ТҮТҮРКІСТАНДЫ КӨГАЛДАНДЫРУ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУҒА БАСА МӘН БЕРІЛІП КЕЛЕДІ
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қаладағы бірқатар нысанды аралап, жұмыс барысымен танысты. Түркістанды көгалдандыру жұмыстарын қадағалады. Түркістан қаласында «Жасыл белдеу» қалыптастыруға, қаланы көгалдандыру мен абаттандыруға баса мән беріліп келеді. Қазіргі таңда саябақ мен гүлзарлар саны 60-қа жетті. Көгал аумағы 2,5 млн. шаршы метрден асады. Жасыл желекті суғару бойынша жерасты суы мен Арыс-Түркістан каналының суын барынша тиімді пайдалану қолға алынды. Облыс әкімі қаланы абаттандыру, арықтар мен каналдардың жұмысын жүйелеу жөнінде тапсырма берді.
Бүгінде шаһардағы 200-ден астам көше ирригациялық арық арқылы суғарылуда. Оған гидрантты жүйелер пайдаланылады. Жоспар бойынша биыл облыс орталығында 250 мың ағаш көшеті мен 128 гектар көгал егіледі. Жыл басынан бері 500 мың шаршы метр аумаққа көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, 100 мыңнан аса көшет отырғызылды. Қаланың «Ботаникалық бақ» аумағы жағынан су тазартылатын №1, №2 су қоймасын салу жұмыстары жүргізілуде. Оған Р-33 каналынан су алынады.
Түркістан қаласын одан әрі жақсарту мақсатында 2021-2022 жылдар аралығында 269,2 шақырымды қамтитын 216 көшеге жарықтандыру жүргізу жоспарланды. Қазіргі таңда 124 көшеде жарықтандыру толығымен іске қосылып, қалған 92 көшені электрмен жабдықтау жұмыстары жалғасуда.
Өңір басшысы одан кейін ескек есу базасында болып, жұмыс барысымен танысты. Өмірзақ Шөкеев ескек есу каналының суының сапасын қадағалап, абаттндыру жұмысын да күшейтуді тапсырды. Бұл базада су спорт түрлері дамиды. Ірі халықаралық жарыстар өтеді деп күтіліп отыр.