ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА

Түркістан облысы – елдің оңтүстік бөлігінде орналасқан стратегиялық маңызды аймақ. Өңірдің аумағы 116,3 мың шаршы км, халық саны 2,15 миллионнан астам, халық тығыздығы – 1 шаршы км-ге 17 адам. Облыс орталығы – Түркістан қаласы, өзінің мәдени-тарихи мұрасымен ерекше. Соңғы жылдары қала қарқынды дамуда. Өңірдің табиғи ресурстары, экономикалық және мәдени әлеуеті айтарлықтай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Айтылған ауқымды мәселелердің барлығы еліміздің экономикалық өсімі мен тұрмыстық әл-ауқатының жақсаруына бағытталған. Бүгінде Түркістан облысы арнайы экономикалық аймағы мен индустриялық аймақтар инвестиция тартуда сәтті мысалдар көрсетуде.
Осы ретте, Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында орналасқан «Қазығұрт» индустриалды аймағында 4,9 млрд теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, 249 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінде индустриалды аймақта жалпы құны 2,2 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылып, 123 жаңа жұмыс орны ашылды. Одан бөлек, жаңа өндіріс орындарының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барып, «Қазығұрт» индустриалды аймағын аралады. Жаңа жобалармен танысып, жұмысты пысықтады. Жауапты тұлғаларға тың жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторлар тарту керек екенін айтып, жұмысты одан әрі жандандыруды тапсырды.
Қазіргі уақытта «Билол» ЖК тарапынан 3 гектар аумақта болат шарларын өндіретін зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаның жылдық қуаттылығы – 5000-6000 тонна. Зауыттың құрылысы 80% аяқталып, құрал-жабдықтары орналастырылуда. Сонымен қатар биылғы мамыр айында 2 жобаның құрылысы басталды. Нақтырақ айтқанда, «TIMUR.LES» ЖШС жиһаз, жұмсақ полиуретанды көбік және бағдарланған бөлшектер тақтасын шығаратын зауыт салуды қолға алды. Зауыт іске қосылғанда жылына 10 мың дана жиһаз өндіру жоспарлануда. Сондай-ақ, «AGRO irrigation» ЖШС су үнемдеуге арналған полиэтилен құбырларын шығаратын зауыт салмақ. Инвестиция құны 1,2 млрд теңгені құрайтын жобаның жылдың қуаттылығы – 10 000 тонна. Қазіргі уақытта кәсіпорындар салуға қажетті жер телімдері рәсімделіп, инвесторлар зауыттардың құрылыс жұмыстарына кіріскен. «Сапа 2002» ЖШС 150 гектар жерге жаңбырлатып суғару жүйесін ендіру жұмыстарын жүргізуде.
Облыстың тұрақты даму үшін әлеуеті зор. Ағымдағы мәселелерді шешу және жаңғырту стратегиясын нақты жүзеге асыру арқылы өңір елдің жетекші экономикалық орталықтарының біріне айналуға мүмкіндік алады. Жоспарланған жобалардың жүзеге асырылуы халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, өңірдің мәдени, экономикалық және туристік орталық ретіндегі орнын нығайтады.
Одан бөлек, «Көрік ШҚ» ЖШС 2018 жылдың қазан айынан бастап алкогольсіз табиғи шырынды сусындар шығаруда. Жоба қуаттылығы жылына – 1 мың тонна. 2019 жылдың қараша айында «CG Foods Central Asia» ЖШС тез әзірленетін тағамдар өндірісін іске қосқан. Өндіріс қуаттылығы жылына – 1100 тонна. Кәсіпорын өнімдерін Қазақстаннан бөлек, Ресей және Орта Азия елдеріне экспорттауда. Мұнда 100 адам жұмыспен қамтылған. Индустриалды аймақта «Асыл» ЖШС-нің автоматтандырылған ауыз су жүйесі және капсулалалар өндірісі іске қосылған. Сонымен қатар «Сабит» шаруа қожалығы «Ағанай» су қоймасына 200 мың шабақ тастап, балық өсірумен айналысуда. Бүгінде өңірде жолдарды жаңғырту, сумен жабдықтау жүйесін кеңейту және газдандыруды жеделдету өмір сүру сапасын арттырудың негізгі бағыттары қолға алынған. Туристік ағынды арттыру үшін жаңа көлік тораптарын салу жоспарлануда. Сонымен қатар, қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша заманауи технологияларды енгізу, сондай-ақ экологиялық таза энергияға көшу қолға алынған. Жаңа экологиялық бастамаларды жүзеге асыру экономикалық өсу мен табиғат қорғау қызметі арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Агроөнеркәсіптік әлеуеті зор аймақ ретінде су үнемдеу технологияларын дамыту, ирригациялық жүйелерді жаңғырту және жылыжай шаруашылықтарын кеңейту ауыл шаруашылығының тиімділігін айтарлықтай арттырады. Шағын фермерлерді субсидиялау және оқыту арқылы мемлекеттік қолдау сектордың тұрақты өсуіне ықпал етеді. Мектептер, медициналық мекемелер және мәдениет орталықтары құрылысының жаңа жобалары демографиялық қысымды жеңілдетеді. Жас мамандарды қолдаудың қосымша шаралары өңірдің кадрлық әлеуетін арттырады. Түркістан арнайы экономикалық аймағын кеңейту және индустриялық аймақтарды дамыту қосымша инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді. Әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және бизнеске қолайлы жағдай жасау өңірдің халықаралық аренадағы позициясын нығайтады.