Вторник, 10 июня

ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ МЕРЕКЕЛІК ШАРАЛАР ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ТОЙЛАНЫП КЕЛЕДІ

0
8

Биыл Түркістан облысындағы «Балауса» жазғы лагерінде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қазақстан балалары» атты мерекелік іс-шарасы өтті. Табиғаты әсем, балаларға барлық жағдай жасалған демалыс аймағында 10 бағыт бойынша іс-шаралар, сайыстар ұйымдастырылды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров балалармен жүздесіп, сайыстарын, көрмелерін, өнертабыстарын тамашалап, бірге асық ойнады. Балаларды төл мерекелерімен құттықтады.

Биыл облыста 1093 мектепте 553 мыңнан астам оқушы білім алды. Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс аясында 40 мыңға жуық оқушы тегін спорт, өнер үйірмелерімен қамтылуда. Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі 15 мыңнан астам балаға қолдау көрсетіледі. Жаз айларында 31 жазғы сауықтыру лагері 43 мыңнан астам балаға қызмет көрсетеді. Сондай ақ бюджеттен қаржы қаралып, жаңа 52 модулді лагер соғылып, қосымша 7500 баланы қамтуға жағдай жасалуда. Сіздер – туған еліміздің болашағысыздар. Армандарыңыз асқақ болсын. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, береке тілеймін! – деген Нұралхан Көшеров білім және өзге де салаларда жетістікке жеткен 20 оқушыға алғысхат пен 100 мың теңгенің сертификатын тапсырды.

Сонымен бірге өңір басшысы 10 ерекше баланы арнайы марапаттады. Одан бөлек мерекеге қатысушы 150 балаға облыс әкімінің сыйлықтары табысталды Балалардың мерекесінде экоойындар, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша оқыту сабақтары, шахмат, тоғызқұмалақ сайыстары, асық ату, садақ ату ойындары ұйымдастырылып, «Қолөнершілер» ауласы таныстырылды. Киіз үй тігіліп, балалар саз мектебінің фольклорлық ансамблі күй күмбірлетсе, балабақша шәкірттері Абайдың өлеңін жатқа оқып, тәнті етті.

Мереке концерттік бағдарламаға ұласып, әуелеген әндер шырқалып, би топтары, цирк шеберлері өнер көрсетті. Айта кетейік, «Балауса» лагері 150 орындық болған, 7 ауысымда 1050 баланы қабылдап келген. Осы жылы 200 орындық модуль салу арқылы «Балауса» лагеріндегі орын саны 350-ге жетіп, 7 ауысымда 2450 бала қабылдауға мүмкіндік алып отыр. Осы бастама арқылы Түркістан қаласының 1450, Сауран ауданының 1000 баласын жазғы сауықтырумен қамтиды деп жоспарлануда.

Сонымен қатар 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Қазығұрт ауданында «Бала күлкісі – баршаға ортақ қуаныш» атты мерекелік шара өтті. Шара барысында балаларға шаттық сыйлайтын концерттік бағдарламалар мен спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Мерекелік жиында аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев сөз сөйлеп, балғын бүлдіршіндерді айтулы мерекемен құттықтап, «Балалар – ел ертеңі, ұлт болашағы. Олардың бақытты балалық шағы үшін жағдай жасау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Білімді, саналы, дені сау ұрпақ тәрбиелеу – мемлекетіміздің басты мақсаты» деді. Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары мәдениет, спорт, білім мен ғылым салаларында жетістікке жетіп, аудан абыройын асқақтатып жүрген жастарды аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Мерекелік шара аясында аудандағы мүмкіндігі шектеулі балалар да ұмыт қалмай, мерекелік сыйлықтар тарту етілді. Мерекелік шараға қатысқан бүлдіршіндер «Бейбіт өмір мен жарқын болашақ – балалар үшін!» деген ұранмен мерекені қорытындылады.

Жалпы бұл күні облысқа қарасты барлық аудан, қалалар мен бірқатар әлеуметтік нысандарда мерекелік кеш өтті.  Түркістан облыстық Ыбырпй Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Біз бақытты балдырған!» атты мерекелік кеш өтті. Іс-шараның мақсаты – балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғап, оларға қамқорлық жасау, сол әрекетті еске салу. Осылайша болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру және оларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау көзделді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі атаулы күнге арналған «Қазақстан балалары» атты тұжырымдаманы әзірледі. Соған сәйкес ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 22 мамыр күнін «Отбасында өмір сүру бақыты» деген тақырыптық күн ретінде бекітті. Осыған орай 22 мамырдан бастап 1 маусым аралығында Түркістан облыстық Мәдениет басқармасының қолдауымен Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы және Түркістан облысына қарасты барлық балалар кітапханаларында мерекелік апталық ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті.

Іс-шараны «Құрмет» орденінің иегері, тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Баян Адырбек, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР-ның Құрметті журналисі Роза Нарымбетова, ҚР Журналистер одағының, Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі, ҚР-ның еңбек сіңірген қызметкері, Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгі иегері Несіпкүл Өтебаева, сондай-ақ «Түркістан» телеарнасының продюсері Ұлмира Тоқсанбаева ашып, балаларға арналған мерекенің маңыздылығына тоқталып, жүрекжарды тілектерін білдірді.

Мерекелік кешке Түркістан және Кентау қалалық балалар кітапханалары арнайы кітап көрмелерін ұсынып, шараға өз үлесін қосты. Кештің қадірлі қонақтарының қатарында Түркістан қалалық полиция басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы, полиция аға лейтенанты Бағдат Мейірхан да болды. Ол кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде баяндама жасады. Мерекелік кешке түрлі жастағы балалар, ата-аналар мен қонақтар қатысты. Кеш барысында бүлдіршін оқырмандар ән айтып, би билеп, қызықты ойындар ойнап, ертегі кейіпкерлерімен кездесіп, ерекше әсер алды. Кеш соңында кітапхана директоры Рысбек Летаев іс-шараны қорытындылап, өнер көрсеткен оқушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. Шара соңында барлық балаларға тәтті сусындар мен балмұздақтар таратылды. Мерекелік шара балаларға шаттық пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл күн – балалардың шат күлкісімен, қуанышқа толы сәттерімен есте қалды.

 

Leave a reply