ТӨЛЕБИ АУДАНЫНА ҚАРАСТЫ БАРЛЫҚ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕ СЕНБІЛІК ЖҰМЫСТАРЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
“Таза Қазақстан” республикалық экологиялық науқаны аясында Төлеби ауданы аумағында тазалық шаралары жалғасын табуда. Ауданға қарасты 1 қала, 12 ауылдық округтегі елді мекендерде жол бойы мен халық көп шоғырланатын орындарда сенбілік өтті. Шара барысында аялдамалар сырланып, қураған шөптер орылды. Сондай-ақ, егілген көшеттерге күтіп баптау жұмыстары жалғасын тауып, жол бойы жабайы шөп пен тікендерден тазаланды. Барлық елді мекен мен көше атауларының жазбаларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Аудан тұрғындары әрбір сенбілікте белсенділік танытып, көпшілікті тазалықты сақтауға шақыруда.
Экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға бағытталған іс-шара ауданның 55 елді мекен, 500-ден астам көшелерінде ұйымдастырылды. Жалпы аудандық тазалық шарасына 1000-ға жуық тұрғын қатысты. Өз ауласынан бастап, тұрғын үй аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартқан аудан халқы көше бойын, жол жиегін, арық-атыздарды ретсіз шашылған қоқыстардан арылтты. Қураған ағаш бұтақтарын кесіп, жол жиегіндегі шөптерді орды. Сенбілік жұмысына тұрғындармен бірге аудандық мәслихат депутаттары да атсалысты. Халық қалаулылары халықпен тілдесіп, қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық акцияны қолдауға шақырды.
Сондай-ақ аудандық полиция бөлімімен бірлесе отырып, «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 434-2-бабы «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау», және 505 бап «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» фактілеріне сәйкес хаттама толтырылып, айыппұл салынды.