ТҰРҒЫНДАР ӘКІМГЕ АЛҒЫС АЙТТЫ
Үш ай бұрынғы кездесуде көтерілген 59 мәселенің 53-і шешімін тапқан
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қызметіне кіріскен кезде тұрғындарға ашық болу үшін және мәселелерді тез анықтап, оңтайлы шешім қабылдау үшін шаһарды секторларға бөліп, оның әрқайсысына жауапты өкілдерді бекіткен болатын. Қазіргі таңда Түркістан қаласы 6 секторға бөлінген. Оның әрқайсысында оннан астам қызметкер жұмыс жасайды.
Міне, осы бастаманың нәтижесін тақырыбымызға арқау етіп отырмыз. Себебі мемлекет басшысы әкімдердің халықпен жиі жүздесуін жүйелі жолға қоюды тапсырған еді. Сол міндетті орындау барысында Түркістан қаласының әкімі кезекті кездесулерін өткізуде.
Соның бірі әкімнің «Бекзат» секторындағы кездесуі тұрғындардың атқарылған жұмыстарға алғыс айтуымен басталды»,- деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Бекзат» секторында ақпан және наурыз айларында тұрғындармен кездесу барысында 59 мәселе көтерілген. Олардың 53 нақты орындалса, 6 мәселе тиісті бөлімдермен заң аясында орындалуы зерделенуде.
61,3 шақырымды құрайтын 40 көшеге жарықтандыру жүйесі жүргізіліп, көше жарықшамдары кезең-кезеңімен электр көзіне қосылуда.
Биыл Самал көшесі орташа жөндеуден өтеді. Жаров, Қазақбаев, Жәңгір хан көшелеріне жаяу жүргіншілерге арналған жол жүргізу жоспарланған. Қазіргі уақытта Жәңгір хан көшесі аяқжолмен қамтылып, қалған 2 көшеде құрылыс жұмыстары жалғасуда. 3,8 шқ құрайтын 4 көшеге тас төселді.
«Бекзат» аумағындағы тұрғын үйлерді сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету құрылыс жұмыстары 2022-2024 жылдарға жоспарланған.
Жангелдин көшесі аумағын электрмен қамтамасыз ету жобасы аяқталды. Ендігі кезекте абоненттерді қосу жүргізілуде.
Кездесу барысында тұрғындардың көтерген аурухана салу бойынша Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында облыста 10 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қарастырылған, оның ішінде 7-і Түркістанда салынатыны айтылды.
Кездесу барысында көтерілген мәселелер алдағы уақытта жоспарға енгізіліп, тиісті шаралар қабылданатыны сөз болды.
«Бекзат» тұрғын алабында тұрғындармен кездесуден соң қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады.
Қабылдау барысында жұмысқа орналасу, қоғамдық көлік, тазалық, баспана кезектілігі жөнінде ұсыныстармен қатар әлеуметтік көмек жөнінде өтініштер айтылды.
Айтылған өтініш-тілектер зерделеніп, заңға сәйкес жоспарланып, жүйелі жүзеге асатыны түсіндірілді. Сонымен қатар, кей сауалдар бойынша құқықтық кеңес берілді.