST» ЖШС-нің тігін фабрикасының құрылысы аяқталып келеді. Биыл ашылатын фабрикада 150 адам жұмыспен қамтылады. Сауран ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өндірістік кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беру актісін алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Арыс қаласында теміржол вагондарын жөндеу жобасын «АВЛРД» ЖШС жүзеге асыруда. Жобаны іске қосу 2024 жылдың екінші жартыжылдығында жоспарланған. 50 жұмыс орны құрылады. Түлкібас ауданында қуаттылығы жылына 5000 тонна жеміс өңдеу цехын «Түлкібас Жеміс Жидектері» АӨК іске асыруда. Жеңілдетілген несие арқылы қолдау көрсету мәселесі назарға алынды.

Төлеби ауданында логистикалық орталық салу және жүк тасымалдарын ұйымдастыру жобасын «Monotrans» ЖШС жүзеге асыруда. 190 адам жұмыспен қамтылады. Ал Кентау қаласында өнеркәсіпке арналған металл конструкциялары, металл бұйымдарын шығаратын зауыт құрылысы аяқталғанда 80 жұмыс орны ашылады.

Ал «Beibars-Bottlers» ЖШС Түлкібас ауданында ауыз су және түрлі-түсті сусындар өндіру зауытын салып жатыр. 96 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда электр мәселесі бар. Өңір басшысы бұл түйткілді шұғыл шешуді тапсырды. Мердігерге тиісті ұсыныс беріледі. Түркістан облысының мемлекеттік сатып алулар басқармасы тарапынан сыртқы инфрақұрылым жүргізу бойынша мердігер компанияны анықтау үшін конкурс жарияланған. Жоба толық іске қосылса, 500 жұмыс орны ашылмақ.

Сайрам ауданында мақсары майын шығаратын зауыт, етті қайта өңдеу, мал сою цехы және бордақылау алаңы, арнайы техникаларды, кузовтарды құрастыру зауыты салынса, Қазығұртта цемент зауытының құрылысы жүріп жатыр. Ордабасы ауданы мен Арыс және Түркістан қалаларында шетел инвесторлары арқылы жобалар жүзеге асады.

Leave a reply