ТӨЛЕБИДЕ ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ АРҚЫЛЫ ТАБИҒИ ШЫРЫН ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

0
68

Төлеби ауданында алма шырыны шығарылады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданына арнайы іссапармен барды. Облыс басшысы ауылшаруашылығы саласындағы шаруалардың жай-күйімен танысып, жүзеге асып жатқан жобалармен танысты. Кемеқалған ауылдық округі «Қазығұрт бақтары» өндірістік кооперативінің қарқынды алма бауында болды.

Тамшылатып суару жүйесі арқылы қарқынды алма бауын өсіру ісін қолға алған кәсіпкер иелігіндегі 138 гектар аумақтың 110 гектарына 300 мыңға жуық көшет егілген. «Гренни Смит», «Айдаред», «Голден делишес», «Гала» сортты алмаларын еліміздің барлық өңірлерімен қатар, алыс-жақын шетелге экспорттайды. Сондай-ақ жеміс өнімдерін сақтайтын 500 тонналық қойма құрылысын өз қаржысы есебінен аяқтап, жеміс тосаптарын дайындайтын цех салған. Кәсіпкер алма өнімдерінен табиғи шырын дайындайтын цехты іске қосуды жоспарлап отыр.

Облыстың климаттық тиімділігін пайдалана отырып, озық жаңа тәсілдер енгізілуде. Атап айтқанда, қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Қазіргі уақытта, облыстағы қарқынды баулардың көлемі 5,8 мың гектарға жетті. Бұрын, дәстүрлі баулардан гектарына 60-70 центнерден өнім алынатын болатын. Қарқынды баулардан өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналуда.

Бұған дейін төлебиліктер құлпынай шаруашылығын дамытып бастаған. Төлеби ауданына қарасты Тасарық ауылдық округі Оңтүстік елді мекенінің тұрғыны Шонов Қалмахан өзінің үй іргелік 0,80 га жеріне тамшылатып суару жүйесін енгізе отырып, құлпынай өсіруде.

Дәмімен ғана емес, денсаулыққа тигізер пайдасымен үлкеннің де кішінің де сүйікті жидегіне айналған құлпынайға деген сұраныс төмендеген емес. Құлпынай көшеттерінің «Виктория», «Черный принц», «Клер» сортын арнайы жабынды астында егіп, құрғашылықтан сақтау үшін тұрақты түрде суарылып отырады. Су шығынын үнемдеу үшін тамшылатып суару жүйесі қолданылған. Бұл әдістің тиімділігі сол, өсімдік уақытылы суарылады әрі тіршілік нәрі әрбір көшеттің тамырына дейін барады. Ешқандай химиялық тыңайтқышсыз, табиғи жолмен өсіріліп, піскен құлпынайды теру жұмысы жүргізілуде. Шаруа күніне 350-500 кг дейін құлпынай жинап, тәтті жидек теру ісіне ауыл тұрғындары көмек беріп, 6 адам жұмыспен қамтылып, өнімді сауда орындарына жеткізуде.

Leave a reply