Тұтынушы мүддесін кім қорғайды?

0
124

Елімізде кәсіпкерлердің қызметі мен құқықтары, олардың жұмыс жүргізу тәртібі және нарыққа өз өнімін шығарып сату жұмыстары жүйелі түрде қадағалауда десек те болады. Себебі, шағын және орта бизнесті дамыту айналып келгенде ел экономикасын дамыту болып есептеледі. Осы орайда кәсіпкерлердің өздері де халыққа ұсынып отырған өнімдеріне жауапты екендіктерін түсінулері қажет. Ал, сол өнімдерді күнделікті тұрмыста тұтынатын тұтынушылардың құқықтары көп жағдайда ескерілмей, өрескел бұзылып жатады. Олай дейтініміз – тұтынушылардың алған өніміне байланысты көңіл толмаушылығы тауардың стандартқа сай келмеуі салдарынан болатыны белгілі. Мұндай кезде олар өз құқығын талап етсе, базбіреулері өз құқықтарын білмей, жабулы қазан жабулы күйінде қала береді.

Осы аталған мәселелерді ретке келтіру мақсатында Үкімет басшысы Асқар Мамин Сауда және интеграция министрлігіне тұтынушы мүддесін қорғау жөнінде бірқатар тапсырма берді. Үкімет отырысында Премьер-министрден пәрмен алған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елімізде тұтынушы құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңес құрылатынын жеткізді. Сондай-ақ, министрдің мәліметіне сүйенер болсақ, Қазақстандағы тұтынушылар саны 18,7 миллион адамды құраса, олар күн сайын 6 миллионнан аса тауарлар мен қызметтерді сатып алу транзакцияларын жүзеге асырады. 2020 жылы қазақстандық тұтынушылар бөлшек сауда желісі арқылы 6,8 трлн. теңгеге тауар сатып алып, 4 трлн. теңгеге қызмет алған. Тұтынушылардың тұтынып отырған сауданың негізгі үлесіне тамақ өнімдері, дәрі-дәрмек, тұрмыстық заттар, жылжымалы және жылжымайтын мүлік операциялары мен демалыс қызметтері кіреді.

Елімізде тұтынушы құқығын қорғау саласында 65 қоғамдық ұйым жұмыс істеуде десек, алдағы уақытта министрлік үкіметтік емес ұйымдарды ірілендіре отырып, салалық негізде нығайту арқылы мемлекеттік органмен толық ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, «ҚР Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» Заңының І-тарауы, 16-1 тармағында көрсетілгендей, тұтынушы құқығын қорғау жөнінде ведомствоаралық кеңес құрылып, ол алдағы уақытта әлемнің дамыған Германия, Сингапур, Жапония секілді елдерінің озық тәжірибелеріне сүйене отырып жұмыс істейді. Бұл арқылы мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижелері талқыланып, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шешімдер қабылданатын болады. Кеңес қоғамдық ұйымдардың жауапкершілігін арттыра отырып, тұтынушының мәдениетін, тұтынатын тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ, кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестік дамып, сапалы өнімді ұсыну жобалары тиімді жұмыс атқармақ. Бұл жерде тек азық-түлік саласы ғана емес, кез келген бағыттағы тұтынушының сұранысына ие қызметтер кіреді. Мәселен, біздің елімізге көбінесе өнім сырттан келеді. Шетелдерден тасымалданатын импорттық тауарларға тұтынушының шұқшиып қарайтын тұстары да баршылық. Олар: өнімнің шығарылған күні, жасап шығарушы шетелдік фирманың аты, сертификат нөмірі және лицензиясы, жарамдылық мерзімі мен қоспасы, штрих кодтары, кедендік одақтың бекітілген мөрі болуы тиіс. Бұл жағдайларды ескерген тұтынушы толық сеніммен тауарды алуына құқылы. Алайда, күнделікті тұтынатын өнімді арзан бағада алған тұтынушы тауардың жарамдылық мерзімі мен шыққан күніне назар аударуы тиіс. Себебі, кей кездері алған өнім үйге жете салысымен көңілдегідей болмай шығады. Алған өнімнің бағасы қымбат емес, арзан болғандықтан тұтынушылар көп жағдайда өз құқығын даулауға бара бермейді. Ал, кейбір тұтынушылар алынған тауарға байланысты чекті сақтау арқылы өнімді айырбастап жатады. Осы орайда кез келген тұтынушы тауардың сертификатын, тасымалмен айналысатын фирмасын білуге, берілген чектер мен квитанцияларды сақтауы тиіс және де бұл арқылы көптеген олқылықтардың алдын алуға болады.

Тұтынушы тарапынан қоғамдық ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдарға, сотқа шағымданушылар қарасы да көп. Кейбіреулері елімізде қарқынды дамып келе жатқан қызмет түрі – медиацияға жүгінеді, яғни дау үшінші тараптың қатысуымен шешіліп жатады. Алайда, жаңадан құрылатын ведомствоаралық кеңес бұл қателіктердің алдын алып, мемлекет тарапынан тұтынушының барлық мүддесі мен құқықтарын сақтауға басымдық бермек.

ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкіметте тұтынушылар құқығын қорғау бойынша жаңа бастамалар ұсынды. Соның бірі – тұтынушылардың барлық қоғамдық ұйымдарын біріктіретін өңірлерде кең таралған өкілдіктері бар Ұлттық тұтынушылар қауымдастығын құру мүмкіндігі қарастырылмақ. Бұл қызмет арқылы тұтынушылардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, бөлшек сауда, медициналық қызмет және көлік салаларында жылдан-жылға мазалап, қайталанатын сұрақтардың жауабы өз шешімін табады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, Бақыт Сұлтанов тұтынушылардың шағымын сотқа дейін жеткізбей шешудің 3 жолын ұсынды. Бұл ретте де Германия, Австрия, Жапония және Литва мемлекеттеріндегі тәжірибе көрсеткендей, «ақылды» басқару жүйесі жүзеге асырылып, ал, бұзылған құқықтарды қалпына келтірумен сотқа дейінгі реттеу институттары айналысады. Сол секілді Германия, Ресей және Литвада ведомствоаралық кеңестер қызмет атқарады, онда тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланатындығын атап өтіп, шағымдарды қарастырудың үш сатылы жүйесі енгізілгендігін жеткізді. Бізге сол үш бағыттың біріншісі, сатушы тұтынушының талабын «қазір және осында» қағидаты бойынша жүзеге асырса, екінші сатысындағы екі жақтың дауларын сотқа дейінгі реттеу бағыты жолға қойылатын болады. Сонда ғана кәсіпкер мен тұтынушы арасындағы дау шиеленіс тудырмай, сотқа жету қажеттілігін жоюға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, мұндай даулар Ұлттық тұтынушылық қауымдастығы арқылы шешілсе, мемлекеттік органдарға келіп түсетін шағымдардың азаюына сеп болар еді.

 

Leave a reply