ТҮРКІСТАН: 11 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛДІ
Түркістан қаласы дамуының жаңа кезеңі басталғалы шаһарда заманауи жобалардың барлық түрі қолданылуда. Инфрақұрылым, әлеуметтік бағдарда һәм жол саласында да бірқатар тірліктердің тындырымды жүзеге асып жатқандығын көріп жүрміз. Жалпы, өзекті салалардың бірі – жол бөлімі бойынша атқарылған істердің барысы жайында Түркістан қаласы әкімдігінің «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің» басшысы Арман Оспанмен сұхбаттасып едік.
– Арман Оңалханұлы, облыс орталығының жол саласында өткен жылы қандай жұмыстар атқарылды?
– 2021 жылы Түркістан қаласының жол саласында жұмыстар қарқынды болды. Тұрғындардың талап тілектері ескеріліп, жол сапасын жақсартуда барлық мүмкіндіктер қолданылып, жүйелі жұмыстар жүргізілді.
15,1 шақырымды құрайтын – 11 көшеге асфальт төселді. 155 шақырымнан тұратын – 185 көшеге тас төселді. Одан бөлек, бірнеше құрылыс жобаларына реконструкциялау жасалды.
Бұл жұмыстардың 2020 жылғы нәтижесі 81 көшеге – асфальт, 4 көшеге веложол және 63 көшеге – тас төселген болатын.
– Аталған реконструкциялау жұмыстарына толығырақ тоқталып өтсеңіз?
– Жалпы реконструкциялау – жөндеу, жаңарту. 2021 жылы бізде екі үлкен көшеге жөндеу-жаңарту құрылысы жүргізілді.
Атап айтсақ, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолынан Ж.Майкотов көшесіне дейінгі автожолдың құрылысы және М.Абеновадан Б.Саттарханов даңғылына дейінгі аралықта – Жібек жолы көшесі қайта жаңғыртылды.
Бірінші, 6,5 шақырымға созылған Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолынан Ж.Майкотов көшесіне дейінгі автожолдың жүріс бөлігіне асфальт жабыны толық төселді. Сонымен қатар, науа (лоток) және аяқ жол мен вело жолдар толық салынды.
Екінші, Жібек жолы көшесін қайта жаңғыртуда 1,53 шақырымға күрделі жөндеу жүргізілді.
– Көшелердің жарықтандырылуы қандай деңгейде. 2021 жылғы нәтижелер қандай?
– 2021-2022 жылдар аралығында Түркістан қаласында 267 шақырым құрайтын 201 көшеге жарықтандыру жүйесін жүргізу жоспарланып, соның 147,8 шақырымды 155 көшесі жарықтандырылды. Қазірде 119,2 шақырымды 46 көшеге жарықтандыру жүйесі орнатылуда. Сонымен қатар, Қазыбек би көшесімен А.Жармұхамбетов көшесінің қиылысына және Тәуке хан даңғылымен Сайрам көшесінің қиылысына Т-тәрізді транспорттық бағдаршамдар қойылды.
– Жүйелі жұмыстардың жалғасы – бұл жылға қандай жоспарларыңыз бар?
– Биыл 46 көшеге жарықтандыру, 39 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жасалады. 3 көшеге күрделі жөндеу жүргізіліп қайта жаңғыртылады. Одан бөлек, 272 көшені жарықтандырумен қамту жоспарлануда.
Сонымен бірге, шаһардағы 200-ге жуық көше абаттандырылады.
– Қазір шаһардың қанша бөлігі асфальтті, қанша шақырымы тас жол?
– Жалпы қала 845 шақырымды 875 көшеден тұрады. Бүгінгі таңда, оның 316, 1 шақырымы асфальтті жол, 401,6 шақырым тас жол болса, топырақты жол – 127,3 шақырымды құрайды.
– Тұшымды жауаптарыңыз үшін, рахмет!
Сұхбаттасқан:
Баян ӘБІЛҚАЙЫР.