Түркістан облысындағы туризм мен тұрғын үй инфрақұрылымының дамуы — өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен өсімінің негізгі драйверлері. Бұл салалардың дамуы халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Түркістан облысында туризм мен тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа бірегей инвестициялық жоба іске асырыла бастады. Облыс әкімдігі мен Қытай Халық Республикасының ірі өндірістік компанияларының бірі – «Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd.» арасында өзара тиімді серіктестік орнады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясы ҚХР-дағы Линьи қаласына сапар жасап, «Shandong Kamoya» зауытының жұмысымен, өндірістік қуатымен және инновациялық шешімдерімен танысты. Қазіргі уақытта бұл зауыт «KHAN TAU» брендімен капсулалы үйлер шығаруда. Енді осы технологиялар Түркістанда өндірілетін болады.
Былтыр желтоқсанда Түркістан облысы делегациясының Қытайға жасаған ресми сапары аясында басталған келіссөздер нәтижесінде тараптар бірлескен өндірісті ұйымдастыруға уағдаласты. 2025 жылдың қаңтарында қытайлық серіктестер Түркістан облысына арнайы келіп, өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысты. Қазіргі таңда «BNK GROUP LTD» ЖШС мен «Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd.» арасында капсулалы үйлерді Түркістанда жинау және өндіру бойынша келісім жасалып, алғашқы үйлер дайындалды. Олар жақын арада өңірдегі «KHAN TAU» демалыс аймағына жөнелтіледі.
Капсулалы үй – бұл жаңа буындағы модульдік құрылыс үлгісі. «Shandong Kamoya» компаниясының «Camoya ғарыш капсуласы» жоғары санаттағы кемпингтерге, қонақүйлерге және глэмпингке арналған заманауи шешім ретінде әзірленген. Ол кемпер, мини-қонақүй және модульдік үйдің функцияларын біріктіреді. Мұндай үйлерге жер телімін рәсімдеудің қажеті жоқ, құрылыс экологиялық таза және энергия үнемдейтін принциптерге негізделген. Капсула ішкі жабдықтарына келсек, панорамалық терезелер, жатын және тұрғын аймақтар, толыққанды ас үй мен санитарлық тораппен қамтылған. Сонымен бірге «ақылды үй» жүйесі, кондиционер, мультимедиа жабдықтары және тағы басқа жаюдықтармен жабдықталған. Мұндай ғимараттарды туристік кешендер мен глэмпингтер, модульдік кеңселер мен мобильді үйлер, көрме павильондары, дала зертханалары, қонақүйлерге пайдалануға болады. 50 жылға дейін қызмет етуге жарамды.
– Түркістан облысында туризм мен тұрғын үй инфрақұрылымын жаңғырту бағытында мұндай технологиялардың маңызы зор. Біз сіздермен нақты жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз. Осы арқылы өңірдің өндірістік, туристік, инфрақұрылымдық әлеуетін көтеруге күш саламых, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Кездесу соңында делегация өкілдері компания басшылығына жылы қабылдауы мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтты.
Шаньдун – Қытайдың солтүстік-шығысындағы тарихи және экономикалық әлеуеті зор аймақ. 2023 жылғы көрсеткіш бойынша өңірдің жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 9 триллион юаньнан асып ($1,3 триллион), ел бойынша алғашқы үштікке енді. Бұл өңірдің ғылым, экспорт, өндіріс, көлік инфрақұрылымы салаларындағы қарқынды дамығанын көрсетеді.
Түркістан облысы — Қазақстанның мәдени және тарихи мұрасы мол, рухани маңызды өңірлерінің бірі ретінде туризмді дамытуда зор әлеуетке ие. Туризм саласының қарқынды дамуы өңірдің экономикасына айтарлықтай әсер етеді. Ең алдымен, туристердің көптеп келуі жергілікті бизнесті, әсіресе қонақ үйлер, мейрамханалар, туристік агенттіктер мен көлік қызметтерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың табыс деңгейінің өсуіне және өңір бюджетінің артуына алып келеді. Сонымен қатар, туризм Түркістан облысының халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, мәдени және экономикалық байланыстарды нығайтады.
Тұрғын үй инфрақұрылымының дамуы — өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етудің тағы бір маңызды факторы. Қазіргі уақытта Түркістанда жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысын жүргізу белсенді жүріп жатыр. Бұл тұрғындардың жайлы өмір сүруіне, қалалар мен ауылдардың дамуына, халықтың қоныс аударуын ынталандыруға әсер етеді. Тұрғын үй саласының өсуі құрылыс және байланысты салалардағы жұмыспен қамтуды арттырады, бұл өз кезегінде экономиканың әртараптануына және аймақтың жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосады.
Жалпы алғанда, туризм мен тұрғын үй инфрақұрылымының даму үрдісі Түркістан облысын Қазақстандағы экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды орталықтарының біріне айналдыруда. Бұл бағыттағы инвестициялар өңірдің нарықтық тартымдылығын арттырып, халықтың өмір сапасын жақсартуға, еңбек нарығын дамытуға, сондай-ақ инфрақұрылымның заманауи талаптарға сай дамуына мүмкіндік береді. Осылайша, Түркістан облысы тұрақты даму жолында сенімді қадамдар жасап, Қазақстанның жалпы экономикалық әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосуда.