ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС НАЗАРЫНДА
Қалаби көшесін реконструкциялау қала ішіндегі көлік кептелісін азайтады. Индустриалды аймақтан шығатын ауыр жүк көліктері мен Балтакөл бағытынан келетін жүргізушілерге тікелей Шымкент тас жолына шығуына жол ашылмақ.
Реконструкциялау 7 шақырымды құрайды. Бұған 12,7 млрд теңге қаржы қаралған. Бұл туралы қала әкімдігі жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы А.Оспан Түркістан қаласы қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында баяндады. Қала әкімдігінде өткен жиынның күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Басқосуды қоғамдық кеңестің төрағасы М.Атанбаев ашып, жүргізіп отырды.
– Түркістан қаласында қазіргі уақытта қоғамдық көліктер 21 бағытта қатынайды. Тұрғындарға 2 тасымалдаушы мекеме мен 220 автобус қызмет көрсетеді. Қалаішілік 15 бағытқа «Жолаушы» ЖШС-і жауапты болса, 6 бағытқа «ТехПрофАвто» ЖШС-і қызмет көрсетеді. Қоғамдық көліктердің бекітілген кестеге сай жүруі, жүргізушілердің бірыңғай киім үлгісін сақтауы мен автобус тазалығын сақтауы біздің тікелей бақылауымызда. Осы мақсатта жиі-жиі рейдтік шаралар ұйымдастырылып отырады. Нәтижесінде ағымдағы жылы 27 кемшілік анықталып шара көрілді, – деді қала әкімдігі жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы А.Оспан.
Бөлім басшысының баяндамасын мұқият тыңдаған кеңес мүшелері халық көкейіндегі сауалдарға жауаптарын алды. Атап айтсақ, кеңес төрағасы М.Атанбаев кеңеске тұрғындар тарапынан жолданған хатпен таныстырды. Онда хат иелері 2А қоғамдық көлігін Сегіз сері көшесімен жүргізуді жүргізуін өтінген. Сол маңайға баратын 6-2А қоғамдық көліктері алысқа тоқтайтынын алға тартып отыр. Бұл бойынша А.Оспан тұрғындармен тілдесіп тасымалдаушы мекемемен бірге зерделеу жұмыстарын жүргізетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, қоғамдық кеңес мүшелері М.Джумадуллаев пен Б.Мусабеков жасалған жұмыстың сапасына мән беруге шақырып өз ұсыныстарын білдірді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға бағытталған іс-шаралар мен оның нәтижелігі туралы Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Т.Қыдырбаев баяндама жасады. Сонымен қатар, үшінші мәселе «Коммуналдық қалдықтардың жаңа нормалары мен тарифтерін бекіту туралы» шешім жобасы бойынша инфрақұрылым коммуникациялар бөлімінің сектор меңгерушісі М.Момбеков, төртінші мәселе «Түркістан қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі туралы» шешім жобасы бойынша Э.Бейсенова баяндамасымен таныстырды. Кеңес мүшелері өздерінің сауалдарын жолдап, ұсыныстарын жеткізді. Күн тәртібіндегі төрт мәселе бойынша шешім жобасы дауысқа салынып мақұлданды.